Қоғамдық көлік неге кешігеді?

4789 Жаңалықтар

Соңғы он жылдықта Атырау қаласының аумағы ұлғайып, жаңа ықшамаудандар бой көтеруде. Бұл қалаішілік қоғамдық көлікке сұранысты арттыра түсті. Редакцияға қоңырау шалған Нұрсая ықшамауданының тұрғындары  қоғамдық көлік  жұмысына көңілдері толмайтынын айтады. Олардың айтуынша, аялдама бар, автобус жоқ.  Бұл жөнінде жергілікті тұрғындар мәселе көтергенімен, шешімі табылар емес. Жақында Нұрсаяға барып, осы жағдайды бағамдап қайттық.

4789

Аталған ықшамауданның «Самал» деп аталатын аялдамасында қоғамдық көліктің жүру барысын түскі сағат 13.20-дан бастап бақыладық. Байқағанымыз, Әлиев көшесімен тікелей «Дина» сауда орталығына баратын экспресс-автобус 15 минут сайын қатынады. Бұдан бөлек осы екі ортада жүретін 100 теңгенің таксилері де бар. «Динаға» баратын жолаушылар бес минут та кідірместен кетіп жатты. Ал, №4 «Нұрсая-Дина» (Авангард арқылы жүреді) бағытындағы автобус  20 минутта келді. Бірақ, ересектер мен мектептен шыққан оқушылардың автобусқа қысыла-қымтырыла мінгені соншалық, көліктің бір жағына қарай қисайып кеткенін көрдік.

Аялдамаға келген уақыттан бері екі адамның тұрғанын көзіміз шалды. Сөйтсек, олар «Нұрсая-Жилгородок» бағыты бойынша жүретін 30а маршрутын күтіп тұр екен. Жолаушының бірі «Мен сағат 13.00-де келдім. 30a маршруты уақытымен жүрмейді. Жұмысымызға күніне 4 адам жиналып, таксимен жетеміз» деді.

Сонымен, сағат 14.20 болғанда көптен күткен 30а «газелі» келді. Жолсеріктен неге кідіргенін сұрағанымызда, «біз жекеменшікпіз, осы жүрісімізге де жолаушылар риза» деп қысқа қайырды. Сонда «жекеменшікпін» деп қалаған уақытта жүретін қоғамдық көліктерді бақылайтын органның болмағаны ма?

Қоғамдық көлік – қала тынысы. Демек, «Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, ұдайы қадағалауды қолға алса екен» деген тұрғындардың өтінішін орынды деп білеміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз