МЫҢ АЙДАН ДА ҚАЙЫРЛЫ

Жаңалықтар

Айдың алғашқы күнінен-ақ ғибадатханаларда Құран Кәрімнен намаздар оқылып, өлілердің рухына арналып дұғалар бағышталды. Алланың атына жақсы сөздер, Пайғамбарымызға салауат пен мадақ айтылды. Сол күні кешкісін Оразаға бет бұрған ағайын Атыраудағы «Иманғали» мешітінде бас қосты. Алдымен осындағы ақшам намазына жығылып, алғашқы ауыз-ашарға жиылды. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Ғибадат үйінде ұйымдастырылған рәсімге аймақ басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, жиналған жамағатты қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, ауыз бекіткен ағайынға жылы лебізін жолдады. Мұндай ізгілікті шаралардың ай бойына жалғасын табатынын жеткізді. Бұдан кейінгі сөзді ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Амантай Садиев жалғады. Ізгі амалдар мен игі қадамдарға, жақсылық пен рақымшылыққа, береке-бірлікке жетелейтін бұл айдың қадір-қасиеті хақында әңгімеледі.
Айтпақшы, бұл күні мешіт ауласына тігілген киіз үйде жайылған ауызашар дастарханынан 150-дей адам дәм татып, ризашылықпен тарқасты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған