Жасыл бақтан – жақсы бизнес жасауға болады!

31 Экономика

Егін – ел ырысы. Бірақ, соңғы уақытта осы шаруашылықтан шаһарды былай қойғанда, ауылдың өзі алшақтап барады. Бұл да атакәсібіміз мал шаруашылығының кебін кигелі тұр…

Климат кәсіпке кедергі емес!

Әйтсе де, өндірісті өңір саналатын Атырау аймағында жергілікті билік ауылшаруашылық алқаптарын суару мәселесін шешуге ниетті. Бұл – облыстық кәсіпкерлер палатасының ауылшаруашылық мәселелері жөніндегі директорының орынбасары Серік Сәрсекеновтің пікірі. Оның ойынша, жасыл бақыт жақсы бизнеске айналдыруға болады.

– «Жасыл елде» тұрғысы келетін адам алдымен өз ауласын жасыл желекке жайқалтуы керек, – дейді ол. – Өйткені, үлкен үй кішкентай кірпіштен қаланады емес пе? Бар мәселе мол мүмкіндікті пайдалана алмауымызда деп ойлаймын. Біз, атыраулықтар, жаз мезгілінде күн күйіп кетеді деп байбалам саламыз. Ал, сондай жылы климатқа зар болып отырған елдер бар екенін елемейміз.

Мәселен, шекаралас Ресейдің немесе еліміздің солтүстік аймақтарын алайық. Кезінде ресейлік әзілқой саясаткер Евгений Жванецский Свердловск (Екатеринбург) аймағын жаз бойы қызанақ қызарып үлгермейтін аймақ деп көрермендерді күлдіруші еді. Шынымен де солай болған соң, жағдайдың анығын айтқан ғой. Ал, біз соған мәз болып күлетінбіз. Белоруссияда да жаздыгүні үнемі жаңбыр жауады, күннің көзі аз түседі. Бірақ, тұрғылықты халқы өте еңбекқор болған соң ба, егін мен мал шаруашылықтары жақсы дамыған. Ал, бізде қалай? Қызанақ уақытынан бұрын пісіп, жинап алмаса су болып ағып кетеді. Кейін оны қоқысқа тастай саламыз. Егер одан «томат» немесе «кечуп» пастасын дайындаса, зор сұранысқа ие болар еді ғой!

Расымен де, маман сөзінің жаны бар. «Томат» демекші, ресейліктер қонақ келсе біз сияқты қой сойып шығындалмай, томат қосылған сорпа ұсынады. Бұл да болса үнемдеудің бір тәсілі. Айтпақшы, әлгі Свердловскіден жақында кәсіпкерлер келіп, біздегі бақша өнімдеріне қызығушылық білдіргені бар. Олар атыраулық кәсіпкерлердің көкөністерін сатып алуға, шаруаларға келісімшарт негізінде ақы төлеуге дайын екендерін де жеткізді. Неге дейсіздер ғой? Себебі, осындағы өнімді өздері өңдеп, сауда нүктелеріне ұсынуды ойлап отыр. Анығын айтқанда, картоп, қызылша, сәбіздердің сыртын аршып, жуып, бөлшектейді. Сөйтіп, вакуумдық тәсілмен целлофанға орап, сатылымға шығарады. Табылған ақыл емес пе?

Көршілерден қай жеріміз кем?

Енді Атыраудың ауа райына қайта оралсақ. Мұнда тұщы судың мол қоры күріш өсіруге өте қолайлы. Алысқа бармай, Жылыой ауданын алып қарайық. Онда көп жылдан бері жер астынан жоғары қысыммен су атқылап жатыр. Соны неге мал шаруашылығына пайдаланбасқа? Балық тоғандарын ашса да болады. Сала жанашырлары бұл бастаманың біраздан бері көтеріліп жүргенін айтады.

– Сонау тоқсаныншы жылдары 2500 гектар аумаққа күріш өсіру бағытында Құрманғазы ауданында арнайы жоба жасақталған еді. Ол аудан орталығындағы «Рисводстрой» мекемесі арқылы қаржыландырылатын. Сөйтіп, ирригациялық коммуникация салу жұмыстары жүргізілді. Кейін темір құбырларды жергілікті тұрғындар қолды қылды, су жүйелері жабайы түрде әлі де бұзылып жатыр. Сондықтан алдымен тұрғындармен түсінік жұмыстарын жолға қойған жөн сияқты.

Мәселен, көршілес Астрахань облысында 3500 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 60 центнер экспорттық әлеуеті зор таза өнім алынып жатыр. Оны былай қойғанда, 60 балық өсіру тоғаны жұмыс жасайды. Ол жақтың да климаты біздікіне ұқсас, су тапшы, ауа құрғақ. Бірақ, шаруашылыққа кедергі болып жатқан жоқ қой. Кешегі кеңес заманында да ауа райы бүгінгідей болды емес пе? Соған қарамастан жетпісінші жылдары өңірден 200 тонна қарбыз бен 100 тонна жуа өнімдері экспортқа шығарылып тұрды. Саяжай алқаптарын есептемегенде, шаруашылықтарда мың гектарға жуық алқапта көп жылдық жеміс-жидектер өсірілетін, – деп еске алады бұрынғы бағбан, бүгінгі зейнеткер Рахым Шайхы.

Шынымен де, бұрын қазіргідей нарықтық қатынастар дамыған жоқ. Шет елдермен шектеулі бағамен ғана тауар алмасуға болатын еді. Сонда да егін егілді, жасыл бақтар жайқалып тұрды. Ал, бүгін соның бәрін тек мұражай сөресінен тамашалайтындай қауіп төніп тұр… Ендеше, оның алдын алу үшін не істеу керек?

Алғаш рет Атыраудан шығарылмақ

– Рас, қазір егіншілер тамшылатып суару әдісін ұтымды қолданып келеді. Сондай-ақ, табиғи қар мен жаңбыр суын да пайдалана білу керек. Келісемін, Атырау жеріне ылғал аз түседі, сарқырап жатқан бұлақ суы да жоқ. Өзектегі суды егістікке апару үшін көп шығын қажет. Суды жоғары қысыммен құбыр арқылы механикалық және мембрандық тұндыру сүзгіштерінен өткізу де оңай шаруа емес. Біздің кәсіпкерлер Ресей, Қытай, Израиль, Иран немесе Түркия мемлекеттерінен екі есе қымбат бағамен (арадағы делдал саудагерлерден) тамшылату ленталарын сатып алып отыр.

Міне, осы мәселені шешу үшін ауылшаруашылық мамандарының сұраныстарына сәйкес жергілікті кәсіпкерелер палатасының қолдауымен жуырда жақсы жаңалыққа қол жеткіздік. «ШевронМұнайгазИнк» компаниясымен бірлесіп Атыраудағы құбырлар жүйелері және полиэтилен  құбырларын жасау зауытында егістікті тамшылатып суаруға арналған бітеу полиэтилен құбырларын жасап шығару жөнінде келісім жасалды. Диаметрі 16 миллиметр болатын көп жылдық мұндай құбырлар еш жерде шығарылмайды. Егер жоба іске асса, Атырау алғашқы өңір атанбақ, – деген қуанышымен бөлісті көп жыл ауылшаруашылық саласына жетекшілік жасаған маман Серік Сәрсекенов.

Енді бұл құбырларға толығырақ тоқталсақ. Бұлар шетелдіктер ұсынатын құбырға қарағанда сапалы әрі арзан. Екіншіден, бітеу полиэтилен тұрбаларына қажетті жерінен тамшылату тетігін («дрипер») қондырып алуға болады екен. Жоғарыда аталған зауыт өкілдерінің айтуынша, тауар бағасының тең жартысына жеңілдік жасалады. Бұл да кәсіпкерлерге жасалып жатқан жақсылық деп білген жөн. Егер тапсырыс көбейсе, бәсі де бұдан бетер арандай түсері хақ.

Қазір 1 метр тұрба құны 65 теңге шамасында бағалануда. Ал, кәсіпкерлер оны жол шығынын есепке алмағанда басқа елдерден 120 теңгеге сатып алып отырды. Осылайша, жыл сайын миллиард теңгеге жуық қаржы желге ұшып, өзге елдердің қалтасын қампайтып келді. Оның сыртында, мемлекет есебінен субсидияланған қаражатты санайтын болсақ, қып-қызыл шығынға батып шыға келеміз.

Көшедегі көшеттердің кемшілігі көп

Міне, ақпанның ақ боранын артқа тастап көктем келіп жатыр. Енді көп кешікпей көшеге көшет отырғызу науқаны басталады. Бір кездері «Тамаша» театрында қойылған Болғанбай апай жайлы интермедия есіңізде ме? Онда жергілікті кәсіподақ өкілі ардагердің үйіне барып «сценарий» бойынша туған күнімен құттықтап гүл беретін еді ғой. Сол қойылымның авторы Маңғыстаудың қарапайым шаруагер тұрғыны болатын. Ендеше, бүгінде, сол «сценарий бойынша» тал егуді тоқтату керек. Бұл – мұнайлы мекен тұрғындарының жанайқайы десе де болады.

Себебі, жасыл желектің жарамдылығына ешкім назар аудармайды, бұл – бір. Ал, екіншіден, отырғызылған ағашты аракідік суарып, соңына дейін күтіп-баптау керек, бұл – бөлек әңгіме. Соңғысы, жеміс теректерін еккен анағұрлым тиімді екенін ешкім елемейді…

Жалпы, егін шаруашылығын сөз еткенде, агрономдардың сөзіне сүйенген болып, маман тапшылығын «сыныққа сылтау» қыла қоямыз ғой. Алайда, істі сөзбен атқаруға болмайды. Бүгінде бәріміздің қолымызда бір-бір телефоннан бар. Соны алып, ғаламтор желісіне кіре қойсаңыз, ойлағаныңыз іздемей-ақ табылады. Оның ішінде білікті мамандардың да, қарапайым адамдардың да пікірлері толып тұр. Тек соларды жүзеге асырсаңыз жетіп жатыр.

Ал, біз бұл ретте, жоқтан бар жасап есімі шартарапты шарлаған егінші австриялық неміс Зепп Хольцердің тәжірибесіне тоқталғанды жөн көрдік. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, ол қазір өз елінде теңіз денгейінен 1500 метр биіктікте суптропикалық дақылдарды өсіріп жатыр. Ғажап демей немене?! Өндіріп жатқан өнімдері адам сүйсінтеді.

Осы орайда, Атырау қаласының да орны бұрын теңіздің табаны болғаны белгілі. Соның салдарынан болу керек, қазір жаңбыр жауа қалса, сортақ-сортақ тұзды көлшіктер пайда болып шығ келеді. Әлгі немістің білгірі бұл мәселені қалай шешуге болатынын «ютуб» желісінде егжей-тегжейлі баяндап берген. Сонымен, ол не ойлап тапты? Алдымен, ойпаттау жерлерді траншея ретінде қазған. Сөйтіп, сол шұңқырларға кесілген теректер мен ескі ағаш бөліктерін және картон сияқты қолданыстан шыққан заттарды топырақпен көмген. Үйіндінің үстіне жеміс ағаштарын отырғызып, оларды тамшылатып суарған. 

Сонда не болды дейсіз ғой? Көмілген заттың бәрі де пайдалы қалдық есебінде топырақты құнарландыра түскен. Ал, салқын түскен кезде органикалық заттар ыдырап, биологиялық үрдіс жүрген. Осылайша, топырақтың температурасы ретке келген. Одан әрі тіптен қызық қимылдар жүзеге асқан. Мәселен, жерге көмілген қалдықтар артық суды бойларына сіңіріп, ылғалдың мол қорын қалыптастырған. Қуаңшылық кезінде жеміс ағаштары сол қордан қоректенген екен.

Сөйтіп, қалдықтар әбден шіріп, дап-дайын құнарлы органикалық тыңайтқышқа айналған. Ал, егер ағаштың астына темір бөлшектерін көмсек, не болады? Онда, оның үстінде өсіп-өнген жемістің құрамы адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай болады. Айтпақшы, аз алқаптан мол өнім жинауға мүмкіндік беретін де тәсіл бар. Ол «метлайдер» деген атаумен жұртшылыққа жақсы таныс.

Жеміс ағашы – жанға сая

Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Яғни, Атырау аймағын тек «қара алтын» қорығы деп қарастыру – қате! Мұнда егіншілікпен айналысуға да мүмкіндік мол. Тек тұрғындар осы сөзге мол мән беріп, зор сенім артса ғой… Бұл біз тапқан ақыл емес, мамандар жасаған мәлімдеме. Демек, «жасыл экономиканы» жүзеге асыру әр тұрғынның өз қолында деген сөз.

Сонымен, әлгі көшеттерімізге кері оралсақ. Оларды қайдан табуға болады және қандай түрін таңдаған дұрыс? Біз бұл сауалды қазыналы аймақтың ауылшаруашылық саласына көп жыл жетекшілік жасаған білікті маман Серік Сәрсекеновке қойдық.

– Егер жергілікті жеміс бағынан жас тал тапсаңыз, тіпті тамаша, – дейді ол. – Болмаса, Атыраудан жоғары орналасқан климаты суық солтүстік аймақтардан алған абзал. Қалай болғанда да, өсімдіктер әлемінде «географиялық белдеу ендігі» деген түсінік бар. Сол бойынша біздің өңір 47-48 белдеу ендігіне жайғасқан. Сондықтан бізге Белоруссия, Польша, Италия елдерінен көшет әкелген дұрыс. Әрі, бұлар түрлі вирустық жұқпалы ауруларға да төзімді келеді. Сондықтан олардың сертификаттары мен құжаттарының болуын қатаң қадағалау қажет. Сонда алған ағашыңыз да соғұрлым өнікті өседі.

Бұлардың тағы бір қасиеті, тамырының тереңше жайылмауы. Бізге керегі де сол емес пе? Себебі, біздің жердің асты ащу суға толы. Ал, «арзан ғой» деген желеумен оңтүстіктен жеткізіліп жатқан жабайы алма ағаштары суыққа төзімсіз келеді. Алайда, бір өсімдік жақсы өседі. Бұл – жүзім көшеті. Оны қысқы мезгілде жылы жабындымен жауып қойған жөн. 

Көкжидектен – керемет кәсіп

Осы орайда, арнайы Белоруссия бақтарынан көшет алдыратын бағбандар Атырауда да бар. Көңіл көншітерлік жайт. Тек солардың қатары көп болса екен дейміз. Десек те, тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн. Жер шары бойынша 47-48 белдеу ендігіндегі  климаттық жағдай бірдей емес. Айталық, таулы мен шөлді аймақтағы ауа-райының арасы жер мен көктей. Мысалы, таулы жерлерде жаңбыр жиі жауатындықтан ылғалдың көбеюінен ол аумақ суптропикалық ортаға айналады.

Сол Белоруссияда арнайы торфта, яғни, шымтезекте көкжидек өседі. Онда топырақ қышқылдығы қалыпты мөлшерден (РН 4-5) аспайды. Көкжидек – адам ағзасындағы оксидантқа қарсы бірден-бір ем көзі. Әлгі шымтезекті түркиялық кәсіпкерлер мұхит жағасында өсіріп жатыр. Ал, грузиялық бағбандар бұрынғы шай өсіретін алқаптарын толығымен жыртып тастап, орнына осы көкжидекті өсіріп отыр. Бұл жемісті Атыраудан да таба аласыз. Дәлірек айтқанда, «Насиха» базарында 1,5 мың теңгеге 125 грамм жидек алуға болады. Ал, оның бір килосының бағасы жылқының бірнеше кило ет-қазысынан кем түспейді. Айтқымыз келгені, дәл осындай бизнесті бізге де жасауға болады…     

Міне, осы айтылғандарды ескеріп, жасыл бақты жайқалтуға әбден болады. Сөйтіп, табиғи таза өніммен өз отбасыңызды асырай аласыз. Ала жаздай кептірген құрғақ жемістен компот сусынын немесе басқа да өнімдер дайындауыңызға болады. Сусын демекші, бүгінде сауда сөрелерінде сатылып жатқан шырындарға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтынын байқауға болады. Бұл олардың табиғи өнімнен айтарлықтай алшақ жатқанын аңғартады. Нағыз табиғи алманың ішінде құрт болуы тиіс деген де тәмсіл бар. Тіпті, керек деп тапсаңыз, өзге тұрғындарды да жергілікті өніммен қамтып, бизнес жасауға бөгет жоқ. Тек Абай атамыз айтпақшы, «ынталы жүрек пен шың көңіліңіз» болса жеткілікті.

Отандық  өнімді өгейсітпейік

Ендігі мәселе – «жолы болмаған» жергілікті өнімдер жайы. Оларға бізден басқа ешкімнің жаны ашымайтынын әлі де түсінбей келеміз. Жақында супермаркеттердің бірін аралап жүріп картоптың астындағы жазуды оқып, таң-тамаша болғанымыз бар. «Египеттен әкелінген сапасы жоғары картоптар» деп жазылған маңдайша қақ төрде «менмұндалап» тұр. Сонда қалай болғаны? Алыстан тасымай-ақ, өнімді өзімізде өсірудің мүмкіндігі жоқ па? 

Қазыналы аймақтың ауылшаруашылық саласын жетік білетін маман, «Атамекен» ҰКП Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Сәрсекеновтің айтуынша, импортқа икемделгеннен гөрі экспортқа басымдық берген жөн. Мәселен, жуырда жергілікті кәсіпкерлік палатасының мамандары скринингтік сауалнама жасаған екен. Оның қорытындысы көп жайға көз жеткізді. Бір жылдың ішінде шетелден жеткізілетін алманы алып қарайтын болсақ, оған жұмсалған қаражат 816,5 миллион теңгені құрайды. Бұл не деген сөз? Демек, осыншама қаржы басқаның қалтасына құйылып жатыр. Сонда біз шетелден тартуға тиіс болған инвестицияны соларға кері салып отырмыз ба?

– Өзімізде өндірілген 107 тонна алманы айтпағанда, бізге әлі де қалыпты көлем есебінде 30,3 мың тоннасы қажет. Ал, шетелдік алмаға келсек, оның қалай өсірілгені бізге беймәлім. Өздері жемейтін болған соң, өзгеден несін аясын шетелдіктер? Бұл жерде біз алмаға құрт түспеу үшін және оны ұзақ уақыт сақтау мақсатында қолданылатын улы химиялық қоспалар мен басқа да толып жатқан зиянды заттарды айтып отырмыз. Сол «сырты бүтін, іші түтін» алмаларға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтыны да сондықтан ғой, – дейді білікті маман бізбен әңгімесінде.

Алма демекші, Елбасының өзі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп, жергілікті жеміспен денсаулықты жақсартуға шақырды емес пе? Ал, сапалы тағам тұтынғымыз келсе, жер бетін жасыл баққа айналдыру қажет.

Балконда бақ  өсе  ме?

Егінді айтпағанда, қарапайым көгалдандыру жайы қозғала қалса, «бұл үшін арнайы егіс алқабы керек»  деген уәждер айтыла бастайды. Осы орайда, алыстағы ауыл-аймаққа бармай-ақ, қаланың қақ ортасында егін егіп отырған жандар барын еріксіз еске салуға тура келеді. Тіпті, балконда да бақ өсіріп жатқандарды көргенде, сүйсінбеске шараң қалмайды. Балконды былай қойғанда, көпқабатты үй тұрғындары өз ауласында бір-бір жеміс ағашын жайқалтуына болады ғой!

Міне, сондай жандардың бірі – Қайырғали Смағұлов көшесіндегі №56 үйдің тұрғыны – Қазимаш Сабырова. Ол аядай аулада өсіріп жатқан гүл бағын күн сайын күтіп-баптап отырады. Жасы сексенге жақындаған ардагер ұстаз әлі тың. Кезінде білім беру бөлімін басқарып, мектеп директоры болған ол зейнет жасына жеткен соң гүл өсіруді қолға алғанын айтады.

– Жалпы, жасыл желекке жаны құмар адам күн сайын таза ауамен тыныстап отыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, денсаулығы жақсарады, көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Бұл, әсіресе, қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Өйткені, олар көп уақытын ғимараттар мен кеңсе ішінде өткізеді. Тіпті, сол кеңседегі гүлдердің өзін суаруға уақыт таппай жатады.

Ал, бұрынғы кездері кеңсе жұмысшылары бір сәт кабинеттен шығып, табиғат аясында арнайы үзіліс жасаушы еді. Қазір ондай жоқ. Өйткені, уақыт тапшы. Сондықтан, демалыс күндерін үйде емес, сыртта, әсіресе, тал-теректің саясында өткізген тиімді. Мәселен, біз отбасымызбен бос уақытымызды гүлдерді күтіп-баптаумен өткіземіз. Тоқсан жасқа таяп қалған жолдасым екеумізді осы маңдағы тұрғындардың бәрі біледі, – дейді ол.

Балкон дейміз-ау, бір бөлменің ішінде құлпынай құлпыртып, жапырақ жайқалтып отырғандар да бар. Тек терезеден күн сәулесі түсіп тұрса, соның өзі жетіп жатыр. Осындай игі істі иіріп отырған Атырау қаласының тұрғыны Гүлнұр Бақытжанқызы құлпынаймен қатар авокада мен лимон өсімдігінен де өнім алады екен. Оның айтуынша, сырттан саудаланып жатқан жеміс-жидекті өзімізде де өсіруге болады.

Иә, ерінбеген адамның қолынан бәрі келеді. Бұл ретте, біреулер «пәтерде піскен жеміс дәмсіз болады» деуі де мүмкін. Әйтсе де, мұны біз мысал ретінде ғана келтіріп отырмыз. Ал, оның қасында қала тұрғындары жылыжайдың да жемісін жеп отырған жоқ па? Олай болса, егін еккісі келген жан жөнін табады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қалай десек те, алдыңғы толқын аға-апалар кейінгі кіші буынға үлгі көрсетуі тиіс. Себебі, нарықтың шырмауына шырмалған бүгінгі ұрпақ жерге дән егіп, қашан жеміс піскенін күткісі келмейді. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп үйренген олар ауадан ақша жасауға үйір. Сондықтан егін егу мен жасыл желек жайқалтуға тек кәсіп ретінде ғана қарамай, отбасылық құндылыққа айналдырған абзал. Уақыттың өзі бізге мұны мойындатып отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

*Керек кеңес

Тамшылатып суару құбырларын жер телімі бар тұрғын үйлердің ауласы мен көше бойына пайдалануға болады. Бір артықшылығы, су өсімдіктің тамырына құйылады, ал, су бармаған жерге артық өскіндер өспейді. Сол сияқты, су крантын ашып-жабудан басқа ауыр жұмыс жоқ. Бұл шағын егін өсіретін тұрғындарға өте қолайлы. Атыраулық жастардың ізденісімен ашылған тағы бір жаңалық – фертификациялық қондырғы арқылы минералды тынайтқыштардың көлемін есептеуге болады. Осылайша, суды да, тынайтқышты да, уақытты да үнемдей отырып бау-бақшадағы жұмыстың жемісін көруге болады. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз