Өнер дарыған әулет

Отбасы институтын қалыптастырып, атааналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру бүгінде басты міндетке айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Қызылқоға ауданы, Көздіқара ауылындағы Қарабалиндерот басы көпке үлгі болып келеді.

Олар өнер жолында еселі еңбек етіп, аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Қарабалиндер отбасы дегенде, алдымен ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Қарабалин мен аудандағы «Самал» мәдениет үйі жанындағы драма ұжымының режиссері Алмас-Болат Қарабалиннің еске оралатыны бар.

Ал, осындай ардақты азаматтарды тәрбиелеп өсірген Махмет ақсақал мен Ағипа ананы бір шаңырақ астында төрт буын өкілінің басын қосып, жапырағын жайған бәйтерек дерсің. Бүгінде бес ұл, бес қыз тәрбиелеп, 38 немере мен 20 шөбере сүйіп отырған 85 жастағы ардақты ата мен әженің айтары мол.

– Әкем Қарабаланың  кіндігінен жалғыз ұл едім. 1930 жылдары ұжымдастыру кезінде «Еңбек» ұжымшары құрылды. Сабақтан кейін үлкендерге қол-ғабыс болу балаларға міндеттелді. Ел ішінде жағдай ауыр болды. Азық-түлік болмады, аштық жайлады.  Сөйтіп, тіршілік қамымен жүргенімізде Ұлы Отан соғысы басталды. Ағаларымыз қолдарына қару алып, майданға аттанды. Әкемді жасы үлкейгендіктен соғысқа жібермей, тылдағы қарттарға, аналарымыз бен әпкелерімізге, жас балаларға қамқор болып, әрі ауылдағы ауыр еңбекті қажет ететін жұмысқа басшылық жасауға қалдырды. Бізді жасымыз жетпегендіктен соғысқа алмады. Алайда, ересектермен қатар еңбек етіп, егін егіп, пішен шаптық, мал бағып, көктемде жер жыртуға, тұқым себуге қатынастық, мал төлдету жұмыстарына белсене араластық. Күн сайын  майданнан келетін «қара қағаздар» бала болсақ та, біздің сай-сүйегімізді сырқырататын, – деп еске алды Махмет атамыз.

Кейіпкеріміз 9-сыныпты аяқтаған соң ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, зоотехник мамандығын алады. Сөйтіп, осы салада 1990 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Еңбегі елеусіз қалмады. Көптеген медальдармен марапатталды. Зайыбы Ағипамен 1953 жылы бас қосты. 60 жылдан аса жұптары жазылмаған олар гауһар тойларын да ескерусіз қалдырмады.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Қарабалин Махмет ақсақалдың тұла бойы тұңғышы. Қазіргі таңда, алпыс жастан асқан ол Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актер-режиссері, Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің мұғалімі. Бұдан кейінгі қыздары Нұрсұлу мен Гүлбаршын – «Күміс алқа» иегері, Дина – педогог-психолог, Баян мен Гүлсім – дәрігер, ұлдары Жолдас – жеке кәсіпкер, Ерболат – мұғалім, Жанболат мұнайшы мамандығын игерген. 

Ал, Қарабалиндер отбасының ұйытқысы болып отырған Алмас-Болат «Самал» мәдениет үйі жанындағы драма ұжымының режиссері, республикалық өнер бәйгелерінің лауреаты. Оның отбасылық ұжымы 2008 жылы «Халықтық» атаққа ие болды. Бүгінде, өмірлік серігі Қымбат аталмыш отбасылық ұжымның режиссері болса, Ғазиза, Бекет есімді ұл-қыздары да өнер жолына бет бұрды. Үлкен ұлы Есет Қоныстану балалар өнер мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болса, келіні Самал қобыз сыныбында өнерлі балаларды тәрбиелеуде. Олар аудан, облыс, республикада бірнеше өнер додаларының лауреаттары атанды.

Әулеттегі Сағызбайдан бастап бұл отбасы өнер жолында біраз жетістікке жетті. Әсет Қарабалин қазақстандық эстрада жұлдыздарының бірі, «Заман» тобының әншісі. Мұның барлығы олардың ата-аналарынан алған тәлімді тәрбиенің жемісі деп білеміз. Қарабалиндер жанұясы өткен жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде үшінші орынды иеленді. Бұл – татулықтың үлгісін көрсеткендері үшін халықтың берген шынайы бағасы.

 

Бауыржан СИСЕНОВ.

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз