Метеориттің қоршаған ортаға әсері қандай?

maxresdefault 1 Жаңалықтар

 Atr.kz/25 желтоқсан, 2019 жыл.   Аспаннан ара-тұра жұлдыз жауатыны, беймәлім денелердің құлайтыны – үйреншікті құбылыс.

Әйтсе де, солар жұмыр жердегі тұрғындар үшін қауіпті емес пе? Өзіміз өмір сүріп отырған планета қатерге ұшырағалы тұрған жоқ па? Бұдан төрт-бес жыл бұрын Ресейдің Челябі қаласының маңындағы Шұбаркөлге түскен метеорит төңіректегі үйлердің талайының терезесін талқан етіпті. Бірнеше адам жарақаттанған. Аспан денесінің салмағының сомдығы соншалық, Қазақстанның көршілес Қостанай облысындағы Қарабалық ауданы тұрғындары да қатты дыбысты естіген. Кейін белгілі болғанындай, көлдің суы өзгеріп, тіпті тазарып қалыпты. Осындай оң өзгеріс байқалса жақсы ғой, бірақ, мұндай жай үнемі кездесе ме?

Оның үстіне, әлгі аспан денесінің салмағы он мың тонна екен. Құдай сақтап, Жер бетінен 10-20 шақырымда ауада жанып, қалдықтары ғана түскен ғой. Өзі топ ете қалса, едәуір зардабы болар еді. Кезінде қазақ даласының Ақтөбе және Қарағанды облыстарына да метеорит құлапты. Алайда, сол шақта ғалымдар бұл жайды жан-жақты зерттемепті.

Қостанай облысының Қамысты ауданы аумағына түскен аспан денесі туралы да жергілікті адамдар жете білмейді екен. Бұған мамандар да дер кезінде назар аудармаған. Соның салдарынан Шеңберкөл сарқылып, түбіне арам шөп шығыпты. Бұрынғы арналы судың ізі де жоқ. Ал, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары осы жерді зерттеген геологтар таң қалыпты. Әдетте жер қыртысы 20, кей тұсында тіпті он метрді құрайды.

Мұнда 200 метр тереңдікке дейін борпылдақ топырақ шығып, оның жұп-жұмсақ екені байқалған. Бұл – шын мәнінде, ғажап көрініс. Әрі, диаметрі бір шақырымдық шұңқыр пайда болған. Осы жер «Қоңыртау астроблемасы» деп аталады. Неге? Сөйтсек, бұл маңда биік төбе болыпты. Қазір бұл төңірек теп-тегіс. Ал, метеориттің жарықшағы жеті-сегіз шақырымға жетіп, кейін тас болып қатып қалған. Бүгінде жергілікті жұрт аталмыш орынды өздері зерттеп жүр. Қоршаған ортаға әсері қандай? Жақын ауылдарға зардабы бар ма? Осындай сауалдарға жауап ізделмек.

Ал, ашық ақпарат деректеріне қарағанда, қазақ даласына ең көне метеорит 1840 жылғы 9 мамырда Таскескенге түсіпті. Қыр төсінде мал баққан қазақ қатты қорқыпты. Енді ше? Аспаннан әлдене топ ете түссе, оны неге жорысын? Қазақтар метеориттерді «аққан жұлдыз» деп атайды. Табылған теңеу.

Өйткені, бұлар – Құс жолындағы жұлдыздардың сынығы. Кейде «Ғарыш кезбелері» саналады. Көптігі сонша, тіпті есебі жоқ. Дені атмосферада жанып кетеді, ірілері Жерге дейін жетеді. Биылғы бірінші тоқсанда метеориттер туралы екі мәлімет тарады. Сөйтсек, өткен жылғы 18 желтоқсанда Камчатка түбегінен әрірек біреуі жарылыпты. Оны алдымен байқаған АҚШ Ғарыш агенттігі болған жайды үш ай шамасында құпия ұстаған.

«Ғарыш кезбесі»  Жер атмосферасына секундына 32 км жылдамдықпен келіп киліккен. Сөйтіп, Беринг теңізі үстінде 23,6 км биікте жарылған. Оның  күші  173 килотоннаны құраған. Бұл Хиросимаға тасталған атом бомбасынан он есе көп. Екінші метеорит ақпанда Куба көгінде көрінген. Алақандай алаңға аспан денелері бұршақша жауған. Әйтеуір бәрінде де адам аман. Иә, қайткенде де, көгілдір көк жүзінің құпиялары адамзатты таң қалдыруын қояр емес.

Мергенғали СӘРСЕНҒАЛИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз