«Қолжетімді тұрғын үй – 2020»: БАҒДАРЛАМА БАЙЫБЫНА БОЙЛАҒАНДА

Кеше ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкіметтің онлайн режиміндегі кезекті селекторлық мәжілісі өтті. Оған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып отырды.
Мәжілісте «Қолжетімді тұрғын үй-2020» және құрылыс индустриясын дамыту бағдарламаларының 2013 жылдың бірінші жартысындағы орындалу барысы туралы» мәселе қаралды. Бұл жайында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Нокин баяндады.

Мәлімделгеніндей, ағымдағы жылы еліміз бойынша жалпы көлемі 6,6 млн.шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысын салу жоспарланған. Алғашқы жартыжылдықта оның 60 пайызға дейін орындалуы қамтамасыз етілген. Бір жылға бөлінген мақсатты трансферттердің сомасы 17,5 млрд.теңге болса, мұның да есепті мерзімге межеленгенінің 8,0 млрд. теңгесі немесе 96 пайызы игерілген. Бұдан бөлек, жыл ішінде жас отбасыларына арнап қаржылай құны 10,0 млрд.теңгенің тұрғын алаңын салып, пайдалануға беру көзделсе, бұл жерде де алғашқы алты айдың еншісіндегі 4,8 млрд.теңгенің 4,5 млрд.теңгесі игеріліп, 95 пайызға қамтамасыз етілген.
Мұның сыртында Қазақстанның «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы қаржыландырылатын несиелі және жалдамалы тұрғын үй құрылысы бойынша да жоспарланған жұмыстардың атқарылғандығы баяндалды. Алайда, ахуалдың барлық жерде бірдей еместігі, жекелеген аймақтарда оның қарқының баяулығы байқалатындығы да айтылды.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай осы саладағы іс-шараларға жауапты ведомостволармен қаржыландыру ұйымдары басшыларының да хабарламалары тыңдалды. Салынатын нысандардың жайғастырылатын жер телімдерін анықтап, заңдастырудан бастап, жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау, қажеттілігіне қарай сараптамадан өткізу, банктер арқылы несиенің ресімделуі мен берілуі сияқты сан-салалы шаруалардың негізсіз ұзаққа созылып, қолдан қиындық туғызып, кедергі келтірілуіне жол берілетіндігі сынға алынды.
Селекторлық мәжілісте сонымен бірге еліміздің астықты аймақтарындағы егін орағына, агроөнеркәсіп кешені құрылымдарының күзгі жиын-терім науқанына әзірлік жұмыстарының барысына да көңіл бөлінді.

Дәулетқали АРУЕВ,
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз