1 5

Маңызды! Мобильді ақша аударымдарын пайдалануға қатысты өзгерістер пайда болуы мүмкін

Жаңалықтар
4 / 100

Қаржы министрлігі мобильдік ақша аударымдарын жеке және кәсіпкерлік мақсаттарға бөлу мәселесін пысықтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Қаржы Министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында мәлім етті.

«Аударымдардың коммерциялық мақсаттарда кеңінен таралуына байланысты министрлік Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қолданыстағы тетікті сақтай отырып, мобильдік аударымдарды жеке және кәсіпкерлік мақсаттарға бөлу жөніндегі функционалды заңнамалық реттеу және іске асыру мәселелерін пысықтауда. Бүгінгі таңда бірқатар ұсыныстар мен заңнамалық бастамалар анықталды», – деп жазады министр.

Министрлік мамандары кәсіпкерлерді электронды аударым арқылы жасалатын төлемдерді қабылдайтын арнайы шот ашуға міндеттеу керек деген бастама көтермек. Сондай-ақ, «мобильді төлемдер» ұғымының заңдық тұрғыда анықтамасын бекітуді ұсынып отыр.

Ұлттық банктің деректері бойынша 2019-2020 жылдар арасында қолма-қол ақшасыз транзакциялардың саны 2,4 еседен астамға өсіп, 35,3 трлн. теңгеге жеткен. Ал төлем карталарын пайдалана отырып қолма-қол ақша алу көлемі соңғы 5 жылда 89,6% -дан 32,6% -ға дейін төмендеген.

«Жедел аударымдардың енгізілуімен банк секторы жеке тұлғалардың мобильді қаржылық операцияларға қол жетімділігін жақсартты және кеңейтті. Сонымен қатар, тек жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел аударымдар кәсіпкерлік қызметте кеңінен қолданыла бастады. Бұл банктік қызмет нақты айналымдарды жасыруға мүмкіндік беретін және көлеңкелі айналымдардың дамуына ықпал ететін құрал ретінде қолданылады», – дейді Ерұлан Жамаубаев.

Министр пандемия кезінде отандық бизнес қолдаусыз қалмағанын да еске салады. Мемлекет тарапынан шамамен 1,2 млн микро және шағын бизнес нысандары үш жылға табыс салығынан төлеуден босатылған. Оларды тексеруге де үш жылдық мораторий жарияланған.

«Мораторийді пайдаланып кейбір жосықсыз кәсіпкерлер кассалық чек бермеуді әдетке айналдырған. 2020 жылы тұтынушылардан осы мәндегі 17 мыңнан астам шағым түсті. Салық есептіліктерінде айналымдар көрсетілмейді, қызмет немесе тауар ақысының төлемі бизнес субъектілері ретінде тіркелмеген үшінші тұлғалардың атына келіп түседі. Салдарынан Салық кодексінің, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның және Азаматтық кодекстің нормалары бұзылады», – делінген министрдің жауабында.

Ведомство басшысы кәсіпкерлік қызметпен байланысты төлемдерді ашық ету бағытында, Kaspi bank ұсынған тәжірибені мысалға келтірген.

«Kaspi bank акционерлік қоғамы жеке кәсіпкерлерге арналған Kaspi pay мобильді қосымшасын әзірледі. Онда сатып алушылар қолданыстағы Kaspi қосымшасы арқылы QR кодты сканерлеу арқылы төлем жүргізеді. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап 2021 жылдың 30 наурызына дейін белсенді серіктестер саны 62 мың кәсіпкерге жетті. Оған наурызда 11 мыңнан астам жеке кәсіпкер қосылды. Транзакция көлемі 65 млрд теңгеге немесе аптасына 15 млрд теңгеге жетті», – дейді Ерұлан Жамаубаев.

Министр аталған өзгерістердің бәрін бизнес пен тұтынушыларға ауыртпалықсыз енгізу үшін түзетулер мен оларды іске асыру мерзімін міндетті түрде бизнес өкілдерімен келісе отырып бекетітндерін атап өтті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған