ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ КЕШЕНДІ ДАМУЫ

Жаңалықтар

 

Облыстың жалпы өңірлік өнімінің үлесі республиканың ішкі жалпы өнімінің 11,2 пайызын құрайды және 2-ші орынды алып отыр. Аймақта жылдан-жылға оң әлеуметтік-экономикалық динамика сақталып келеді, мемлекеттік бағдарламалар өз уақытында жүзеге асырылуда. Өңірдің тұрмысы, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XI форумы қарсаңында ҮИИД МБ-2 – индустрияландырудың жаңа кезеңінің екінші бесжылдығына қандай қорытындылармен шығып жатқандығы туралы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов  әңгімелейді.

Бақтықожа Салахатдинұлы, Атырау облысы – Қазақстанның көмірсутегі шикізатын өндіру бойынша танымал көшбасшыларының бірі. Сондай-ақ, бұл өңір өзінің басқа да саладағы жетістіктерімен мақтана алады. Мысалға облыста табысты жүзеге асып келе жатқан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын алайық. Бұл жайында егжей-тегжейлі әңгімелеп берсеңіз…

– Ең алдымен, бүгінгі күні нақ осы мұнай-газ секторы Атырау облысының ғана емес, сондай-ақ, ел экономикасының да тұрақты түрде нығаюының іргетасы, негізі болып қалып отыр. Қашаған кен орнын қоса есептегенде, аймақтың жер қойнауында 2,5 млрд. тонна мұнай және 2 трлн. текше метр газ бар. Сонымен қатар, облыста экономиканың өсу резервін пайдалану бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Келешекте ҮИИД бағдарламасының жобаларын, шағын және орта кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобаларын жүзеге асыру есебінен экономиканы әртараптандыруға басты назар аударылады.

Қазіргі кезде облыста Индустрияландыру картасы аясында 4 900 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,6 трлн. теңгеге 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жалпы сомасы 68 млрд. теңгенің 28 жобасы іске қосылып, 2 130 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызды. Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде кәсіпорындар 40 млрд. теңгеден астам сомаға өнім өндірді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша іске қосылған жобалардың 20-сы (бұл жалпы санының 95 пайызы) жоспарлы қуатпен жұмыс жасауда.

Алдағы уақытта 370 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 40 млрд. теңгеден асатын тағы да үш перспективалы жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл – фармацевтикалық фабриканың құрылысы, кабель өнімдерін шығару зауыты және газ-турбиналық электр стансасы.

Атырау облысында мемлекеттік қолдаудың тиімді құралдары арқасында қолайлы инвестициялық климат орнады. Мұндай әдіс инвесторларға қаншалықты пайдалы?

– Мұндай әдіс өзін-өзі ақтайды және оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Цифрлардың өзінен бұл айқын байқалады. Инвестицияларды тарту бойынша Атырау облысы өңірлер арасында көшбасшы атанып отыр. 2013 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 1 трлн. теңгеден астам қаржыны құрады, оның ішінде шетелдік инвестициялардың үлесі шамамен 400 млрд. теңгені, отандық инвестициялардың үлесі 638,1 млрд. теңгені құрайды.

Облыс әлемнің 50-ден астам елімен ынтымақтастық жасауда. Бізде 900 бірлескен және шетел кәсіпорындары құрылып, табысты жұмыс істеуде. Индустрияландыру картасы аясында шетелдік инвесторлардың қатысуымен алты жоба іске асырылды.

Одан басқа, сәуір айының 1-3 аралығында «ATYRAU INVEST-2014» II Халықаралық бизнес форумы ұйымдастырылып, оған 600-ден астам адам және әлемнің 15 елінен 100 компания қатысты. Форум аясында 19 млрд. теңгеден астам қаражатқа 15 меморандумға қол қойылды. Өткен жылы «ATYRAU INVEST – 2013» іс-шарасының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 50 млрд. теңгеге 40 меморандумға қол қойылған болатын. Жобалардың бір бөлігі іске асырылу үстінде, мәселен, өңірде жел-электр стансасы, фармацевтикалық зауыт құрылыстарының жобасы іске асырылуда.

Атырау облысының инвестициялық мүмкіндіктерін көрсету мақсатында шет елдерге іскерлік сапарлар ұйымдастырылып отыр. Біздің кәсіпкерлерден құралған делегация Түркия, Германия, Жапония, БАӘ елдерінде және Әзірбайжан Республикасының Ширван қаласында, Беларусь Республикасының Гомель облысында болып қайтты.

Өз кезегінде 2013 жылы бірқатар шетелдік делегациялар біздің облыста да ресми сапармен болып қайтты. Нәтижесінде, төрт шетелдік компания Атырау облысының аумағында баламалы энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін көрсетті. Бұл – түріктің «Enprode», германдық «Greenfortis», француздық «Solaris» және даттық «Antares» компаниялары. Машина жасау саласы бойынша бізбен серіктес болуға «Macheaters» америкалық компаниясы, ал, мұнай-химия саласы бойынша «Dow Chemicals» компаниясы қызығушылық танытып отыр.

Сондай-ақ, шетел инвесторларына қолайлы жағдай туғызу және инновацияларды дамыту мақсатында облыс әкімдігі жанынан «Атырау Инновейшнс» ЖШС құрылғанын атап өткім келеді.

Шетелдік серіктестермен байланыс жайында сөз қозғаған кезде өңірдің сыртқы тауар айналымы турасында да қысқаша айта кетсеңіз…

– Облыстың сыртқы тауар айналымы өсудің оң қарқынын көрсетіп отыр және ол ең алдымен, экспорттың өсіп, импорттың төмендеуімен байланысты. 2013 жылы экспорт 28,9 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2012 жылдың деңгейінен 8,8 пайызға артық. Дәл осы кезең ішінде Атырау облысынан 27,3 млрд. АҚШ долларына немесе 2012 жылдың деңгейімен салыстырғанда 109,7 пайызға өнім экспортталды, 1,6 млрд. АҚШ доллары сомасына өнім импортталды, бұл ретте төмендеу үрдісі 4,7 пайызды құрады.

Ел экономикасының негізін орта таптар құрайды. Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікке қандай қолдау көрсетіліп отыр?

– Кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары өз әсерін тигізді. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен көзделген шаралар да бар.

2013 жылы Атырау облысының белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 пайызға өсіп, 31,9 мыңды, жұмыспен қамтылғандар саны 17,2 пайызға өсіп, 89,3 мың адамды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындары 471,5 млрд. теңгеге өнім өндіріп, 2012 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға артты.

2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының барлық бағыттарын жүзеге асыруға 1 млрд. теңге қаражат бөлінген болатын. Нәтижесінде, кәсіпорындарда шамамен 700 жұмыс орны сақталып, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бюджеттің кіріс бөлігіне 357 млн. теңге салықтық төлем аударылды.

Биыл аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 1,5 есе артық қаражат көзделген, соның арқасында шағын және орта бизнестің одан әрі даму көрсеткіштерінің өсуі күтілуде.

Бұл ретте облыс әкімдігі де кәсіпкерлікті дамытуға қаражат бөлуде. Осылайша, 2013 жылы «Атырау» ӘКК-нің қатысуымен экономиканың нақты салаларында жалпы сомасы 7 млрд. теңгеге тоғыз жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде ӘКК үлесі 3,7 млрд. теңгені құраса, жекеменшік инвестициялар – 3,3 млрд. теңге. Үстіміздегі жылы жалпы құны 8,8 млрд. теңгені құрайтын алты инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары басталып, оған ӘКК-мен 3,4 млрд. теңге бөлінді.

Оның үстіне, Атырау екінші жыл қатарынан жергілікті бюджеттен селолық кәсіпкерлерге несие беру үшін 150 млн. теңге көлемінде қаражат бөліп отырған республикадағы жалғыз өңір болып табылады. Тек 2013 жылдың өзінде ғана 30 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, 2014 жылы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдауға 150 млн. теңге қаражат бөлінді.

– «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы-2»-ні жүзеге асырудан қандай нәтижелер күтесіздер?

– ҮИИД МБ-2 жүзеге асыру аясында облыста 4 кластерді құру жоспарлануда: мұнай-химия, мұнай-газ машина жасау, құрылыс және агроөнеркәсіптік кластер. Олардың әрқайсысы үшін айтарлықтай маңызды алғышарттар бар. Ұсынылып отырған кластерлердің экспорттық әлеуеттері де жоғары.

Облыстың жер қойнауында минералды шикізаттың үлкен қоры – мұнай, табиғи газ, күкірт шоғырланған. Бұл өңірді мұнай-химия секторындағы өндірісті құруға нағыз жайлы орын етеді. Сонымен бірге, қажетті индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның  жалпы аумағы 3,5 мың гектардан астам «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопарк» АЭА және жалпы аумағы 250 га индустриялық аймақ жасалған. Ол жерде әлемдік стандарттарға жауап беретін бірқатар бірлескен өндірістік-өнеркәсіптік кешендер құру жоспарланып отыр. Осы іс-қимылдардың барлығы ЖӨӨ құрылымындағы шикізаттық емес сектордың үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал, басқа бағыттарды дамытуға қатысты айтар болсақ, мұнай-газ машина жасау кластері мұнай-газ секторының жобаларын жүзеге асыру барысында қажеттіліктерді жабуға мүмкіндік береді, құрылыс кластері – өнеркәсіптік кешенді құру барысындағы материалдардың сұранысын қанағаттандыруға жәрдемдесетін болады. Оның үстіне, өңірде кенді емес пайдалы қазбалардың қоры бар (кірпіш сары балшығы, калий тұзы, құрылыс құмы, гипс және т.б.).

Атырау облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрамына өсімдік және мал шаруашылығы, сондай-ақ, балық өсіру және балықты өңдеу салалары енетін агроөнеркәсіптік кластер құрылуда.

Сөз соңында, Атырау облысының инновациялар мен озық халықаралық тәжірибеге баса назар аудара отырып, жаһандық экономикалық үрдістерге сәйкес дамып отырғанын тағы да атап айтқым келеді. Өлкенің табиғи байлығы, тиімді географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылым, білікті кадрлар – осының барлығы біздің мақтанышымыз және артықшылығымыз! Қазақстан және Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XI форумына қатысушылар бұған өздері де көз жеткізетініне сенемін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған