ӨНДІРІСТІ АЙМАҚТЫҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙДІ

Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Мақат ауданының әкімі Ерболат Умаровтың жергілікті халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда, былтырғы өндіріс өнімінің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеп отыр. Баяндамашы мұның басты себебін жылдан-жылға теміржол тасымалының төмендеуімен, «Доссормұнайгаз» мұнай өндіру басқармасына қатысты кен өндіру орындарынан өндірілетін «қара майдың» азаюы салдарымен байланыстырды. Соған қарамастан, аудандық бюджетке түсетін түсім көлемі артып, жоспар 108 пайызға орындалды. Жыл ішінде жаңа сауда үйі, азық-түлік дүкендері, жазғы асхана мен монша, көлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталықтары тұрғындар игілігіне берілген. Ал, осыдан екі жыл бұрын Ескене стансасынан үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобасы аясында құрылысы басталған «Ескене вагондарға қызмет көрсету орталығы»  (құны – 70,0 млн. АҚШ доллары) биыл іске қосылуға тиіс болатын. Күні бүгінде жобаның негізгі құралдарын алуға Украинаның компанияларымен келісім жасақталғанмен, сол елдегі ахуалға байланысты кедергілер туындап жатқан көрінеді.

Аудан табиғаты мүйізді ірі қара малын бағуға қолайсыз болғандықтан, алдыңғы жылмен салыстырғанда ол 8,2 пайызға азайып, қой ешкі, жылқы малы 11,4 пайызға көбейген.

Өндірісті ауданға өткен жылы тәжірбиелі үш  дәрігер маман келіп жұмысқа орналасып, олардың үшеуі де тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Аудандық аурухана ғимаратына 37 млн. 619 мың  теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда толық көлемде аяқталып, іске қосылды.

Ауданға қарасты ауылдық округтерінің бірінде балабақшаға сұранысты өтеу, сондай-ақ мектептің бос орнын тиімді пайдалану мақсатында «мектеп-балабақша кешеніне» айналдыру тәжірибесі қолданысқа енгізілген. Сөйтіп, Бәйгетөбе ауылындағы 424 орындық  орта мектептің бос орны ауылдық округте балабақша болмауына байланысты, қосымша 100 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтыған.

Бұдан бөлек, Доссор поселкеcіндегі кәріз су жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, демеушілік көмекпен Мақат кентіндегі 11 көп қабатты және Доссор кентіндегі екі көп қабатты тұрғын үйдің төбе шатырларына  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мақат кентіндегі сегіз көп қабатты тұрғын үйдің жер төлелері күрделі жөндеуден өтті.

Жасалынған жұмыстармен қатар, биылғы жылдың еншісіндегі жобалар да аз емес. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту үшін бұрынғы Комсомол, Бек-бике елді мекендерінің теміржол маңынан «Бәйтерек» стансасының құрылысын және «Ресурс Петролеум» ЖШС мұнай қалдықтарын жинап, қайта өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Доссор кентінде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген жер учаскелеріне инфрақұрылымдарын дамыту мақсатында қажетті инфрақұрылым (тоқ және газ желілері) қолға алынуы қажет. Ерболат Умаров ауданда тұрғын үй салу және Доссор кентінен 300 орындық О.Сарғұнанов мектебінің құрылысын салу үшін бюджеттен қаржы бөлу керектігіне тоқталды.

Жұртшылық атынан пікірін білдірген Бәйгетөбе ауылының тұрғыны, ардагер Диас Мәженов ауылда кент әкімі мен учаскелік полиция отыратын ғимарат қажет екендігін айтты. Сондай-ақ, ауылда кітап қоры болғанымен, кітапхана жоқ екенін қаперге берді.

Доссор кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Елемес Үмбетаев аудан орталығында берілетін газ қысымының төмен екенін, қыс кезінде үйді жылытпайтынына қынжылысын білдірді.

Аудан жастары атынан сөз алған «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Тұрар Дүйісов Мақатта да «жастар ресурстық орталығының» құрылғанын атап өтіп, енді қоғамдық шаралардың барлығына да жас буын өкілдері қатысатынын жақсылыққа балады.

Облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Аян Дүйсенбаев Мақатта қоғамдық тәртіп жағдайы жақсарып келетінін айтып өтті. Республика бойынша ауыр қылмыстың ашылуынан облысымыз 95 пайызбен бірінші орынға шыққан.

Жиынды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қорытып, О.Сарғұнанов мектебін салу үшін қаражат бөлініп, наурыз айында құрылысы басталатынын жеткізді. Сондай-ақ,  ПМС елді мекенін газдандыру мақсатында жобаның сметалық құжаттары жасақталғандығын, ағымдағы жылдың қазан айында тұрғындар «көгілдір отынның» қызығын көретінін айтты. Ал, республикалық маңызы бар Мақат-Доссор тас жолының құрылысы биыл бастауын алады. Бәйгетөбе ауылдық округінің автокөлік жолы күрделі жөндеуден өтіп, биыл пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, селоішілік, жаяу жүргіншілер жолдарын салу жайы біртіндеп шешімін табады.

Аймақ  басшысының  тапсырмалары:

Аудан орталығында жеке кәсіпкер иелігіндегі көп жылдан бері пайдаланылмай тұрған ет өңдейтін кешен бар. Аудан әкімдігі осы жобаны жүзеге асыруға көмектесуі қажет.

Аудан тұрғындары «Сыбаға» және «Алтын асық» несиелеу бағдарламасына қатыспай отыр. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет;

Ауданда көгілдір отын, басқа да инфрақұрылым жүйелерінің дамығандығын пайдаланып, жылыжай салуды қолға алу керек;

Мақат ауданында индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асып жатқан бірде-бір инвестициялық жоба жоқ. Бұл бағытта аудан басшысы белсенділік танытып, қарқынды жұмыс атқаруы керек;

Ауыл кәсіпкерлері арасында түсінік, насихат жұмыстарын жүргізіп, қарқынды жұмыстар атқару қажет;

Білім сапасында жіберілген кемшіліктерді жоюдың кешенді шаралары алынсын;

Аудандардың ішінде тек Мақатта ғана жалғыз жекеменшік балабақша бар. Құптарлық іс. Жеке балабақшалардың санын көбейту керек;

Қазіргі уақытта ауданда бес дәрігер (1 ЖТД, 1 педиатр, 1 терапевт, 1 хирург, 1 акушер гинеколог) жетіспейді. Бұл бағыттағы жұмыстар баяу, дәрігерлерді шақыру, жұмысқа тарту шаралары жандандырылсын;

Аудан бойынша жер инспекциясымен бірлесе отырып, осы кезеңге игерілмеген жеке тұрғын үй және коммерциялық мақсаттағы жер учаскесін қайтару шаралары алынсын;

«ЦВС Ескене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің вагондық сервис орталығының құрылысы жобасын уақытында іске қосу шаралары алынсын;

Мақат ауданында 29 көп пәтерлі тұрғын үй жөндеуді қажет етеді. Бүгінде тек бір үйге Терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттар жасақталған. Аудан әкіміне осы дайындық шараларын аяғына дейін жеткізуді тапсырамын.

2014 жылдың қорытындылары:

шағын және орта бизнес

1 мың 503 шағын бизнес субъектілерінде барлығы 892 адам жұмыс жасайды. Өсім – 106,5 пайыз.

Шағын және орта бизнес бойынша көрсетілген қызмет 5 млрд. 970 млн. 587 мың теңгені құрады. Өсім – 120,1 пайыз. 9 жаңа шағын бизнес нысандары ашылды.

денсаулық сақтау және білім беру

727 сәби дүниеге келіп, ана өліміне жол берілген жоқ. Ауданға 2 реанимобиль автокөліктері алынып, олар Мақат және Доссор жедел жәрдем бөлімшелеріне берілді.

Биылғы оқу жылында 11-сыныпты 236 оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде 6 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

Әлеумет

1086 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 782-і қоғамдық жұмысқа тартылды. 503 адам әртүрлі мекемелерге тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Аудандағы мекемелерден 2805 адамға 21 млн. 387 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.

Айбөпе САБЫРОВА, Гүлзада САЛИКОВА. Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз