Маса мазаны алып тұр оны жою үшін не істеуге болады?

  Шіркін-ай, шілденің ми қайнатар ыстығынан кейін кешкі самалға кеудеңді тосып, жағалауда демалғанға не жетсін! Тек соған құлақтың түбінде ызыңдап, шаққан жерін ойып түсетін мазасыз маса мүмкіндік берсе жақсы. Қалалықтардың қалыпты тірлігін бұзып отырған қансорғыштармен күрес қалай ұйымдастырылып отыр? Жалпы, одан түпкілікті құтылу мүмкін бе? Біз осы мәселені зерттеп көрдік.

 Өткен жылы масамен күреске 80 млн. теңге бөлініпті. Соның нәтижесінде біраз шаруа атқарылды. Биыл қарастырылған қаражат көлемі 130 млн. теңгені құрады. Демек, былтырғымен бағамдағанда көбірек іс тындыруға мүмкіндік бар. Оның үстіне, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рафхат Жолдиевтің айтуынша, белгіленген жұмыстар бекітілген кесте бойынша жүргізілуде. Көп қабатты тұрғын үйлердің төңірегіне, Каспий жағалауындағы шалшық суларға, орталық алаңдарға, саябақтар мен демалыс орындарына масаға қарсы улар шашылуда. Бұл жұмыстардың жергілікті атқарушы билік тарапынан күнделікті қадағаланып отырғандығы да көңілге демеу. Тұрғындардың арыздарына орай да барып тұратын көрінеді. Әрине, мұның бәрі жақсы. Бірақ, биыл ылғал көп болғандығынан ба, масаның маза бермей тұрғаны жөнінде арыз көбейді. Әсіресе, «Лесхоз» ықшамауданы, Ескі базар маңында тұратындардан шағым көбірек келеді екен.

  Жалпы, осы қансорғыштар қайдан пайда болады? Алдымен, мамандардың айтуынша, сол масалардың өсіп-өнетін ошағын залалсыздандыру қажет. Мәселен, Каспий теңізімен шектесіп жатқан Еркінқала елді мекені жақтан жел соқса, маса қалаға қарай құйылады екен. Демек, көшелерді қаншалықты улағанмен масаның о бастағы ошағын жоймай, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Яғни, алдымен облыс орталығының өзін емес, оның төңірегіндегі елді мекендерді қамту қажет. Турасын айтқанда, қала сыртындағы ауылдарды алдымен назарда ұстаған абзал.

  Одан әрі, дезинфекция мамандары қаланы улағанда, ең бірінші, адамдардың денсаулығына да алаңдайды. Өйткені, масаға қарсы қолданылатын қою түтін кісінің қолқасын қауып, тыныс алу жолдарына зиянын тигізеді. Оның үстіне, масаға шашылған удан көбелек, ара, инеліктер тәрізді жәндіктер де зардап шегуі мүмкін. Ал, сайып келгенде, инелік те, ара да масамен қоректенеді. Демек, табиғи тепе-теңдік бұзылады. Сонда қандай амал қолдануға болады?

  Сонымен қатар, масаның жаңбырлы күндері көбейіп кететіні рас. Тұрғындар арасында «маса бұлты» аталатын ұғымның қалыптасуы да сондықтан. Соңғы бірер жылдан бері Атырауда жауын мол. Соның салдарынан жеке үйлердің зардап шеккені өз алдына, арамшөп те қаптады. Ол облыс орталығында ғана емес, оның төңірегінде де өте көп шықты. Міне, масалар солардың арасында өніп жатыр. Ал, мұны дер кезінде шауып, тұрғын үйлер арасын арамшөптерден арылтуға Атыраудағы тиісті орындар дер кезінде жұмылғаны жөн еді.

  Сондай-ақ, дезинфектор Азамат Қынбаевтың айтуынша, масалардың ұясы кішігірім көлшіктерде, уақытша су жайылған жерлерде орналасады. Демек, алдымен сол жерлерді улаған тиімді. Бұл ретте дұрыс тазаланбаған көп қабатты үйлердің жертөлесі де назардан тыс қалмағаны жөн. Осы орайда Геолог елді мекеніндегі қамыстардың арасын улап жатқандығының өзім де куәсі болдым. Жергілікті тұрғын Замрат Шамаров бұған ризалығын да білдіреді. Бірақ, мұндай жекелеген шаралар масамен күресте жеткілікті нәтиже бермей отыр. Демек, кешенді шара қажет. Оған аймақтағы іргелі компаниялар да қаржымен көмектесіп, бұл мәселені шешкен жөн. Қала тұрғындарының кешкі мезгілде көбірек қыдыратын орны – Жайық жағасы. Бірақ, сағат 22-ден кейін жағада жүру мүмкін емес. Бұл кезде маса күшіне еніп, серуендеушілер үйлеріне тығылуға мәжбүр болады.

 Ақырында, маса – адам саулығына аса зиянды жәндік. Адамзат тарихында оның шағуынан 45 миллиардқа жуық адам мерт болған. Ойлап қарасаңыз, аса ауыр апат емес пе? Қазірдің өзінде аталған жәндіктің шағуынан әлемде әр он екі секундта бір адам көз жұмады. Өйткені, ол безгек, сары ауру, энцефалит, филириатоз тәрізді қауіпті дерттердің пайда болуына соқтырады.

  Жалпы, масаны ХІХ ғасырға дейін ешкім қауіпті санамаған. Тек 1877 жылы ғана атақты дәрігер Патрик Мэнсон оның адам үшін қаншалықты қатерлі екендігін дәлелдеген. Безгек ауруының шығу тарихын зерттеу барысында ол бұл дерттің масадан таралуы ықтималдығын анықтаған. Сөйтіп, Үндістанда тәлім алып жатқан шәкірті Роналда Россқа соны зерттеуді тапсырады. Кейін ол осы бағыттағы жаңалықтары үшін Нобель сыйлығын алған. Бүгінде масаның 2500 түрі белгілі десек, соның қырық шақтысы безгек ауруын таратады екен. Әсіресе, ұрғашы масалардың қаупі көбірек. Олар жұмыртқаларын суға салады да, қажетті қоректі адамдардан жинайды. Бұл ретте тершең жандар мен аяғы ауыр әйелдер масаның жиі құрбаны болады екен. Сонымен қатар, маса жүрек, бүйрек, бауыр дертіне шалдыққандарды жиі шағады. Сондай-ақ, оның аққұба адамдарға үйірсек екендігі анықталды.

  Жалпы, маса шаққанда адамдарда әртүрлі тері және жұқпалы аурулар пайда болуы ықтимал. Сондықтан, бор немесе салицил қышқылы, қырмызы қайнатпасы, корвалол және валокардин тәрізді дәрілерді жараның орнына жағу керек. Бір-екі қасық ас содасын бір стақан суға ерітіп, мақтамен жараға жағуға да болады. Қансорғыш жәндікке қатысты тағы бір дерек – оның қанатын сағатына 600 рет қағатыны. Бұл оның бір сағатта 3,2 шақырымға еркін ұшуына мүмкіндік береді. Демек, әне-міне дегенше діттеген жеріне жетіп келеді екен. Бұл елді мекен сыртындағы масалардың қас- қағым сәтте оның орталығынан табылуына мүмкіндік береді.

  Сонда оған тосқауыл қоятын қандай күш бар? Мысалы, масамен күресіп, нәтижеге жеткен қалалар аз емес. Атап өтсек, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларының кеші қандай тамаша. Ендеше, неге атыраулықтар ғана өмір бойы масадан зардап шегуі тиіс? Біздің олардан қандай кемдігіміз бар. Ал, әзірге облыс орталығының да, оның төңірегіндегі елді мекендердің де тұрғындары мазасыз масалардан қайда тығыларын білмей отыр. Мүмкін, олармен күрестің тиімді жолын бірлесіп іздеген жөн шығар.

Нұрислам ҒҰМАР.

Суретті түсірген: М.Стадниченко.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз