ӨРІМТАЛДЫҢ ӨЗ «ӨРКЕНІ»

Құлсары қаласының «Автожолшылар» мөлтекауданынан жаңа балабақша пайдалануға берілді. Ол «Өркен» деп аталады.

Бірден айта кетелік, заманауи үлгіде бой көтерген, 200 тәрбиеленушіге арналған мектепке дейінгі балалар мекемесі «Каспий құбыр консорциумы-Қазақстан» (КҚК-Қ) АҚ-ның демеушілігімен салынған. Жаңа нысанның тұсаукесер рәсіміне аудан әкімі Мақсым Ізбасов қатысып, компания ұжымына зор алғыс сезімін білдірді.

Одан соң  аудан әкімі Каспий құбыр консорциумының менеджері Мақсот Өтеповке акционерлік қоғамның бас директоры Николай Бруничтің атына жазылған Алғыс хат пен естелік сыйлығын тапсырды. Келесі құттықтау сөз кезегін демеуші компанияның өкілі мен мердігер кәсіпорынның директоры Нұролла Кәрімов еншілеп, жылы лебіздерімен бөлісті.

Көп кешікпей әсем де көрікті ғимараттың кіреберісіне керілген көгілдір лента да қиылды. Сол сәтте  құрылысшылар қолынан рәміздік кілтті қабылдап алған балабақша меңгерушісі Гүлнәр Құсайынова жиылған жұртшылықты қуанышпен құттықтады. Ауыл тұрғыны Жанар Сансызбайқызы ата-аналар атынан ел ағаларының қамқорлығы мен тамаша тартуына  алғысын білдірді.

 Жалпы ауданы 2004,7 шаршы метрлік балабақша аумағында көрнекті безендірілген ойын алаңқайлары орналастырылған. Сайып келгенде, осының бәрі  «Өркенде» сәбилердің алаңсыз тәрбиеленіп, өсуіне барлық жағдайлардың туғызылғандығын айғақтағандай.

Дәулетқали АРУЕВ,

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз