«Оралман» сөзінен арылсақ қайтеді?

Жақында «Атырау» газеті «Атажұртты аңсағандар» тақырыбымен мақала жариялады.

Автор Баян Жанұзақова «Нұрлы көш» бағдарламасының маңызына тоқтала келе, «ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл бағдарлама – бір замандары қыспаққа ұшырап, босып кетуге мәжбүр болған қандастарымыздың алдында тарихи әділеттіліктің орнауына мүмкіндік берді. Екіншіден, еліміздегі демографиялық ахуалдың жақсаруына, бизнеске қолдау көрсету арқылы көптеген әлеуметтік проблемалардың да шешілуіне оң ықпал етті» деп келтіріпті. Одан әрі сала мамандарымен бірге, «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құдабай Қаржауовтың пікірін де берген. Мақала салмағы, мазмұны жағынан өзіндік жүгін көтереді. Бірақ, мақалада «оралман» сөзінің жазылуы көңілге кірбің салды. Осы «оралман» сөзінен арылып, оны «қандастар», «бауырлар» ұғымымен біржола алмастырсақ қайтеді? Себебі, олар әлемнің қай шетінен келсе де бір кездері көштен ажырап қалған өз бауырымыз емес пе?!

Гүлнұр ЕЛЕМЕСОВА,

Құрманғазы ауданы.

Өзге елде сұлтан болғанша…

«Атажұртты аңсағандар немесе «Нұрлы көш» бағдарламасының  мәні недетақырыбымен жарияланған мақала кәдімгідей ой тастады.

Қазір, әсіресе, жастар арасында шет елдегі өмірге қызығушылық, еліктеу жағы басым. Осындайда,«өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» сөзінің мәні жойылып  бара жатқандай көрінеді.

Рас, «Нұрлы көштің» ең алдымен, тарихи әділеттіліктің орнауына ықпал еткені, елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына, ұлттық тұрғыда тұтастықтың қалыптасуына жол ашқаны мақалада жақсы көрсетілген. Алдағы уақытта сол шеттен оралған қандастарымыздың өздерімен тікелей сұхбаттар жарияланса, онда өзге жер мен өз елімізде өмір сүрудің арасындағы айырмашылық жағы көбірек айтылса деймін.

Әнес ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ,

зейнеткер,

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз