
Мұғалімдер спартакиадасы мәресіне жетті
Салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғам үшін де, өскелең ұрпақ үшін де аса маңызды. Бұл бағытта мұғалімдердің өзі үлгі көрсетіп, спорттық ортада белсенділік танытуы дәстүрге айналып келеді. Алда келе жатқан Ұстаздар күні мерекесіне орай Атырау облысы Білім беру басқармасы мен «Атырау облысы білім және ғылыми қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған облыстық спартакиада бүгін өз мәресіне жетті.
Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері арасында өткен сайысқа қала және аудандық кезеңнен іріктелген командалар қатысып, шағын футбол, тоғызқұмалақ, волейбол (ерлер және әйелдер), үстел теннисі, асық ату және бес асық түрлерінен бақ сынады. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, тартысты ойындар жанкүйерлерге қызықты сәттер сыйлады.
Қорытындысында Атырау қаласы командасы 17 ұпаймен бірінші орынға ие болды. Құрманғазы ауданының ұстаздары 19 ұпай жинап екінші орыннан көрінсе, Мақат ауданының командасы 21 ұпаймен үшінші орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ Жылыой, Қызылқоға, Индер аудандары үздік алтылық қатарына енді.
Жеңімпаздар енді қараша айында Алматы қаласында өтетін республикалық мұғалімдер спартакиадасында Атырау облысының намысын қорғайтын болады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



