ӨРЕЛІ ҰРПАҚ – ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫНАН

 

 

 

 

Отбасы күні қарсаңында жұмыскерліктер үшін ерекше қуанышқа толы оқиға болып өтті. Поселке тұрғындарының көптен бергі тілегі орындалып, 280 бүлдіршінге арналған «Бәйтерек» балабақшасы есігін айқара ашты. Оның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен қала әкімі Нұрлыбек Ожаев қатысып, тұрғындармен қуанышты бірге бөлісті.

 

 Өткен жылы басталған екі қабатты бөбекжайдың құрылыс жұмыстарын жүргізген «Батыс Альянс строй» мекемесі нысанды белгіленген уақытында тапсырып отыр. Кең, жарық ғимараттың іші жайнап тұр. Балабақша қазіргі заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Байқағанымыздай, мұнда жас жеткіншектердің жеке тұлға ретінде қалыптасуына, рухани-танымдық тұрғыда тәрбие мен білім алуына толық жағдай жасалған. Бұған қоса, балабақшаның бір ерекшелігі сол, мұнда 1-2 жастағы балалардың да тәрбиеленуіне мүмкіндік бар.

 – Атырау облысында жыл аяғына дейін 280 орындық он балабақша ашу жоспарлануда. Соңғы екі жылдың ішінде 67 мектепке дейінгі ұйым ашылып, бес мыңға жуық баланы қамтыды. Алайда, жасыратыны жоқ, облыста балабақшаға қажеттілік әлі де басым. Қазір кезекте 18 мыңға жуық бүлдіршін тұр. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүруі тиіс, – деп, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы елді мекен тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл күні айтылған алғыстер легі мен құттықтау тілектер толастамады. Облыс және қала басшылығына тұрғындар атынан ардагер ұстаз Зоя Сәрсемәлиева мен балабақша тәрбиеленушісі Зарина Жакупова шексіз алғысын жаудырды. Ал, салтанатты лента қию құрметті рәсімі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен ардагер ұстаз, Атырау қаласының Құрметті азаматы Қадим Оңғарсыновқа берілді. 

Бүлдіршіндерге үш тілде білім беру үшін барлық жағдай қарастырылған. Балабақшаны аралау кезінде облыс басшылары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылғанына көз жеткізді. Асхана, ойын залы, жатын бөлмесі және тағы басқалары соңғы үлгіде жасақталған. Балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің осындай тамаша сыйлық жасаған ағаларымен үш тілде амандасқаны облыс-қала басшыларын ерекше қуантты.

Бұған дейін Жұмыскер поселкесінде бір ғана «Таңшолпан» балабақшасы жеткіншектерді тәрбиелеп келген еді. Қалалық білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, мектепке дейінгі бұл мекеме балабақшаға деген сұранысты толық өтей алмай келген еді. Нақтырақ айтсақ, қазірге дейін Жұмыскер-1 елді мекенінде балабақша кезегіне тұрғандар саны бес жүзден асқан еді.

Салтанатты шараға жиналғандар «жаңа балабақшаның іші балғындардың шат күлкісіне толсын, оның қызметкерлеріне еліміздің болашақ өрендерін тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз өнегелі де өрелі болсын» деген тілекпен тарқасты.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

 

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз