ОҚЫРМАНҒА АРНАУ

Әлем тарихына ең қанқұйлы деген атпен енген Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, Ұлы Жеңіс туының желбірегеніне биыл жетпіс жыл толып отыр. Миллиондардың қанымен келген Жеңістің тарихи маңызын бағалап, қадір-қасиетін дәріптеу, халқымыздың өшпес ерлігіне тағзым ету – біздің қасиетті борышымыз, азаматтық парызымыз. Осыған орай, облыстық «Атырау» газеті «Ерлік даңқы» қосымшасын ұйымдастырып отыр.

Ұлы Отан соғысы жылдары неміс басқыншыларын талқандауда Қазақстан халқының майданда және тылда көрсеткен ерен ерлігі ұшан-теңіз екені сөзсіз. Сол себепті біз аталмыш қосымшада майдангерлер өмірі мен естеліктерін, сондай-ақ, адам төзгісіз жағдайда ерен еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің ерлік істері хақында кеңінен мәлімет беруді көздеп отырмыз. «Гурьев – Астрахан» темір жол табанын салу кезіндегі қиындықтар, Атырау соғыс жағдайындағы бірден-бір облыс болып жарияланған тарихи кезеңдер өз  алдына зерттеу нысаны болмақ. Бүгінде белгілі болып отырған тың деректер де қосымшада көрініс табады. Тарихшы-ғалымдардың өткен күнге жаңаша көзқарасы, пікірлері де оқырман қызығушылығын тудырады деген ойдамыз.

Біздің мақсат – елін, жерін, Отанын сүйген ардақты азаматтарымыздың өшпес ерлігі мен қайсар рухына бас иіп, құрмет көрсету, жас буынды отаншылдыққа, қазақстандық патриотизмге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Құрметті оқырман! Газет қашанда оқырманымен ғұмырлы. Ендеше, сіздерден ой-пікір, қолдау күтеміз. Аға буынның мәңгілік ерлігі, өшпес рухы жайлы жырды бірге жазалық, ағайын!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз