Жарнама
Жаңалықтар

Өндіріс өркендемей, өріс кеңеймейді

Кәсіпкер ретінде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған ойлар мен тапсырмалар көңілден шықты. Себебі кәсіпкерлік саласы — ел экономикасының негізі, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі. Ал бизнестің дамуы үшін ең бастысы тұрақтылық, айқын ережелер және нақты қолдау қажет. Президент осының бәрін нақты атап, ел кәсіпкерлерінің көкейіндегі мәселелерді дөп көтерді.

Бүгінгі таңда елімізде шағын және орта бизнес жақсы дамып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, өндіріс саласына бет бұрған кәсіпкерлердің үлесі өте аз. Бұл — біздің экономиканың әлсіз тұсы. Шын мәнінде, тұрақты жұмыс орындарын ашып, экспортқа бағытталған өнім өндіру арқылы ғана экономиканы нығайта аламыз. Сауда мен қызмет көрсету саласы өзін ақтап отыр, бірақ ел дамуы үшін өндіріс пен өңдеу ісін өркендету қажет. Сондықтан Үкімет тарапынан өндіріс бағытындағы бизнеске ерекше қолдау көрсетілуі керек.

Президент Жолдауда атап өткендей, кәсіпкерлерге қажет ең басты нәрсе — әділдік пен тұрақты ереже. Біз кейде заңдардың көптігі мен қарама-қайшылығынан шаршаймыз. Бір құжат екінші құжатқа қайшы келіп, бизнес иелерін әуре-сарсаңға салады. Осындай жағдайда кәсіпкердің уақыты мен қаржысы рәсімдерге емес, қағазға кетеді. Сондықтан заңнаманы жеңілдетіп, жүйелеу — бизнесті дамытудың алғышарты. Бұл ретте жасанды интеллект арқылы заңдарды реттеу мен процестерді автоматтандыру идеясы — уақыт талабына сай және өте орынды бастама.

Мемлекет пен кәсіпкердің мүддесі бір: елдің әл-ауқатын арттыру. Сол себепті мемлекеттік органдар бизнестің дамуына кедергі емес, серіктес болуға тиіс. Әр әкім, әр министр өз өңіріндегі кәсіпкерлермен бір үстел басында отырып, олардың нақты мәселесін тыңдауы қажет. Сонда ғана сенім қалыптасады, жаңа жобалар пайда болады.

Президент айтқандай, бизнеске ашық әрі әділ орта қажет. Егер осы бағыттағы тапсырмалар толық орындалса, елімізде кәсіпкерлік мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі. Біз, кәсіпкерлер, мемлекет бастамаларына қолдау көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы – билік пен бизнестің бір мақсатта, ел игілігі жолында біріге жұмыс істеуі.

Бауыржан ҚҰМАРОВ,

жеке кәсіпкер

Құрманғазы ауданы

Сурет: OpenNews

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button