Жарнама
Жаңалықтар

Малайзиялық ғалым атыраулық студенттерге дәріс оқуда

UTEBAYEV UNIVERSITY-ге «Шақырылған профессор» бағдарламасы аясында келген Universiti Sains Malaysia университетінің қауымдастырылған профессоры Мухаммад Анвар болашақ мұнайшыларға дәрістер циклын жүргізуде.

Профессордың дәрістері мұнай-газ саласы үшін аса өзекті болып саналатын экологиялық қауіпсіздік, өндірістік ағынды суды тазарту, кванттық нүктелердің фотокаталитикалық қасиеттері және жасыл технологиялардың мүмкіндіктері сияқты заманауи бағыттарды қамтиды.

UTEBAYEV UNIVERSITY студенттері үшін бұл – халықаралық деңгейдегі ғалымнан білім алуға, жаңа ғылыми трендтермен танысуға және академиялық көкжиектерін кеңейтуге беріліп отырған мүмкіндік.

«Фармацевтикалық және мұнай өнеркәсібінің ағынды суын жарықпен басқарылатын өңдеуге арналған кванттық нүкте технологиялары» тақырыбында өткен ғылыми семинарда профессор өндірісте қолданылып жатқан технологияларды мысалға келтіре отырып, кванттық нүктелердің мұнай-газ секторындағы ағынды суды тиімді залалсыздандырудағы рөлін түсіндірді. Сонымен қатар ол Қазақстанның мұнай саласына арналған инновациялық шешімдердің ғылыми-өндірістік әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Дәріс барысында студенттер қызығушылық танытып, халықаралық ғылыми ынтымақтастық, бірлескен зерттеулер мен тағылымдамалар туралы сұрақтар қойды. Ғалым UTEBAYEV UNIVERSITY жас зерттеушілерінің ғылыми ізденіске деген ынтасын оң бағалап, алдағы уақытта ғылыми байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button