Нодулярлы дерматитке қарсы вакцина ойлап табылды

мал ауырса Жаңалықтар

Облыстық әкімдікте өткен ветеринария саласына қатысты жиында, негізінен, нодулярлы дерматит эпизоотиясынан сақтану шаралары кеңінен сөз болды. Айта кетсек, ірі қара малдың экзотикалық вирусты ауруының алғашқы белгілері өткен жылы Құрманғазы ауданындағы Мақаш ауылдық округінде пайда болған еді. Бұрын-соңды еліміздің ветеринария саласының мамандары бұл қатерлі вируспен кездесіп көрмеген. Жалпы, бұл ауру маса, сона, шыбын-шіркей секілді қансор-ғыш жәндіктер арқылы таралады.

мал ауырса

Аймақ басшысының орынбасары Сәлімжан Нақпаев жүргізген жиынға  қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы Салтанат Әбілқасымованың айтуынша, нодулярлы дерматит ауруы 2014 жылы Ресей Федерациясы аумағында тіркелген. Содан бізге жетіп отыр.

 

Салтанат ӘБІЛҚАСЫМОВА,

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы:

Қауіп әлі сейілген жоқ

– Өткен жылдың шілде айында біздің комитетке Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты – 15, Исатай ауданындағы – 4, облыс орталығындағы екі ауылдық округтерде белгісіз аурудың орын алғаны туралы хабар жетті. Мамандарымыз бұл аудандардың барлығына арнайы барып, биологиялық сынамалар алды. Диагнозы белгілі болып, Құрманғазы, Исатай аудандары мен Атырау қаласы аумағына карантин жарияланды.

Маусым-қазан айларында эпизоотия ошағында 6 912 бас мүйізді ірі қара ауруға шалдықты. Оның ішінде 1150  бас мал  өлді.

Осы үш-төрт ай аралығында қатерлі вирус Ресей Федерациясы шекарасынан (Котяев ауылы) Атырау қаласы аумағына дейін 300 шақырымнан астам қашықтыққа таралып үлгерген. Мұның басты себебі, ауа райының ыстық болуына орай қан сорғыш жәндіктердің тым көбеюі нодулярлы дерматит ауруының таралуын күшейте түскен. Әлі күнге дейін бұл аурумен ауырып шыққан жануарлардың вирус тасымалдаушы ретіндегі қаупі ашық мәселе болып қалуда.

 

Нұрбай ӘБДІРАХМАНОВ,

облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Екпе жұмыстары наурызда басталады

– Ауруға шалдыққан жануарларды емдеу мақсатында жалпы облыс бойынша 4 490 000 теңге бөлініп, Атырау, Орал қалаларынан қажетті антибиотиктер, дезинсектант препараттар, дезинфектанттар, ағзаның иммунитетін көтермелеу үшін қосымша дәрі-дәрмектер сатылып алынып, емдеу шаралары жүргізілді. Малдардың құлақтарына шыбын-шіркейлерді үркітетін арнайы «Флектрон» сырғалары тағылды. Аурудан өлген жануарлар өртеліп, мал молаларына көмілді.

Зерттеу нәтижесінде аталмыш аурумен ауырған малдарды емдеуде «Бициллин-3», «Бициллин-5» ең тиімді препараттар екендігіне көзіміз жетті.

Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке облыс әкімінің атынан вирусты індетті аса қауіпті аурулар тізбесіне қосып, өлген малдарға өтемақы төлеу жөнінде ұсыныс хат жазылды. Соның нәтижесінде өтемақы төленетін  аса қауіпті аурулар тізбесіне қосылды. Сөйтіп, 785 мал  иесіне өлген малдары үшін 185 164 750 теңге мөлшерінде толықтай өтемақы төленді.

Ағымдағы жылға арналған жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, дертке қарсы мүйізді ірі қара малдарын вакцинациядан өткізу наурыз айынан бастап жүргізіледі.

 

Лесбек КҮТІМБЕТОВ,

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының профессоры:

Ауру қоздырғышы – вирус

– Бастапқы кезеңдерде малдың көзінен сулы бөлінділер ағады, дене температурасы 40°С-ге дейін жоғарылайды, азықтан бас тартады, жүдей бастайды, жата береді. Кейін тері ішінде ісініп, түйнектер пайда болады.

Нодулярлы дерматитке қарсы вакцина ойластырылды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде.  Ал, ветеринариялық бақылау нысандарын дезинфекциялау үшін сілті, фенол, лизол және формалин ерітінділері пайдаланылады.

Аурудың инкубациялық кезеңі – 3-13 күнге созылып, шамамен төрт апта бойы байқалады. Ал, асқынған кезде одан да көп мерзімге созылады. Ауырып шыққан малдар 8-12 ай бойы вирусты қайта жұқтыруға қарсы иммунитетке ие болады.

Айгүл Eртілеу

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз