Малтабар бала кімге олжа?

ұрпақ Жаңалықтар

ұрпақ

Әнші бала қайдан шықты!

«Өнердің бойға біткен арқасында, Атанғам ерте жастан әнші бала» деген шумақтарға ілгеріректе өткен әнші-күйші, ақындардың ғұмырнамасын оқығанда жиі кездесетінбіз. Олардың ішінде кімдер жоқ дейсіз?! Жыр алыбы Жамбыл да, сал-серілер поэзиясының бүкіл өкілдері де… Сол кезде бұл өткен ғасырлық өмірбаянның бір қалыптасқан бөлімі секілді болып көрінетін еді.

Заманнан заман ауып, қоғамның пердесі, адамның зердесі өзгерген тұста жиі жолығысып жүрген «бала әнші», «бала бишілер» қайдан балалап шықты? Олардың сол бағзы ата-бабаларынан айырмашылығы неде? Театры мен музыка мектебі жоқ далиған сайын сахараның тума таланттары бойға біткен қасиетін ойын-тойларда танытса танытқан шығар… Солардың арасынан суырылып шыққан Ақаны мен Біржаны, Мұхиты мен Әсеті санаулы еді ғой. Онда да солардың мал жиюды көздеп шырқағанын естімеппіз-ау. Әйтпесе, саңлақ Мұхит «Мұхитта мал біткеннен жал-ғыз сиыр, Болады баспағымен екеу биыл» деп жырлар ма еді?.. Ал, бүгінгі ойын-тойда қылқиып ән сап, қылмыңдап билеп жүрген бозторғай балғындардың көбеюін неге жорысақ екен?

Тойда есейген тұрымтай ұл

Көз алдарыңызға бірнеше картина келтірсем қалай болады, қымбатты оқырман? Қазақтың бітпейтін ұлан-ғайыр, жомарт, қызылды-жасылды бір тойында отырсыз. Ағыл-тегіл дастархан, бусанған қонақтар, арқыраған асаба. Кенет сол асабасы түскір мақтап-мақтап, әдеттегі атыраулық вариантта «Адайдың ұлы, Құдайдың құлы» деген сияқты (ру аттары тиісінше өзгеріп отырады) сылап-сипап бір әншіні ортаға шақырады. Әншіңіз –аузынан ана сүті кеппеген жеткіншек. Шаш сәнді, костюм келіскен. Балапанның түрі де өте маңызды. Тіпті әлдебір ел аузынан түспейтін әншіге ұқсай ма-ау? Хо-ош… Ән шырқалды. Күллі Қазақстанда тек атыраулықтарға тән мәрттікпен балапанның қойны-қонышын сықап тастадық.  Болды. Әрі қарай той сценариймен жүре бермек. STOP!!!

Сағатқа қараңызшы. Түн ортасында бұл бала не істеп жүр мұнда? Жылы төсекте ұйықтап жататын уақыты емес пе? Әрі қарай індете берсең, жүрек сыздатар, санаға сыймас қаншама мәселенің беті ашылады. Қызық болғанда бұл балақайды өзінің ата-анасы не ағалары ертіп келген болып шығады. Тойға кірудің екі жолы бар. Не той иесі атап-әспеттеп шақырған болып шығады. Не болмаса, асабаға жалынып ән айту бақытына ие болады. Елестетіңізші…

Құйттай ғана құлыншағыңызды түн жарымда сүйрелеп жорыққа шығуға мәжбүр еткен қандай күш сізді? Иә-иә, сізге айтамын, құрметті ата-ана! Таланты бойына сыймай бара жатса, неге қаладағы қаптаған музыка мектептері мен студияларға қарай жетелемейсіз? Жоқ! Сіз олай істей алмайсыз. Өйткені, ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып оқығаннан гөрі оңайырақ нұсқаның шеті қылтиып тұр. Баланың ыңғайына келетін бір-екі жеңіл әуенді көп студияның біріне жазғызып аласыз. Көп болса 10-15 мың теңгеге. Сосын, бесіктен белі шықпаған бүлдіршініңізді жетелеп  мейрамханалардың есігін күзетесіз. Асабаларды ағалап, қожайындарды жағалап… Несі бар?.. Сіз түгілі мүйізі қарағайдай шоу-бизнес өкілдерінің өзі фанерасын арқалап тойдан нәпақасын айырып отырған жоқ па?!

Ата-ананың ашуы… Алуан пікір…

Адасқан ой…

Осы сараптамаға отырар кезде бірнеше жерге қоңыраулаттық. Қоңыраулатар алдында осы қаланың ойын-тойының «сәнін» келтіріп жүрген бірнеше бүлдіршін туралы мәлімет жинадық. Әуелі, түнгі тойларда өнер көрсетіп жүрген балдырғандардың (оқушы болғандықтан балалардың аты-жөні көрсетілмей отыр) ата-аналарынан пікір сұрадық. Өкініштісі, аспанға тулаған ата-ана баласын кімнен, неден қорғауы керектігінен бейхабар екен. «Басқа да әнші балалар бар, жазғыңыз кеп бара жатса, солар туралы жазыңыз» деген сөздерден соң өре, деңгей туралы сөз қозғамай-ақ қояйық дедік.

Әрі қарай қаладағы белгілі бір асабамен сұхбаттастық. Өз есімін атауды жөн көрмеген өнерпазға жалғыз сұрақ қойылды.

– Сіз асаба емес, әке, азамат ретінде жауап беріңізші. Сіз мектеп жасындағы перзентіңіздің тойда ән салып, табыс тапқанын қалар ма едіңіз?

– Жоқ. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Бала уақытында сабағын оқып, уақытында ұйқыға жатуы керек. Өз балама рұқсат етпес едім. Тойда балаларды аналары, не ағалары жетелеп әкеп ән салғызуды өтінетін кездері болады. Кейде біреулерге телефон соққызып жатады. Келіспесең, көрместей болып, өшігетіндері барын жасырмаймын. Той иелері шақырса амал жоқ. Әлгіндей жағдайларда өз  басым  көбіне қарсылық білдіремін.

Өмірінің қырық жылға жуық уақытын ұстаздыққа, оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне арнаған қаладағы С.Мұқанов атындағы №10 орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ғалия Тікенбаева былай дейді:

– Егер менің қолымда билік болса, балалар мен жасөспі-рімдер арасындағы құқық бұзушылыққа қарсы күрес аясындағы балаға қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету туралы заңдылыққа «Балаларға тойханаларда ән айтуға рұқсат етпеу» туралы тарауды қосар едім. Себебі, баланы оттан, судан ғана емес, ересек ортадан да қорғауымыз керек. Жасөспірімдерді жеңіл ақша табуға итермелейтін жағымсыз әрекеттер көбейіп келеді. Соның ата-аналар тарапынан қолдау таппай отырғаны өкінішті-ақ. Тіпті, тойда өлең айтқанды былай қойғанда,  кәмелеттік жасқа толмағандардың  даяшы  болып қызмет істеуінің өзі қисынсыз  ғой.

Ал, Атырау қалалық білім бөлімінің тәрбие жұмысы бойынша әдіскері Жұмазия Бозайқызының айтуынша, бұл оқушыларға заңмен тыйым салу қарастырылмаған екен. Мектеп директорларына тапсырма берумен ғана шектеліп отырғандығын айтты. Олар өз кезегінде түсінік жұмыстарымен айналысады. Әрі қарай ата-ананың жауапкершілігіне сенім артып отырған жайттары бар.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат…

Әлеуметтік желіде жуырда пайда болған Жақсылық есімді асаба туралы жаңалық жүр. Құлсарылық өнерпаздың бұл талантын жерден жеті қоян тапқандай жарнамалаушылар да аз емес. Той бизнесі гүлдеп тұрған дәуірде өмір сүріп жатып еш нәрсеге таң қалуға болмайтынына көз жеткіздік. Біздікі біржақты пікір айту емес, жұртшылық назарын жасырын дерттің түп атасына аударту ғана екенін баса ескерткіміз келеді.

Талантты ұл-қыздың көбейгені жақсы-ақ. Егер ол бала ана тілінде суырылып сөйлеп,    шырқап ән салса құба-құп деп қояйық. Бірақ, одан да биік құндылықтар қайда қалады? Мысалы, біліммен бәсекеге түсе алатын, бірнеше тілді меңгерген, ұлтының шежіре-тарихын жатқа білетін көргенді ұрпақ тәрбиесі. Жеңіл олжа табудың жарға жығып жататыны қарапайым өмірде мың түрлі дәлелін тауып жүр. Перзентінің бойынан қабілеттің ұшқынын байқаған ата-ана, ұстаз оны дамытудың өркениетті жолын неге іздемейді. Крыловтың «Ала жаздай ән салып, селкілдеп билейтін» шегірткесінің халін құшудан неге қорықпаймыз?

Бәрін былай қоя тұрыңызшы. Сол тойханаларда неше түрлі халық отырады. Әртүрлі энергия бар. Қазақтың өлердей қорқатын тілі мен сұғын қайда қоясыз? Жылт еткен қуанышыңызды жұрт көзінен қорып, қанаты қатайғанша қамқорлап, баулудың орнына, шаршы топқа салып жіберу дегеніңіз – өз болашағыңызға балта шабу емес пе?

Кейде бізге Қазақстан алып тойхана секілді көрінеді. Жан ауыртпай табыс тапқысы келетіндердің көбі той бизнесінің маңында жүр. Енді сол қайнаған қазанға буыны бекімеген бүлдіршінімізді апарып тоғытқаннан не пайда табатынымызды түсіну қиын болып тұр.

Заң не дейді?

Аталмыш мәселеге байланысты заңға жүгінер болсақ, көзге ұрып тұрған өрескел ештеңе көрмейміз. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасындағы баланың құқық-тары туралы  №345 Заңының 16-тармағы баланың еңбек бостандығына арналған. Онда мынадай тармақтар бар:

– Балалар он төрт жастан   бастап ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетi-луiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ,  мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.

– Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.

Оң мен солын айырмаған жас бүлдіршіндердің түнгі тойларда өнер көрсетуі оның қалыптасып үлгермеген психикасына, келешек азаматтық ұстанымына кері әсерін тигізетін құбылыс екендігін мойындайтын уақыт жетті. Сіз қалай ойлайсыз?!

Әлия Дәулетбаева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз