
Өнерлі балалар мерекенің мәнін үстеді
Бүгін Атырау қаласындағы «Насиха» сауда үйінде Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті. Оған «Бастау» оқу орталығының домбыра үйірмесіне қатысушы оқушылар мен «Адия» би студиясының тәрбиеленушілері және өзге де өнерпаздар қатысты. Олар көрермендерге әсем ән мен тәтті күй, ұлттық би мен заманауи өнер тоғысқан әсерлі бағдарлама ұсынды.

Концерт халық күйі «Салкүреңмен» басталып, тыңдарман назарын бірден баурап алды. Домбыраның қоңыр үні мен жүргізушілердің шабытты сөздері мерекенің сәнін аша түсті. Сахна төрінде «Адия» би студиясының нәзік қимылды бишілері орындаған «Ерке қыздар» биі көрініске көрік қосты.
Келесі кезекте Еркеназ Зинол «Жұлдызым» әнін орындап, зал ішін жылы лепке толтырды. Ал жас бишілердің «Бум-бум» биі көңілді ырғақтарымен көрермен ықыласына бөленді.

Бағдарлама аясында халық күйлері «Нәр ағашы», «Тепенкөк», «Айжан қыз», сондай-ақ Динаның «Тойбастар» туындылары шебер орындалды. Домбыра пернесінен төгілген әуендер қазақ өнерінің байлығын сездіріп, ұлттық үннің қоңыр әуезін еске салды. Кеш соңында Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлері тартылып, концерт мазмұнды түйінмен аяқталды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



