МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ТАРТУ

«Нұрсаяда» олимпиадашылар даярлайтын орталық ашылды

Кең де сәулетті ғимаратта кәсіби спортшылармен бірге жергілікті балалардың да спортпен айналысуына мүмкіндігі бар. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатынасып, сөз сөйледі.

 

Қаланың жаңа шағын ауданындағы спорт кешені құрылысының басталғанына бірнеше жыл болған. Алайда, қаражаттың жетіспеуі, өзге де жағдайларға байланысты жұмыс тұралап қалған еді. Мердігер мекеме «Данияр – Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асланбек Бекқалиевтің айтуынша, ғимаратты қабылдап алғандарында оның тек сұлбасы ғана тұрған. Жергілікті әкімдіктің қолдауының арқасында, ол санаулы айда елдің игілігіне айналып отыр. «Осы жылдың наурыз айынан бастап құрылыс жұмыстары қызу қолға алынды. Электриктер, сылақшылар, басқа да мамандық иелері – барлығы бес бригада бір уақытта жұмысын жүргізді. Оның нәтижесі қаншалықты сапалы болғанын өзіңіз де байқаған шығарсыз» дейді кәсіпорын басшысы.

Расыменен, алып спорт кешенінің ішін аралап шыққанымызда көп жайға көз жеткіздік. Үлкен спорт залда «Атырау» волейбол командасының негізгі және қосалқы құрамы жаттығып жатыр.

– Орталықта 7 кіші, 1 үлкен зал бар. Оның жалпы көлемі 3178 шаршы метрді, ғимараттың іші 2547 шаршы метрді құрайды, – дейді осы тұста облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлжанат Қаленова.

Олимпиадашылар даярлау орталығының мән-маңызын арнайы шарада облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ерекше атап айтты. Ата Заңның 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген ғимарат нұрсаялықтарға жасалған үлкен тарту болғанына тоқталды.

– Бүгінде «Нұрсая» шағын ауданында көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылуда. Балалар үйінде тәрбиеленген жастар, әлеуметтік қорғауды қажет ететін жандар үшін салынған 240 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Дәл осындай екінші үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Жас отау» бағдарламасы бойынша тұрғызылған 90 пәтерлік үй де қоныстанушыларын қабылдаса, жас отбасыларға тағы да 120 пәтерлік баспана көтерілуде. Бұдан бұрын 280 орындық балабақша ел игілігіне айналса, енді 320 бүлдіршінге арналған осындай нысан салынбақ. Келесі жылы 624 орындық лицей іске қосылуы жоспарланса, бүгінде осынша оқушыға есептелген мектептің құрылысы басталып кетті. Сонымен қатар, үлкен теннис пен үстел теннистері орталығы, коммуналдық базардың құрылыстары жүруде. Мұның бәрі «Нұрсая» мөлтек ауданының болашағы зор екендігін көрсетеді, – деген аймақ басшысы салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорт кешендерінің маңызы зор екендігіне көпшіліктің назарын аударды.

– Жастарымыз дені сау, саналы да қуатты болып өсуі үшін спорт кешендерінің болуы, оның қажеттілікпен толық қамтылуы аса маңызды. Бүгін есігін айқара ашып отырған ғимарат соның айқын көрінісі бола алады. Мұндай нысан облыстың бірнеше жерінде салынуда. Тек биылдың өзінде Құрманғазы ауданының Байда, Шортанбай елді мекендерінде спорт кешендері пайдалануға беріледі, – дедіоблыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Салтанатты рәсімнен соң облыс әкімі олимпиадашылар даярлау орталығының ғимаратын түгел аралап көрді. Жаттығу жасап жатқан «Атырау» волейбол командасының мүшелерімен кездесіп, естелікке фотосуретке түсті.

 Олимпиадашылар даярлау орталығының  директоры Марат Жанғалиев «Нұрсаяда» жаңа ашылған ғимаратқа тілек білдірген балалардың барлығы да келе алатынын айтты. Мәселен, мұнда волейболдан өзге, күрес, дзюдо, таэквондо, гимнастика секілді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Оларға білікті мамандар тәлім береді. Сонымен қатар, жаттығу  залы жас буын өкілдерінің бос уақытын мазмұнды, мәнді өткізуіне жағдай жасайды.

– Спорт кешені ашылады дегенді естіп, жергілікті тұрғындар келуде. Олар «спорт  секцияларына балаларымыз қатысқысы келеді, олар ақылы ма?» деп сұрайды. Сондықтан, осыған орай айтарым, бізде тәлім алғысы келген жас ұрпаққа есігіміз айқара ашық және ол үшін ешқандай ақша төлемейді, – деді орталық басшысы.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз