Мерейді өсірген марапат

 Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жиында Марғұлан Жұбанышұлы «төртінші билік» өкілдерінің ақпарат кеңістігіндегі қызметінің мәні мен маңыздылығын атап айтып, мерекелік лебізін білдірді.

  Мемлекеттік билік пен қалың бұқараның арасын жалғап, қоғамдағы оқиғаларды халықтың алдына шығарып, кең тыныс беретін журналистер – ерекше мамандық иелері. Болып жатқан оқиғаларды, тың деректі, соны жаңалықты көптің құлағына жеткізуді кәсіби машығына айналдырған сала қызметкерлерінің ел өміріндегі мән-маңызын әркім де жоғары бағалайды. Осы орайда сот жүйесі қызметін насихаттауға сүбелі үлес қосқан тілшілердің еңбегі зор» деген облыстық сот төрағасы республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне Алғыс хат пен гүл шоқтарын және ақшалай сыйлықтар табыс етті. Құрметке ие болғандардың қатарында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының журналисі Елнұр Есмұратова және облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің тілшілері Алтыншаш Құрмашева мен Светлана Новак бар. Сондай-ақ, жиын барысында облыстық, қалалық және аудандық соттардың ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімдерінің бірқатар маманы сот төрағасы тарапынан марапатқа ие болды.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз