5fae2b819d4c1210666587

«Мұнай экспортын азайтып, қайта өңдеуді жолға қою қажет»

Жаңалықтар Экономика

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда Атырау Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі болып табылады.

Қазақстандық мұнайдың 55% сол жерде өндіріледі. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 39,3 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл қарқын жылдық жоспарды 46 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бүгінде облыста мұнай-газ саласы бойынша бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Солардың ең ірісі – Теңіз кен орнындағы Келешек кеңею жобасы. Оның жалпы құны 45 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл жоба мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Келешек кеңею жобасына 300-ге жуық қазақстандық компания жұмылдырылған. Қазір 27 мың адам жұмыс істеп жатқан іргелі жобаны 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның 80 пайызы дайын», – деді өңір басшысы.

Мұнай-газ саласындағы тағы бір ауқымды жоба Қашаған. Жыл басынан бері мұнда 13 млн тоннаға жуық мұнай өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда артық.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс» деп атап өткені болатын. Аталған бағыттар бойынша Атырау облысында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

«Нақтырақ айтқанда, таяу шетелдегі ең ірі полимер өндірісі болып табылатын KPI компаниясының Полипропилен жобасын атап өткім келеді. Жобаға 2,6 млрд. АҚШ доллары инвестицияланды, өндірісті құру кезеңінде 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Өндіріс 2021 жылы басталған кезде 500 жаңа жұмыс орны ашылады. 2021-2023 жылдар аралығында инвестиция көлемі 370 млрд. теңгені құрайтын «GPS Investment» ЖШС-нің Қашаған шикізаты негізінде газ өңдеу зауытын салу жобасы әзірленуде. Жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже: шикі мұнайды шетелге жеткізу азаяды (қазір мұнай экспортының 80% -ы), тазартылған мұнай экспорты ұлғайған кезде дайын мұнай-химия өнімі өндірісі жолға қойылады», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, құрылыс кезеңінде 2800 жұмыс орны және 600 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған