Оқылмайтын оқулықтар

Оқылмайтын оқулықтар Жаңалықтар

«Басты байлық – балалар, бар жақсымыз – балаларға!» деп қанша ұрандатсақ та, оқулықтардың сын көтермейтіні жасырын емес. Жас ұрпақтың өз ұлтын, ана тілін, дінін, үрдіс-салтын  білуі және құрметтеуі, соны санасына сіңіруі оқулықтан басталатыны даусыз. Мәселен, ата-баба дәстүрі дегенде, ең алдымен, қазақтың үш биі туралы әртүрлі деректер бергенінің өзі оқушыны шатастырады.

Оқылмайтын оқулықтар

Мысалы, «Алматыкітап» баспасы шығарған үшінші сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» кітабында үш бидің өмір деректері қате берілген. Оқулық бойынша Әйтеке би  1667-1700 жылдары өмір сүрген деп берілген. Сонда ол небәрі 33 жаста болған ғой. Ал, шындығында Әйтеке би Төле би мен Қазыбек биден жасы үлкен кісі болған.

Осы оқулықты оқыған бала сонда кімге сенеді?  Неге анығын біліп алмай, болжамды оқулыққа енгізеді? Бұл – жас өскінді адастыру.

Бір ғана «Алматыкітап» емес, «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықтардың да тілі өте ауыр. Мәселен, бесінші сыныпқа арналған «Жаратылыстану» оқулығы түсініксіз жазылған. Оны бесінші сынып оқушысы тұрмақ, ересек адамның өзі де бірнеше рет оқып барып, әзер түсінетіні ақиқат. Бір айта кететін жайт, оқулықтар орысшадан тікелей аударылатын болуы керек, әйтпесе, қазақ тілінде сөз саптайтын ғалым мұндай ауыр тілмен балаға оқулық жазбас еді.

Осы сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы да көңілді көншітпейді. Мәселен, басқаны былай қойғанда сақтар мен ғұндар туралы да материалдар өте аз және түсініксіз жазылған. Парсының Кир патшасын жеңген Тұмар ханым туралы бес-алты ғана сөйлем болса,  парсыларды  шөлге бастап апарып, өзі де ерлік өліммен көз жұмған Шырақ жайлы бір сөз де жоқ. Ұлы даланы қорғаған батырлар неге дәріптелмейді? Сонда біз балаларды қалай патриоттық рухта тәрбиелейміз?  Еділ-Аттиланы да жүрдім-бардым айта салған. Римді бағындырған ғұн көсемі Еділ батыр туралы жас ұрпақ білуі тиіс деп есептеймін.

Тәуелсіз Қазақ елі туралы материал  бесінші сынып шәкірті үшін өте ауыр тілмен баяндалған. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетін  сөздерді неге қолданбаймыз? Сонда баланың ұғып алуына да оңай болар еді ғой. Қаншама «қағып алғыш» вундеркинд болғанымен, ол – бала ғой. Осыны ұмытпаған абзал.

Бірінші сыныптың «Сауат ашу», «Математика» оқулықтарының тапсырмалары өте ауыр. Жаңа бағдарлама бойынша жазылған «Сауат ашу» оқулығында оңтүстік өңірдің диалектісі көп қолданылады. Неге жалпақ жұртқа түсінікті әдеби тілмен жазылмайды? Ал, «Математика» пәнінің тапсырмалары тіптен қиын. Оны оқушы түгілі, ата-аналардың өзі әрең орындайды. Сондықтан, оқу жылының аяқталғаны – оқушы үшін емес, ата-ана үшін  мереке! Оқулық оқушыны қызықтырмағандықтан, олар кітаптың бетін ашпайды. Егер ол ресми, саяси тілмен емес, әдеби тілмен жеңіл де жатық баяндалса, кітап оқушылардың саны көбейер еді. Қазіргі жасөспірімдердің кітаптан безуінің бір ұшы осында жатыр деп сеніммен айтуға болады. Оқулық түзелмей, білім сапасы түзелмейтіні тағы айқын.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз