Маса мезі етпес үшін…

image Жаңалықтар

Күн жылына басталысымен Атырау тұрғындарын мазалайтын басты мәселе – маса. Өткен жылдары аптап ыстықтан тұрғын үйлердің жертөлелерін, шөптің арасы мен шалшық суларды «мекеніне айналдырған» қансор-ғыштардың кесірінен тұрғындар кешкілік серуеннен қалды. Әсіресе, ойын баласына қиынға соғады. Шаққан жерін лезде-ақ күп қып ісіріп жіберетін масадан қалған қотырды кез-келген баланың денесінен көру үйреншікті жағдайға айналған-ды. Ал, биыл жаз айларында масаны улау бойынша қандай жұмыстар жоспарланып отыр? Міне, осы мәселеге орай біз қалалық әкімдікке хабарласқан едік. 

image

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы облыс орталығы мен оған жақын маңдағы елді мекендер және теңіз жағалауының 40 063 660 шаршы метрді құрайтын аумағына  дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Бұл үшін 130 миллион теңге қаражат қаралған.

Электрондық мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысына сәйкес жеңімпаз болып танылған «Биоген-Инжиниринг Лимитед» ЖШС масаны улау жұмыстарымен айналысуда. Бұл серіктестік бөлінген 52 миллионнан астам теңгені игеруі тиіс.

– Дезинфекциялық жұмыстарды жүргізу барысында желдік және ыссы тұман жіберетін генераторлар және масаға қарсы бактерицидты препараттар қолданылуда. «Биоген-Инжиниринг Лимитед»  ЖШС тарапынан ай сайын қаладағы аумағы 940  көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістері, кәріздік тазалау құрылғылары мен буландыру алаңдары, сондай-ақ, қала көшелерінің ашық жерлеріндегі шалшық сулар, саябақтар мен алаңдардағы жасыл желектер дезинфекциялық жұмыстармен қамтылуда.

Көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістері және жертөлелеріне дезинфекциялық жұмыстар кестеге сәйкес айына бір реттен жүргізілді. Осы жұмыстардың тиянақты орындалуын пәтер иелері кооперативтері басшылары мен бөлім мамандары күнделікті қадағалап отырады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

Қала маңындағы тоғыз ауылдық округтің аумағына дезинфекциялық жұмыстар айына бір реттен жүргізіледі. Сондай-ақ, шаһардағы  саябақтар мен алаңдардағы жасыл желектерге дезинфекциялық жұмыстар ауа райына байланысты аптасына төрт-бес реттен жасалуда.

Масаны улау жұмыстарының сапалы орындалуын қадағалау мақсатында аталған бөлім тарапынан арнайы маман бөлінген.

Дезинфекциялық жұмыстарға жұмылдырылған техникалар мен құралдар саны:

– Желдік генераторлар – 3 автокөлік;

– түтінгенератор – 1 автокөлік;

– асылмалы су генераторы тракторға жалғанған – 1 автокөлік.

–  қолмен сепкіштер – 7 дана;

–  асылмалы сепкіштер – 10 дана;

– жұмысшылар – 18 адам, 6 топ.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз