«ОТАН ҚОРҒАУҒА ДАЙЫНБЫЗ!»

Дүйсенбі күні Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ғимаратында облыстық шақыру комиссиясының отырысы өтті.

Әскерге шақырылушы индерлік Ералы Мұхамбетовтің жасы – 22-де. Жоғары білімді маман Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бітіріпті. Аудандық әскери комиссариаттың берген мінездемесіне қарағанда, тәрбиесі жақсы, мінезі көпке үлгілі, қоғамдық өмірге де белсенді қатысады.

 

– Отан алдындағы әскери борышын өтеуге Атырау облысынан осындай өнегелі, білімді адамдарды жіберіп отырмыз. Ендеше, болашақ сарбаздарға азаматтық міндеттеріңді абыроймен атқарып келіңдер деген тілек айтамыз. Ата-аналарың, бауырларың, жерлестерің сендердің әскерден аман-есен келулеріңді тағатсыздана күтеді, – деді облыс әкімінің орынбасары, облыстық әскерге шақыру комиссияның төрағасы Шыңғыс Мұқан.

Облыстық әскерге шақыру комиссиясы мүшелерінің құрамында дәрігерлер, теолог, полиция, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, ауған соғысы ардагерлер қоғамы, басқа да құрылымдардың өкілдері бар. Олардың өз салалары бойынша әскерге шақырылушыларға қоятын сұрақтары аз болмады. Ал, болашақ жауынгерлер оған нақты да толық жауап беруге ұмтылды.

– Тиісті заңдылыққа сәйкес, елімізде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Соған орай жергілікті жерде ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы құрылған медициналық комиссияның шешімімен жастар мемлекетіміздің Қарулы күштерінің қатарына қабылдануда. Бүгінде жан-жақты әрі терең сараптамадан өткен 700 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды, – деді Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Руслан Ниеталиев.

Отар қаласындағы №24450 әскери бөлімге бұл жолы біздің облыстан 50 жас аттанды. Соның 18-і – Атырау қаласының тұрғыны. Әскери командаға қабылдап алушы офицерлер жерлестеріміздің «саулығы жақсы, Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге толық  дайын» деген баға берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз