
Мұнайлы өңір жастары жаңа технологияны игеруде
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы — «Ембімұнайгаз» АҚ Гран кен орнында әлемдегі ең ықшам әрі жеңіл STRYDE сымсыз сейсмикалық қабылдағыштарын қолдануда. Салмағы небәрі 150 грамм болатын бұл құрылғылар қуаттандырусыз 28 тәулік бойы үздіксіз деректер жинай алады және экстремалды температура жағдайында да сенімді жұмыс істейді.

Жаңа технологияны енгізудің нәтижесінде сейсмикалық барлау жұмыстарының жылдамдығы артты, ал қызметкерлер мен техника саны айтарлықтай азайды. Бұл өз кезегінде өндіріс өнімділігін төрт есе арттырып, экологиялық және өндірістік қауіпсіздік деңгейін жоғарылатты.
Аталған жобада UTEBAYEV University-дің жас мамандары белсенді атсалысып отыр. Олар «Ембімұнайгаз» АҚ-мен бірлесе отырып, кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, университеттің ғылыми-практикалық базасының дамуына да үлес қосуда.
– Университеттің жас мамандары осындай ірі өндірістік жобаларға қатысу арқылы кәсіби деңгейін көтеріп, ғылыми-практикалық әлеуетін нығайтуда. «ҚазМұнайГаз» және «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – еліміздің инновациялық экономикасын дамытудағы маңызды қадам. Мұндай серіктестік Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға, өндірістік қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірлік және ұлттық деңгейде кадр даярлау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді UTEBAYEV University ғылым және инновация жөніндегі проректоры Ринат Ысқақов.
UTEBAYEV University мен отандық мұнай-газ компаниялары арасындағы осындай ынтымақтастық жас ғалымдардың тәжірибесін кеңейтіп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ



