ОҢТАЙЛЫ ШАРАЛАР ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕДІ

Жаңалықтар

– Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестiң рөлiн әрдайым ерекше атап өтетiнi бекер емес. Бизнес инновациялық экономикада өз орнын табуы үшiн икемдiлiгi мен шапшаңдығын көрсетуі шарт. Себебі, «Нұрлы жол» Жолдауы аясында жүзеге асатын түрлі бағдарламалар мен салынатын нысандардың іске қосылуына Үкімет қана мүдделі болмауы тиіс. Оған елдің әрбір азаматы мен кез келген кәсіпкер өз үлесін қоса алады, – деген  сенатор бөлінген қаржы мақсатты игерілгенде ғана отандық кәсіпкерлікті жандандыруға жол ашылатынын айтты.

Парламенттің жоғары палатасының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері, Сенат депутаттары Марат Тағымов пен Асхат Күзеков «Нұрлы жол» бағдарламасына орай, Елбасы тапсырмаларын талқылап, олардың орындалу барысын баяндады.

– «Нұрлы жолдың» басты міндеттерінің бірі – мемлекетті ауқымды инфрақұрылымдық дамыту, – деген сенатор Марат Мырзалыұлы сол арқылы ұлттық экономиканы жандандыру және қосымша жұмыс орындарын құру сияқты стратегиялық міндеттерді шешіп, халықтың әл-ауқатын барынша арттыру болып табылатынына тоқталды.

Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды сапалы жаңарту, өңірлік дамыту, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету – бюджеттің негізгі бағдарламалары болып қалды. «Дегенмен де, Елбасы айтып өткеніндей, дағдарысқа қарсы шаралардың бірі – бюджеттік шығыстарды оңтайландыру. Міне, осы жерде  бұл процестің мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелеріне еш әсер етпейтіндігін де атап көрсету қажет. Кеше ғана Парламент Сенатында оңтайландырылған бюджет қайтадан бекітілді», – деді сенатор.

Жиын барысында белгілі болғанындай, ағымдағы жылы индустриялық карта бойынша 600 миллиард теңгеден астам сомаға 75 жоба енгізу жоспарланып отыр. Бұл 7,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді деген сөз. Үстіміздегі жылғы экономикалық ахуал ескеріле отырып, қазақстандық бизнесті, отандық машина жасауды, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары кеңейтіледі.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған