Жарнама
Жаңалықтар

Нұрлан Балғымбаев орталығы – ғылым мен тәжірибе тоғысқан орта

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, мұнай-газ саласының көрнекті өкілі Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың өмірден өткеніне он жыл толып отыр. Ол өз дәуірінің дара тұлғасы ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Нұрлан Өтепұлының есімі Қазақстанның мұнай саласындағы жаңғыру кезеңімен, ұлттық экономиканың өрлеуімен және жас инженерлер буынын тәрбиелеумен тығыз байланысты.

Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев — кәсіби білімі мен адами болмысы арқылы ел дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Мұнай-газ саласын басқару кезеңінде инновациялық шешімдер қабылдап, өндіріс пен ғылымның өзара байланысын нығайтуға үлкен күш салды. Нұрлан Өтепұлының жетекшілігімен отандық мамандардың жаңа буыны қалыптасып, мұнай өндірісіне заманауи технологиялар енгізілді. Оның еңбегі Қазақстан экономикасының тұрақты дамуында, инженерлік ой-сананың жаңа деңгейге көтерілуінде мәңгілік із қалдырды.

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығы бар. Мұнда жастар мамандық меңгерумен бірге елге қызмет етудің маңызын түсінеді.

Университет ұжымы Нұрлан Өтепұлының есімін құрметпен ұлықтап, өнегелі жолын кейінгі буынға дәріптеп келеді.

— Біз Нұрлан Өтепұлының бастамашылдығы мен еліне деген адалдығын әр студенттің жүрегіне сіңіруді басты мақсат санаймыз. Оның ғибратты ғұмыры — ұлтқа қызмет етудің символы, – дейді С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова.

Аумағы 4 мың шаршы метр үш қабатты ғимарат заманауи технологиялық құралдармен және ақпараттық ресурстармен толықтай жабдықталған. Орталықта студенттер мұнайды бұрғылау, өндіру және өңдеу салаларындағы нақты дағдыларын жетілдіріп, өндірістік процестердің қыр-сырын меңгереді.

Орталықта Қазақстанның мұнай өндіру тарихын қамтитын интерактивті музей жұмыс істейді. Бұл музей – елдің мұнай саласындағы ғасырлық жолын заманауи форматта таныстыратын бірегей таным алаңы.

Сондай-ақ ғимаратта И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің (ҒЗУ) Қазақстандағы филиалы орналасқан. Бұл мүмкіндік студенттер мен оқытушыларға халықаралық білім кеңістігіне шығуға жол ашып, кәсіби даярлық сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Мұнай-газ саласын терең меңгеруге бағытталған оқу орталығы Н.Балғымбаев атындағы қордың қолдауымен ашылған және елімізде баламасы жоқ бірегей нысан.
Ол теория мен тәжірибені ұштастырып, жастарға нақты өндірістік ортада жұмыс істеуге дайындық береді. Осындай білім ордаларының арқасында Қазақстанда мұнай инженерлерінің жаңа буыны қалыптасып келеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button