Абайсызда жанарына қайшы сұғып алған жігіт ішкі сырымен бөлісті…

cee5be43840a5289b21977e5a29cb260 Жаңалықтар

– Ана деймін, ана, маған қайшыны алып беріңізші!.. Әлсін-әлсін қыңқылдап, берекетін ала берген соң, ұлының көңілін қалдырып, тәсін қайтарғысы келмеген анасы биік жерде тұрған қайшыны қолына ұстата салады. Шамалыдан кейін ұлының шыңғырып жылаған жан дауысы шығады. Жанына жүгіріп барса, баласы абайсызда қайшыны жанарына сұғып алып, қансырап қалған екен.

…Дәрігерлер қанша емдегенімен, баланың жанары бұрынғы қалпына келмей, соқыр болып қалады. Жылдар жылжып, бала жігіт болады. Ержетіп, ақыл тоқтатқан жасқа жеткен зағип жігіт қартайған анасына: «Ана, сол кезде маған қайшыны бекерақ алып берген екенсіз. Көп болса, бір сағат, не бір күн жылармын, сосын тынышталамын ғой. Ал, мынау не болды, өмір бойы жылаумен келемін…» деген көрінеді көңілі босап…

Осынау аңызда айтылғандай, адамның маңдайындағы қос жанары – оның қос жарығы. Жарық көрмеген адам қараңғы қапаста жүргендей күйде болады. Амал не, осындай қиындықпен жүріп, өмір сүруге барынша талпынып, қолынан келетін іспен айналысып жүрген зағип жандар қаншама?! Айталық, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы жанарының кіреукесі бар адамдардың басын біріктіруде. Оның үстіне құрылым мемлекеттің көмегімен он жыл бұрын жаңа ғимаратқа ие болды.

izobrazhenie 2021 02 02 140730

– Б і з д і ң ғ и м а р а т ы м ы з д ы ң құрылысында біраз қиындықтар мен кедергілер кездесті. Оның тұрғызылуына қоғамның сол кездегі төрағасы Жұмасат Бимағамбетов пен оның орынбасарлары – Ильяс Инжелов, Қасымбек Исембаевтардың еңбегі ерекше болды. Қазір қала мен облыс бойынша осы қоғамда 600-ден астам І-ІІ топтағы көз мүгедегі тіркелген. Соның ішінде филиалға қарасты 7 ауданда бастауыш ұйым жұмыс жасауда. Облыстық филиал Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ орталық басқармасына қарайды, – деді қоғамның төрайымы Жұпар Сәрсекенова.

Бүгінде ғимаратта зағиптарға арналған кітапхана мен клуб, компьютер, брайль жазба-оқу кабинеттері, қажетті спорттық құралдармен жабдықталған спорт бөлме сі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, голбол үйірмелері бар. Бірлестіктің өнерпаздары аудандық, қалалық, облыстық, республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Атап өтерлігі, «Теңізшевройл» ЖШС 2 млн. теңгеден астам қаржыға музыкалық аспаптар мен акустикалық жабдықтар сыйласа, Аманбай Қыздарбаев басшылық ететін «Мүгедектер спорт клубы» арнайы теннис столын демеушілік көмек ретінде алып берді. Қайырымды жеке кәсіпкерлер велотренажёр, басқа да спорттық жаттығуларға арналған құрал-жабдықтарды сыйға тартқан. «Ембімұнайгаз», облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, қолы ашық мырза азаматтар балаларға арналған тәтті сыйлықтармен қарасты.

Ал, Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева, қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлнар Құспанова мүмкіндігі шектеулі жандарды әрдайым қоғамдық жұмыспен қамтып келеді. Тігін кәсіпорнында жұмыста… Бүгінде «Қазақ соқырлар қоғамына» қарасты өндірістік кәсіпорында 37 жұмысшы еңбек етеді. Оның жиырма шақтысы – І және ІІ топ мүгедектері. Тігін машиналарына отырған олар төсекорын жабдығын, төсек және жамылғы көрпелер, матрастар, халаттар, асбөлме мамандарының киімдерін тігіп, архив саласына қажетті қораптар жасаумен айналысады.

– Зағип жандар өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондағы алатын айлықтары 40 мың теңге көлемінде. Қазіргі заманда бұл өте аз, бірақ, қарап отырғаннан жақсы. Ертеңге деген талпыныс, аз да болса кіріс. Оның үстіне өткен жылдың аяғында жиһаз цехынан өрт шығып, біраз әбігерге түстік. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Содан бері есімізді жия алмай, абдырап қалдық. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мекемесіне көмек-қолдау керек-ақ. Мәселен, жұмысшыларды үйлеріне жеткізетін көлік, ауланы тазалап, абаттандыратын жұмысшылар болса, жақсы болар еді, – дейді кәсіпорын басшысы Сәбит Қатишев бізбен арадағы әңгімеде.

Атамыз қазақ «Сақтансаң, сақтармын» деген сөзді жиі айтады. Өте орынды. Адам қолдан келгенше барша жамандық пен кесапаттан сақтанып жүруі тиіс. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде зағип жандар жұмыста жүріп, бетперде тікті. Өзінің аяқжолын көрмейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың осындай қайсарлығын көргенде, дендері сап-сау зіңгіттей жігіттердің бұрыш-бұрышта тұрып алып, қайыр сұрайтынына қалайша зығырданың қайнамайды?! Әттең…

Лиза ШАЙХАШҚЫЗЫ

ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР КІМДЕР?

«ИЛИАДА» ЖӘНЕ «ОДИССЕЯ» ЭПОСТАРЫНЫҢ АВТОРЫ, АТЫ ӘЛЕМГЕ МӘШҺҮР ГОМЕР, ЗАҒИПТАР АЛФАВИТІН ЖАСАҒАН ЛУИ БРАЙЛЬ, ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ӘШКЕРЕЛЕГЕН ЖУРНАЛИСТ ДЖОЗЕФ ПУЛИТЦЕР, ӘНШІ АНДРЕА БОЧЕЛЛИ – БӘРІ ДЕ ТҮРЛІ ЖАҒДАЙДА ЖАНАРЛАРЫНАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛҒАН ЖАНДАР.

АЛ, ДЭВИД БЛАНКЕТТ ТУАБІТТІ ЗАҒИП БОЛҒАНЫНА ҚАРАМАСТАН, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ЛАУАЗЫМЫНА ДЕЙІН ЖОҒАРЫЛАП, ӨЗ МІНДЕТІН ҚАЛТҚЫСЫЗ АТҚАРҒАН.

КӨРІПКЕЛ ВАНГА (ВАНГЕЛИЯ) ӨЗІН 12 ЖАСЫНДА ҚҰЙЫН ҰШЫРЫП АЛЫП КЕТКЕННЕН СОҚЫР БОЛСА, СУЫРЫПСАЛМА АҚЫНДЫҒЫМЕН

ТАНЫМАЛ ШӨЖЕ ҚАРЖАУБАЙҰЛЫ ДА БАЛА КЕЗІНДЕ КӨЗІНЕН АЙЫРЫЛҒАН.

БІРАҚ, ОСЫ ЖАНДАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ДА «МЕНІҢ МҮМКІНДІГІМ ШЕКТЕУЛІ» ДЕП, ҚОЛ ҚУСЫРЫП ҮЙДЕ ОТЫРА БЕРМЕДІ. ҚОҒАММЕН, АДАМДАРМЕН АРАЛАСТЫ, ОЛАРДЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫН ЕСТІДІ, ҚОЛДАРЫНАН КЕЛГЕНШЕ ӨЗ КӨМЕКТЕРІН ҰСЫНДЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз