«ОТБАСЫ ТАТУ БОЛСА, МЕМЛЕКЕТІМІЗ БЕРІК БОЛАДЫ…»

Республикалық «Мерейлі отбасы-2014» конкурсына қатысқан жерлестеріміз Бешімовтер отбасы елге оралды. Сенбі күні «Атырау» халықаралық әуежайынан үлгілі отбасын қарсы алып, Елбасымен кездесуден алған әсерлерін білдік. 

Бешімовтер әулеті мұнай саласында 80 жылдан астам уақыт қызмет етіп, еліміздің экономикасының артуына сүбелі үлестерін қосып келеді. Бешім ата – 1926 жылы қазіргі Жылыой ауданындағы Қосшағыл елді мекенінде алғаш рет мұнай тапқан адам. Бұл жағдайдан хабар алған геологтар сол жерден Қосшағыл кен орнын ашып, содан Бешім Қызылбасовтың еңбек жолы басталды. Оның ұлы Ердәулет Ұлы Отан соғысы жылдарында бұрғылаушы, кейін мұнай өндіру операторы, шебері қызметтерін атқарған. Ал, оның ісін ұлы – Наурызғали Бешімов 47 жыл бойы абыроймен жалғастырды. Содан бері Бешімовтер ұрпағы өз өмірлерін «қара алтын» өндіру саласымен байланыстырып келеді. Қазіргі таңда Қосшағыл елді мекенінде мұнай өндіру әлі де жалғасуда.

Аймақтың үлгілі отбасының үшінші ұрпағы Наурызғали ата бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, құрметті мұнайшы атанып отыр. Жұбайы Қалыш Мирмановамен бірге екі ұл және екі қыз тәрбиелеп, қазір он немересінің қызығына бөленуде. Айта кетсек, үлкен ұлы – Сатыбалды Құлсарыдағы мұнай дайындау және айдау цехын басқарса, екінші ұлы Асылбек – Құлсары мұнай құбырлары басқармасының басшысы лауазымында. Қыздары мен келіндері және немерелері де осы салада маңдай терлерін төгуде.   Бұл отбасы облыстық «Мерейлі отбасы-2014» байқауында жеңімпаз болған еді.                Астанадағы салтанатты шараға Наурызғали ата денсаулығының сыр беруіне байланысты бара алмаған.

– Бұл – біз үшін байқау емес, үлкен мереке. Елбасы отбасы құндылығы туралы көптеген ұлағатты сөздер айтты. «Отан – отбасынан басталады» демекші, ең бірінші,отбасының бірлігі, тату-тәттілігіне үлкен көңіл бөлінді. Егер әр отбасында бірлік пен ынтымақ болса, мемлекетіміз де берік болады. Сондықтан, ата-бабаларымыз бізді ынтымақ пен бірлікте өмір сүруге тәрбиеледі. Біз үшін осындай шараға қатысу, Ұлт Көшбасшысымен жүздесу кезінде кеудемізді үлкен мақтаныш сезімі кернеді, – дейді Асылбек Бешімов.

Қалыш әже де Елордадан алған әсерін, Отанды сүю үйдегі тәрбиеден басталатынын айтты.

– Әр өңірден келген үлгілі отбасыларды Елбасы өзі қабылдап, жастарға ұлағат боларлық сөздерін арнады. Өте қуаныштымыз. Бұл шараға отбасының ақсақалы бара алмады. Президентке оның сәлемін жеткіздім, – дейді Қалыш әже.   

Елбасының сыйға тартқан «Нива» автокөлігін шаңырақтың үлкен ұлы Сатыбалды Бешімов өзі жүргізетін болады. Сондықтан, темір тұлпарды Атырауға өзі айдап келмекші.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз