«Ол қызметтен кетсе де, өнерден кеткен жоқ»

  Белгілі мәдениет қайраткері Орақ Жауыровты әріптестері құрметті демалысқа шығарып салды Атырау ғана емес, күллі қазақ өнеріне еңбегі сіңген мәдениет майталманы Орақ Жауырұлын атыраулықтардың арасында танымайтындар сирек шығар. Артық-кемі жоқ тура жарты ғасыр ғұмырын музыкаға арнаған Атыраудың Жауыровы – нағыз жанкешті жан. Ұлы Жеңіс дүбіріне дүбір қосып дүниеге келген белгілі дирижер өлкедегі музыкалық училищенің алғашқы түлектерінің бірі болды. Содан бастап оның кірпияз өнер жолындағы қияметі мен ләззаты қатар өрілген өмір соқпағы басталды. Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі ару қалада қалып қоймай, алғашқы еңбек сапарын туған қаласында бастап, өзі білім алған училищенің түлеуіне жан-тәнімен атсалысты. Кейінірек Алматыдан Ақтауға дейін бірнеше арқалы ұжымда дирижер, көркемдік жетекші қызметтерін атқарған еді. Оркестрге арналған 50 партитураның авторы соңғы жылдары Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде бас дирижер қызметін атқарып келеді. Айтулы ұжымның Еуропаны екі мәрте сапарлап, өнеріне тәнті еткен сәттерінде Орақ Жауырұлының үлкен үлесі жатыр.

 Үстіміздегі аптада облыстық мәдениет мекемелерінің басшылары мен әріптестерінің қатысуымен талантты музыканттың жарты ғасырлық үздіксіз еңбек жолынан соң демалысқа шығуына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиынды ашқан Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ә.Т.Жоламанов жиналған жұртшылықты қасиетті ораза айты мерекесімен құттықтады. Сәулелі іс тындырған саңлақ өнерпазға алғыс сезімін білдіріп, сый-сияпат ұсынды.

– О.Жауырұлының қазақ өнері тарихында өзіндік орны бар екендігі, өлкеміздегі өнер ұжымдарының құрылуы мен нығаюында қайталанбас қолтаңбасы жатқандығы баршаңызға аян. Ағамыздың қызметтен кеткендігі өнерден кеткендігі деген сөз емес,- деп ілтипат білдірген мәдениет басшысынан соң сөз алған Н.Жантөрин атындағы филармония директоры Ғ.Дүйсенғалиев «Нарын» халық аспаптар оркестрінің тарихы туралы тебіренді. Өнер иесінің адами тұлғасына арнап сөз айтқан облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры Г.Х.Қалиева, досы әрі әріптесі М.Ғұмаровтардың жылы пікірін жиналған жұртшылық ұйып тыңдады. Жиын соңында сөз алған атақты дирижер, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Орақ Жауырұлы әріптестеріне алғыс сезімін білдірді. Ең алғаш еңбек кітапшасына түскен 1966 жылдан бері елу жыл бойы ел алғысына бөленудің жауапкершілігі мен жақсылығын қатар сезінгенін жеткізді. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Қ.Дүйсембай жүргізген аталмыш шарада ардагерге гүл шоқтары мен ескерткіш сыйлықтар ұсынылды.

– «Қашан да оркестр табиғаты, онда орындалатын шығарма екпіні алдымен сол ұжымға жетекшілік ететін дирижердің мінез-құлқы, болмысын білдіреді деген сөз бар. Өз басым еліміздегі белгілі дирижерлердің бірі Орақ Жауыров пультке көтерілсе, ол басқарған ұжым ойнаған шығармалардан аспандағы ақша бұлт, жанға жайлы леп, саф ауа, салқын самал сеземін», -деп жазған еді ол жөнінде белгілі өлкетанушы Ө.Әлімгереев. Атыраудың таланттар шоғырындағы жарық жұлдыздың бірі Орақ Жауырұлы ұжымымен осылай қоштасты.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз