
Облыста қос аңшылық алқап ашылады
Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Эльмира Құрманғалиева баспасөз мәслихатында мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазір облыста 2 мыңға жуық аңшы тіркелген. Аңшылыққа Құрманғазы, Исатай, Жылыой және Қызылқоға аудандарындағы арнайы бекітілген алқаптарда рұқсат берілген. Ал резервтік қорларда тыйым салынады. Келер жылдан бастап Құрманғазы ауданындағы «Қиғаш» және Жылыой ауданындағы «Жылыой желтау» аңшылық алқаптары ашылады.
Күзгі-қысқы аңшылық маусымда үйрек, қаз, қасқалдақ, қоян, түлкі және жабайы шошқа аулауға рұқсат етіледі. Құстарды аулау мерзімі 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, жабайы шошқаға 6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, ал түлкі мен қоянды аулау 1 қарашадан 2026 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады. Қызыл кітапқа енген және сирек кездесетін жануарларды аулауға қатаң тыйым салынады.
Әр аңшыда аңшылық билеті, рұқсат қағазы және қаруға қатысты құжаттары болуы міндетті. Тыйым салынған құралдарды (қақпан, электр құрылғылары, улы заттар) пайдалану заңмен шектелген. Сондай-ақ түнгі уақытта жарық шамдармен және жануардың ізін түнде жылу арқылы көрсететін құрылғымен (тепловизор) аң аулауға болмайды.
— Инспекция мен құқық қорғау органдары бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізіп, құжаттарды, олжаланған аң-құстың санын, қаруды тасымалдау және сақтау ережелерін тұрақты тексереді. Биылғы маусымда заңбұзушылық тіркелген жоқ. Дегенмен аңшылық қағидатын бұзған жағдайда азаматтар тиісті заңдылық бойынша — әкімшілік, ал ауыр жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады, — деді Э.Құрманғалиева.



