МЕРЕКЕЛІК СЕССИЯ

Атырау қалалық мәслихатының депутаттары өздерінің кезекті басқосуын осылай атапты. Өйткені, ол Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығына арналды. 

Бүгінде бұл мереке еліміздің барлық аймақтарында аталып өтуде. Сонау 1994 жылдың наурызында енгізілген депутаттық корпус құрылымы өзін ақтады. Әсіресе, ел егемендігінің бастапқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар кезінде сайлаушылар сеніміне ие болған депутаттар шын мәнінде ауқымды істер тындырды. Сол ауыр кезеңдерді бастан кешкендердің жадында елді жайлаған жұмыссыздық, уақытында берілмеген жалақы, мұқтаж жандардың өтелмеген төлемақысы, т.б. жаңғырып тұрған да шығар. Коммуналдық қызметтің кенжелеуі салдарынан көп қабатты үйлердің тұрғындары далаға ошақ орнатып, асын ашық аспан астында дайындаған жоқ па? Осындай жағдайды өз мүддесіне пайдаланғысы келгендер де табылды. Оларды да ақылға шақырып, тезге түсіруге тура келді.

Міне, өткенге біраз шолу жасаған Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев мәслихаттың бастапқы шақырылған депутаттарының еңбегін ерекше бағалап, олардың бір тобын Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальдармен марапаттады. Олардың қатарында Қали Әубекеров, Серік Оразбаев, Гүлнәр Жәкиева, Ағила Молдағалиева, Марат Рахманов және Киікбай Жаулин болды. Мәслихаттардың алғашқы сессияларынан репортаж жазған журналист ретінде айтарымыз – осы ардагерлердің бәрінің де атқарған жұмыстары жадымызда. Олардың түрлі мәселелерді терең талқылап, жан-жақты зерделегені де есімізде қалыпты.

Сессия барысында Атырау қалалық мәслихатының хатшысы Бекболат Қазиманов әріптестерін ҚР мәслихаттарының 20 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальдармен марапаттады. Сонымен қатар, депутаттар Ермекқали Юсупов «ҚР үздік автокөлікшісі», Абат Тасимов «ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі», Атырау қалалық мәслихатының аппарат жетекшісі Қанат Нұрмұханов «ҚР үздік мемлекеттік қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, бір топ Атырау қалалық мәслихаттың депутаттары мен қызметкерлері облыстық және қалалық мәслихаттардың Алғыс хаттарын иеленді. Ал, депутаттар Жандарбек Ермұхановқа Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасы, Ермекқали Юсуповқа облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан бір топ бөлім басшылары мен кәсіпорындар жетекшілерін Алғыс хатпен марапаттады. Шаһар басшысы, әсіресе, Атырау қалалық электр желілері мекемесінің басшысы Ғабиден Қанатовтың еңбегін ерекше атады. Форум қарсаңында тәулік бойы жаңбыр жауғаны белгілі. Сол кезде «Атырау-Жарық» акционер-лік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов бастаған өңір энергетиктері көп іс тындырды. Электр энергиясымен қамтуда ешқандай кідіріс болған жоқ.

…Міне, Атырау қалалық мәслихатының мерекелік сессиясы осылай аяқталды. Бірін-бірін құттықтаған депутаттар күнделікті қарекетіне кірісті…

М. ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз