Мақатта ел Тәуелсіздігі ұлықталды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Мақат ауданында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Айбын мен Азаттық» тақырыбында әскери-патриоттық клубтар сайысы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараны аудандық білім бөлімі ұйымдастырып, оған өңір мектептеріндегі әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатысты.

Сайыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбие беру, ел тәуелсіздігін құрметтеуге баулу, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және оқушылардың дене дайындығы мен ұйымшылдық қабілеттерін дамыту болды.
Байқау барысында қатысушы командалар саптық дайындық, әскери тәртіп пен жинақылық, шапшаңдық пен ептілікті талап ететін түрлі кезеңдерден өтті. Сонымен қатар, оқушылардың командалық рухы, жауапкершілігі мен тәртібі ерекше назарға алынды. Қазылар алқасы сайыстың әр кезеңі бойынша командалардың дайындық деңгейін, тәртіптілігін және тапсырмаларды орындау сапасын бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды О.Сарғұнанов атындағы орта мектеп жеңіп алды. ІІ орын Б.Қанатбаев атындағы орта мектепке бұйырса, А.Құнанбаев атындағы орта мектеп ІІІ орынға ие болды.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар аудандық білім бөлімінің арнайы дипломдары мен медальдарымен марапатталды. Ұйымдастырушылар сайысқа белсене қатысқан барлық командаларға алғыс білдіріп, мұндай патриоттық бағыттағы шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Аталған іс-шара жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін нығайтып, елге, жерге деген құрметін арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге бағытталды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА



