dsc 0285 scaled

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасының көрмесі (+ФОТО)

Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ Қоғам

Atr.kz/20 қазан, 2020 жыл. Жыл басынан бері облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері 141 адамды құтқарып, 632 адамды  қауіпсіз жерге көшірген. Кәсіби күнге арналған шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов арнайы қатысып, Бейбарыс алаңына қойылған  жаңартылған  техникалар  көрмесін аралады.

Алаңдағы  қаз-қатар тізілген гидроцикл,  «Трэкол» жол талғамайтын көлігі,  «Холматро», бірнеше қайық, өрт сөндіру және жол апатына ұшырағандарға жедел көмек көрсететін аэромобильдер техникасын аймақ басшысына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов таныстырды.

-Биыл біздің қызметке 25 жыл  толды. Осы жылдар ішінде құтқару техникамыздың базасы заманауи жабдықтармен толықтай түсті. Жыл сайын жаңарып келеді. Бұл жағынан жергілікті  атқарушылық билік тарапынан бізге жақсы қолдау  көрсетіліп келеді. Біз кез келген сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға әрқашан дайынбыз. Бүгін көрмеде апаттық-құтқару техникасының бір бөлігі ғана тұр, – деген Омар Құмарұлы өрт және авариялық-құтқару техникасының жағдайы мен дайындығы туралы баяндады.

Көрмедегі елу метр биіктікті бағындыра алатын техниканың алатын орны ерекше. Бұл техниканың көпқабатты үйлерде орын алған өртті ауыздықтауға толық мүмкіндігі бар. Гидравликалық құрал кез-келген ауыр затты орнынан оп-оңай қозғалта алады. Ал, мамандардың арнайы көмекші құралдары мен алапаттардан өмірлерін аман сақтап қалатын киімдер де жұртшылықтың назарын аударды.

Сондай-ақ, жылжымалы өрт сөндірушілердің зертханасы өрттің себебін сол оқиға орнында анықтайды. Мұның ішінде электр станциясы және құтқарушыларға автономды жүйеде жұмыс істеуге арналған өзге де құрылғылар бар. Осы машинаның арқасында өрт болған орынды жылдам анықтап, апатты ауыздықтауға көмек көрсетіледі.

Көпшіліктің назары төрт аяқты құтқарушылар «Гром» мен «Абрекке» ауды. Департаменттің жедел-құтқару жасағының кинологтары құтқарушы иттердің ерекше қабілеттерін көрсетті. Сондай-ақ, Махамбет Досмұхамбетовтың назарына Жайық өзенінде суға батып бара жатқан адамды құтқару бойынша көрсетілім ұйымдастырды. Облыс әкімі табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше оқиғаларды жою үшін қолданылатын жабдықпен жарақталу деңгейін оң бағалады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

dsc 0321
dsc 0368
dsc 0313
dsc 0207
dsc 0321 1
dsc 0197

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған