
Медицина саласына серпін қажет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінгені — біз, медицина қызметкерлері үшін зор қуаныш әрі үлкен үміт. Мемлекет басшысының бастамалары дәрігерлердің кәсіби беделін арттырып, саланың жүйелі дамуына жаңа серпін береді. Әсіресе ауылдық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың ашылуы, ескірген нысандарды жаңғырту халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін айтарлықтай арттырады. Бұл қадам тек медициналық инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, ауыл дәрігерлерінің жұмыс жағдайын жақсартып, кадр тапшылығын азайтуға да әсер етеді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, фармацевтика өнеркәсібін дамыту — ел қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Өткен пандемия кезеңі дәрі-дәрмек өндірісін өзімізде жолға қоюдың қаншалықты қажет екенін айқын көрсетті. Сондықтан отандық фармацевтикалық компанияларды қолдау мен жаңа технологияларды енгізу – стратегиялық шешім. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен заманауи цифрлық жүйелерді медициналық тәжірибеге енгізу дәрігердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, диагноз қою мен емдеу сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Дәрігерлердің мәртебесін көтеру, еңбекақысын әділ төлеу және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту – қоғамның саулығына тікелей ықпал ететін маңызды бағыт. Президенттің осы мәселелерге басымдық беруі – мемлекет тарапынан медицина мамандарына деген зор құрметтің көрінісі. Бұл бізге жауапкершілікпен қатар, үлкен сенім жүктейді.
Жолдауда айтылған бастамалар толық жүзеге асқанда, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі жаңа сапалық деңгейге көтерілері анық. Біз, дәрігерлер қауымы, осы мақсат жолында табанды еңбек етіп, халықтың денсаулығын қорғау ісіне өз үлесімізді қоса береміз.
Шынар МАМАШ,
Қызылқоға аудандық ауруханасының фельдшері


