ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚ ОРТАЛЫҒЫНДА – ЖАҢА БАСШЫ

Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, ағымдағы жылдың маусым айында ҚР-ның «Кәсіптік одақтар туралы» заңы қабылданып, оған жалғаса республикалық кәсіподақтар федерациясының кезекті съезі өткендігі белгілі. Жаңа заң талаптары мен форумда алынған шешімдерге сай кәсіподақ ұйымдарын басқару органдарында құрылымдық өзгерістер болғандығы да мәлім.

Соған сәйкес, бұдан былай осыған дейін Атырау облыстық кәсіподақтар федерациясы аталған ұйым енді кәсіподақ орталығы деп аталатын болды. Республикалық кәсіподақтар федерациясы орталық атқару комитетінің ұйғарымымен бұл қызметтің басшылығына, яғни облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы қызметіне Диас Сұлтанов тағайындалды.

Кеше, облыстық кәсіподақтар үйінде өткен жиында жаңа басшыны атыраулық әріптестеріне республикалық федерацияның ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс департаментінің директоры Роза Қуанышбаева таныстырды. Диас Бауыржанұлы 1980 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітіріп, мұнай-газ өнеркәсібі инженері және заңгер мамандықтарын меңгерген. Мамандығы бойынша бірқатар кәсіпорын, мекемелерде еңбек еткен. Кейінгі кездері прокуратура органдарында жауапты қызметтер атқарған. Заң ғылымдарының кандидаты. Атырау қалалық мәслихатының депутаты. Отбасылы, жанұясында екі бала тәрбиеленуде.

Ал, осыған дейін Атырау облыстық кәсіподақтар федерациясының төрағасы міндетін атқарып келген Тілекқабыл Қабдолов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды. Ол осыған дейін қоса атқарып келген мұнай-газ кешені қызметкерлері республикалық кәсіподақтар федерациясы орталық кеңесінің төрағасы лауазымында қалдырылды.

Дәулетқали АРУЕВ. 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз