ӨМІР КҮЙІН ШЕРТКЕН ЖҮРЕК

...Ол кезде мен Жылыой ауданындағы қазір жұрты ғана жатқан ескі Қаратон мұнайшылар кентінде шыбықты тай қып мініп шапқылап жүрген ойын баласымын. Теледидардың өзі әлі жете қоймаған, футбол матчтарын радиодан естіп, қиқуға қиқу қосып мәз болатын бізді қазіргінің баласындай ұялы телефон мен ғаламтордың қызығы мен шыжығы жауламаған кез. Сол кездегі жұтар саф ауамыздай жан-дүниеміз де тұп-тұнық еді-ау.  Сөйтсек те, білуге, үйренуге деген құштарлық керемет болатын. 

(Эссе)

Ауылдағы жалғыз Н.Крупская атындағы орта мектеп кенттің келесі бір шетінде орналасқан біздің үйден кәдімгідей алыс. Сонда да сақырлаған сары аяз бен омбы қарға қарамастан мектепке барамын деп құлақ пен қолды үсіріп алған кездерім аз болмады. Алайда, оқуға деген ынтызарлық бәрін де жеңіп, еш тауым қайтпағанына бүгінде немерем Асылхан дайын тұрған машинамен сабаққа бармай қалып жатқанын көргенде өзім де таңғаламын. Оның үстіне көппен бірге мектепке барып-келу бар да, ұстаздарыңнан алып жатқан дәрісіңді бойыңа сіңіріп, білген үстіне біле түсуге ұмтылу бар ғой. Осы тұрғыдан алғанда, өмір бойғы білім алу, іздену үрдісі сол шағын ғана туған ауылым – Қаратоннан басталғанын қазірде еріксіз мойындаймын.   

Үздік оқушыны мұғалімдер де жақсы көреді ғой. Менің сол мектептегі Нәзира Мұхтарова, Дүзел Жүнісова, Сара Таспанова, Рысқали Хамитов, Амангелді Бисенғожиев, Қанжан Жалмұқашева, Зеріп Сүлейменова, Сағида Кенжебаева, Көңілқос Елеусінов және басқа да асыл ұстаздарымның өзіме бөлекше бір ыстық ықыласпен қарағанын бүгінде жүрегім елжірей еске аламын, санамдағы сағым естеліктерді қайта жаңғырта сағынамын. Міне, тағдырым үшін табынумен өтетін қадірлі жанның бірі сол Н.Крупская атындағы орта мектептің директоры, әрі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазым Манап Ғалымов еді.

Біз – сол жетпісінші жылдардың өндірдей жауқазындары алдымызда бар болмысымен өнеге болып өріліп, тағылым болып төгіліп тұрған Манап ағадан өмірлік тәлім алдық.

«Таулардан өзен ағар сар-қыраған,

Айнадай сәуле беріп жар-қыраған,

Жел соқса, дауыл соқса бір қалыпты,

Аралап тау мен тасты арқыраған…» – деп гүрілдеген даусымен бүкіл аудиторияны баурап алатын оның сол бір асқақ бейнесі сол күйі көз алдымызда. Әдебиет алыптарының өмірі мен шығармашылығы хақында сыр толғағанда ол үнемі сол ақын-жазушылармен бір сәтке болса да жүздескен сәттерін әңгіме желісіне қосатын. Ондайда біздің аузымыз ашылып, «шіркін-ай, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің алдын көрген бұл қандай бақытты жан еді, біз де осындай болсақ қой…» деген балаң қиялдың теңізіне шоматынбыз.

Бірде Манап ағай Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы туралы арнайы сабақ өткізіп, ауылдан бір қадам ұзап шықпаған жиырма шақты көгенкөздің тосын бір жаңалықпен аузын аштырды.

– Балалар, сендер білесіңдер ме, осы романның кейіпкері біздің жерлесіміз Қайырғали Смағұлов екенін, – деді әрқайсысымыздың жүзімізге барлай қараған Манап ағай.

– Білеміз, білеміз, – деп қойша жамырадық бәріміз.

– Ал, оның қазір қайда тұратынын білесіңдер ме? – Мұғалімнің бұл сауалы жаңағы білгішсініп отырған баршамызды шынымен састырды. Бесінші сыныпта оқысақ та, шалғай ауылдағы біз көп ақпараттан кенже қалыппыз. Үніміз шықпай қалды. «Алматыда шығар…» деп күбірледік кейбіріміз, өйткені, біздің ойымызша ақын-жазушы, батыр дегендеріңіз астанада тұратындығы жазылмаған заңдылық іспетті.

Балалар, оқасы жоқ, білмегендеріңе ренжімеймін, бірақ, сендер газет-журналды көп оқып, күнделікті жаңалықтарды жібермей танысып отырсаңдар, бұлай болмас еді ғой, – деген Манап ағай аз-кем жөткірініп алып, маңызды жаңалығын жария етті. – Ендеше, біліп алыңдар, Кеңестер Одағының батыры Қайырғали Смағұлов осы өзіміздің облыстың орталығы – Гурьев қаласында тұрады!..

«Ғажап! Мұны білмегеніміз ұят екен…» – Басқа сыныптастарымды қайдам, сол сәтте өзімнің бетімнің оты шықты.

Ұстазымыздың өз ісіне шынайы берілгендігі соншалық, арада ай өтпей-ақ, облыс орталығына арнайы барып, Қайырғали батырды мектебімізге қонаққа шақырды. Қаратонның құстың құрқылтайындай әуежай-үйшігі қасынан мәртебелі мейманды кернейлетіп күтіп алып, мектепте қызықты кездесу өткіздік. Қаншама сұрақтарға жауап алып, өзіміз ән-күйден шашу шаштық. Тірі батырды көзімізбен көріп, ой-санамыз өсіп, рухымыз бір көтеріліп қалған шақ еді ол!..

Тағдыры адам санасына сәл нәрседен қозғау салып, күрт бетбұрыс жасайтыны рас қой. Сол естен кетпес оқиғадан кейін өз басым газет-журнал көрсем, оқуға деген құштарлығым арта берді. Ол кезде мұнайшылар баспасөзге көптеп жазылатын. Үйге әкем мен тәтемнің жаздырып алатын қырықтан астам газет-журналының ішінде не жоқ дейсің, шіркін! «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек»… «Известия», «Труд», «Огонек»… Енді бұлардың қатарына менің «Қазақстан пионерім» де тұрақты қосылды. Осылардың бәрін өремнің жеткенінше бас алмай оқитын «ауру» таптым.

Манап ағайдың тағы бір ерекше қасиеті – еркін тақырыпқа жиі шығарма жаздыратындығы. Газет-журналды, оған қоса әдеби кітаптарды (Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» бес қайтара оқығаным есімде) көп оқитын маған ұстаздың осы тапсырмасы қатты ұнайтын. Ерекше бір шабытпен еркін көсіліп, рахаттана жазамын. Сондай дәрістің бірінде:

– Исатай, сенің шығармаңа +5 қойып отырмын, – деді Манап ағай бүкіл сыныптың алдында. – Сенде жазушылық қабілет бар. Осы шығармаңды «Қазақстан пионері» газетінен жіберіп көрші…

– Жарайды, ағай…

Бұл жолғы шығармамның мазмұны түгелдей өз мектебіміздің тынысынан нақты мысалдармен жазылған еді. «Қазақстан пионері» газетінен мектеп өмірінен жазылған осы тектес мақалаларды оқып жүргенмін. Көп ойланбастан шығармамды әдемілеп қайта көшіріп, конвертке салып, Алматыға салдым да жібердім. Арада екі аптадай уақыт өтті. Газет келген сайын қарап қоямын.

Бір күні сабақтан үйге келсем, пошташы бір құшақ газетті  жаңа ғана әкеліп тұр екен. Жүрегім бірдеңені сезгендей дүрсілдеп ала жөнелді. «Қазақстан пионерін» қолыма алып, ішін ашып көргенше дегбірім кетіп барады. Түйсігім алдамапты. Газетті ашып қалсам, үшінші бетінде менің «Аз да болса…» деген тақырыппен шағын мақалам (ол кезде романға пара-пар ғой мен үшін!) жарияланыпты. Астында «Исатай Балмағамбетов, Н.Крупская атындағы орта мектептің оқушысы, Қаратон поселкесі, Ембі ауданы» деп тайға таңба басқандай баттита жазылған. Бұрын-соңды тасқа басылған аты-жөнімді көрмеген мен байғұстың бір сәт көзім қарауытып кетті. Содан көкірегімді мақтаныш кернеп, газетті үйдегілердің бәріне көрсетіп шықтым…

Ертеңіне елең-алаңнан келсем, мектеп іші гу-гу. Маған солай көрінді ме қайдам, жұрттың бәрінің аузында – менің газетке шыққан мақалам. Сабақ басталардан бұрын «директор шақырып жатыр» деген соң барсам, Манап ағайдың қолында да – «Қазақстан пионерінің» сол нөмірі.

– Жарайсың, Исатай батыр, міне, айтып едім ғой «жариялайды» деп, – деген ұстазым мәз-мәйрам. – Тырнақалдың құтты болсын. Енді жаза бер, тоқтама, сенен түбінде мықты журналист, жазушы шығады…

Мақтау сөзге көңілім алып-ұшып, жазуға деген құлшынысым одан әрі арта түсті. Алтыншы сыныпта оқитын ауыл баласы болашақта тап осы мамандықты ғұмырлық кәсібіне айналдырарын, осы жолда азды-көпті жетістіктерді еншілерін ол кезде қайдан білсін?! Әйтеуір, сол күннен бастап республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», аудандық «Ембі», облыстық «Коммунистік еңбек» газеттерін «бомбалауым» бір сәтке де толастамады. Арасында әдемі конвертке түйілген хаттар аламын, көбіне жазғандарым жарияланып жатты.

Әсіресе, «Қазақстан пионерінің» бетін бермеуге айналдым. Көп ұзамай осы газет редакциясы жариялаған «Жаз дәптері» конкурсында «Қорадағы костер» деген әңгімем бас жүлдені жеңіп алып, бүкілодақтық «Артек» лагеріне жолдамаға ие болдым. Қырымда демалып келген соң, Алматыда өткен жас тілшілердің республикалық семинар-кеңесіне шақырылдым. Сөйтіп, айналасы бір жылдың ішінде Қаратон ауылына дүрдей «жазушы бала» атанып шыға келдім.

Осының бәріне Манап ағайдың балаша қуан-ғаны, менің газетке шыққан  әр мақаламды сабақ үстінде сыныптастарыма көрсетіп, тіпті жекелеген тақырыптарды өткен кезде мысалға келтіріп отырғаны күні бүгінгідей көз алдымда. «Мұның бәрі оның  жан дүниесінің  рухани жағынан өте бай, таным көкжиегінің тереңдігінде жатқан екен-ау» деп ойлаймын. Өйткені, Манап Ғалымов – халқымыздың рухани мұрасының айрықша бір саласы – ән мен күйлерін, термелерін бізге аманат қылып жеткізе білген талант. Оның үстіне ол – Сүгірұлы Нәсихаттың туған жиені, сол атақты жыраудың ойлы термелерін зердесіне тоқып, өмір бойы жырлап өтті.

Оның өнердегі тынымсыз ізденісіне қазақтың әйгілі композиторы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық музыка академиясының профессоры Илья Жақанов та кезінде жылы лебізін білдірген. Манап ағай туралы жан-жүрегі егіле отырып, Илья ағам талай дастархан басында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрғанда маған да тебірене айтқан. «Манап – дүлдүл домбырашы Рысбай Ғабдиевтың туған балдызы еді ғой. Мен онымен тек қана бір рет 1986 жылы Алматыда кездесіп, әңгімелесіп едім. Содан-ақ көкірек көзі бай, тұла бойы өнер тұнған жан екендігін пайымдағанмын. Насихаттың терме-толғауларын толық алып қалған – осы Манап. Оның орындауындағы сол шығармалар бейне кассеталарға жазылып қалыпты. Ол дүниелер ұлы Нұрсипаттың үйінде сақтаулы көрінеді. Насихат та, Манап та тірі секілді. Көңілге бір жұбаныш осы…» деп күрсінген еді Ілағаң.

Мен бұл эссемде ұстазымның өзім жадымда сақтаған бейнесін жаңғыртуды ғана мақсат тұттым. Ал, оның білім беру саласынан басқа, аймақ мәдениетіне қосқан өрелі үлесі де өз алдына бөлек. Қаратон кентінде біздің үймен іргелес пәтерде атақты күйші-композитор Тоқсанбай Құлтумиев тұрды. Қабырғаның арғы жағынан төгіліп жататын күмбір күйді бала болсақ та тына қалып құмарта тыңдайтынбыз. Міне, аудандық мәдениет бөлімін басқарған кезінде Манап ағай Т.Құлтумиев атындағы халық аспаптар оркестрін құрып, өзі жетекшілік етіп, Алматы қаласына дейін апарып, өнерін бүкіл республикаға  танытты.                

– Оркестр әншілерінің орындауында Біржан салдың «Ләйлімі», Ақан серінің «Қараторғай», «Сырымбеті», «Балқадишасы», Естайдың «Қорланын», Абайдың «Қаламқас», «Көзімнің қарасын»… сондай-ақ, «Назқоңыр», «Қарғаш», «Дударай», «Маусымжан» әндеріне дейін шырқатты. Қайрат (Байбосынов – И.Б.) екеуміз таң-тамаша болып, сүйсіне тыңдадық. Олардан соң Манаптың өзі де маған беймәлім терме, толғауларды төгілтті, – деп еске алады Илья Жақанов.

Өзім білетін тағы бір дерек: Манап Ғалымовтың ізденгіштігінің жарқын көрінісі – оның күй атасы Құрманғазының «Аш бөрі» әнінің мәтіні мен музыкасын алғаш зерттеп, тауып, баспаға бергендігі. Мұны мен Алматыда кездескенде әйгілі композитор, домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың аузынан естіп едім. Ол да Манап аға туралы ыстық ықыласпен әңгіме қоз-ғаған болатын.

Бала күннен есімде қалғаны – Манап ағайдың өте мәдениетті, әрі тәртіпті сүйетіндігі. Содан да болар, ол кісінің жиі айтатын, үлгі тұтатын тұлғасы әйгілі чекист Феликс Эдмундович Дзержинский еді. Өзі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсе де, Феликс чекистің айтқандарын тағылым ретінде дәрістеріне ұдайы қосатын. Жақында жеке мұрағатымнан жетінші сыныптағы көне дәптерімді кездейсоқ тауып алып таң-тамаша қалдым. Сол уақыт табынан әбден сарғайған жұлым-жұлым дәптерде Феликс Дзержинскийдің өмір туралы мына бір толғанысы жазылыпты: «Мен нендей нәрсеге душар болсам да, қандай көңілсіз жағдайларды бастан кешірсем де, менің жан дүниемде налу деген болмайды. Тіпті, сағыныш күйі жаныма батқан күнде де мен жанымның ең терең түкпірінде тыныштықты, өмірге деген сүйіспеншілікті сақтаймын, өмірді, өзімді және басқаларды түсіне білемін. Мен өмір дегеніңізді шын мәнісінде сүйемін, оны нақты күйінде, мәңгі қозғалысында, жарастығында, адам айтқысыз қайшылықтары бар күйінде сүйемін. Менің көзім көре, құлағым есіте біледі, жан-дүнием сезінеді, жүрегім әлі суыған жоқ. Жүрегім өмір күйін шертеді…».

Бұдан дәл қырық жыл бұрын Манап ағай дәптерімізге жазғызған осы бір ой сілемдерінде қандай тұңғиық сыр жатыр десеңізші. Бәрінен де бұрын ұстазымның өзі тап осындай ғұмыр кешті, әрдайым жақсылыққа құштар болды, баршаға сәттілік тіледі, өмірді керемет сүйді. Осының бәрі ұстазымның тал бойынан өнер болып төгілді. Ал, өнер – мәңгілік, ол халықпен бірге жасай береді.         

Ертең, қазан айының 9-шы жұлдызында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында Қазақ КСР еңбегі сіңген мұғалімі, сазгер, термеші, ақын Манап Ғалымұлының рухына арналып «Құлсары оттары» атты облыстық эстрадалық ән фестивалі өтеді. Міне, өнердің өлмейтіндігінің айқын дәлелі бұл! Сол еске алу шарасына орай арнайы хабарласқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев:

– Адамның бастан кешкен ғұмыры жылжып өткен жылдармен емес, оның болашақ ұрпаққа қалдырған ізі, мұрасымен өлшенеді, Манап Ғалымұлының артында өнегелі ісі мен әншілік, термешілік мол мұрасы қалды. Әрине, аяулы ағаның орны ортамызда ойсырап тұр. Қоңыр күзде сағағынан үзілген сары жапырақтай ғибратты ғұмыр сапарын аяқтағанымен, келешекке сапар шегетін оның әсем қоңыр даусы мен өзі жинап-теріп, жаздырып кеткен бай мұрасы – біздің қолымызда. Олармен талай жаңа ұрпақ жүздесіп, алғыс сезіммен еске алатын болады. Нағыз бақыт деген осы, – деген еді.

Біз де осы парасатты пайымға бірауыздан қосыламыз. Сөз жоқ, ұстаз бейнесі алыстаған сайын тұлғалана түседі. Өйткені, өмір күйін шерткен жүрек әлі де үздіксіз соғып тұрғандай…

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның

Құрметті журналисі.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз