
Өрт сөндірушілер сайысқа түсті
Құтқарушылар күні мерекесі қарсаңында Атырау қаласы, “Авангард” шағынауданындағы “Жеңіс” саябағында өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері кроссфит көпсайысында бақ сынады.

Жарыстың басты мақсаты – өртке қарсы қызмет жеке құрамының салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыруды дамыту және жауынгерлік дайындықты арттыру.

Қатысушыларға арнайы дайындалған 9 кезеңнен тұратын кедергілер жолағын еңсеру міндеттелді. Оның ішінде жауынгерлік киім мен жабдықтарды жылдам кию, 2 метрлік дуалдан өту, 15 рет қолмен көтерілу, 36 келілік штанганы 10 рет көтеру, диаметрі 150 мм болатын екі сорғыш жеңқұбырды 20 метрге жеткізу, автокөлік шинасын домалату, ұзындығы 40 метр жеңқұбырды сегіздік тәсілімен жинау, автокөлік дөңгелегін зілбалғамен жылжыту, тіпті «Toyota Hilux» көлігін арқанмен 20 метрге сүйреу сынды қиын сынақтар болды.

Барлық кезеңді мүдірмей өткен қатысушылар мәреге жетіп, өздерінің кәсіби шеберлігін, төзімділігін және жылдамдығын дәлелдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс тек күш-қайратты сынау ғана емес, қала тұрғындары үшін де қызықты спорттық мерекеге айналды.

Жекелей сында Сағыз ауылдық №12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Азамат Аманқос қарсыластарынан оқ бойы озып, жеңімпаз атанды. Ол барлық кезеңді 2 минут 56 секундта еңсеріп, былтырғы нәтижесін жақсартып қана қоймай, өзгелерге мүмкіндік қалдырмады.




Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



