
Олжас Бектенов: Alatau City-ді Үкіметке тікелей бағынышты ету мүмкін емес
Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Alatau қаласына айрықша мәртебе беру туралы тапсырмасын орындау мүмкін емес екенін айтты.
– Қазіргі кезеңде қолданыстағы заңнама шеңберінде қаланың Үкіметке тікелей бағыну мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты Жарлықтың шеңберінде стратегиялық шешімдер қабылдайтын Алатау қаласын дамыту мәселесі бойынша кеңес және операциялық қызметке жауапты «Alatau City Authority» мемлекеттік қорын құру көзделген, — деп жазады Үкімет басшысы.
Дегенмен келешекте Алатау қаласының арнайы мәртебесі бойынша заң актісін әзірлеу жоспарланған. Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл акт шара цифрлық актив айналымын реттеу, халықаралық стандарттар бойынша құрылыс жүргізу, технологиялық инновацияларды, жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін қамтып, «Alatau» арнайы экономикалық аймағының қызметін реттеу керек.
– Алатау қаласы құрылғаннан бері мемлекет мұқтажы үшін 593 гектарға жуық жер учаскесі алынғанын, жыл соңына дейін тағы 2,4 мың гектарға жуық жер учаскесін алу жоспарланып отырғанын атап өтемін, — деп жазылған жауапта.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Алатау қаласын Үкіметке тікелей бағынатындай мәртебе беруді тапсырған болатын.



