
Онлайн саудада жаңа ереже енгізілді
Қазақстанда шетелдік маркетплейстерден (АҚШ, Қытай, Еуропа және өзге де елдерден) тауар сатып алу тәртібі өзгерді.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, енді шетелдік онлайн-дүкендерден 200 еуродан жоғары сомаға тапсырыс берген азаматтар 5 пайыз мөлшерінде кедендік баж салығын төлейтін болады. Бұған дейін бұл сомаға дейінгі сатып алулар бажсыз рәсімделетін.
Маңызды жаңалықтардың бірі – бұдан былай тапсырыс берілетін тауардың салмағына шектеу қойылмайды.
Сонымен қатар, 12 пайыз көлеміндегі қосылған құн салығы (ҚҚС) да енгізіледі. Алайда бұл төлемді сатып алушы емес, маркетплейстің өзі төлейді.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс қазақстандық тұтынушылардың басым бөлігіне әсер етпейді. Себебі ел азаматтарының шамамен 90 пайызы 200 еуродан аспайтын тапсырыстарды орындайды.
Жаңа ереже тек шетелдік онлайн-платформаларға қатысты. Ал Ozon, Wildberries сияқты Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағындағы маркетплейстерге бұл талаптар қолданылмайды.
Жаңа тәртіп барлық ЕАЭО елдері ратификациялағаннан кейін ресми түрде күшіне енеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

