Мал қыстатуда қиындық бар ма?

janibek Жаңалықтар

ҚЫСТЫҢ СОҢҒЫ АЙЫ ДА БАСТАЛДЫ. БҰЛ – МАЛ ҚЫСТАТУ НАУҚАНЫНЫҢ ҚЫЗҒАН, АЗЫҚ ҚОРЫНЫҢ АЗАЯ БАСТАЙТЫН КЕЗІ. МАҢЫЗДЫ МАУСЫМ ОБЛЫС ӨҢІРЛЕРІНДЕ ҚАЛАЙ ӨТУДЕ, МАЛ ҚЫСТАҒЫ ЖАЙЛЫ МА?

Құмды алқаптағы қарекет

Алдымен аймақтағы малды өңірлердің бірі саналатын, Исатай ауданындағы ахуалға көңіл бөлгенбіз. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегеновтың айтуынша, жергілікті жерде 300-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Олардың дені атакәсіппен айналысады. Шаруа қожалықтарының бағымындағы төрт түлік мал бүгінде 247 орында қыстатылуда. Олар негізінен Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтерінің аумағында, Нарын құмының өресінде орналасқан.

– Шаруа қожалықтары қажетті қыстық азықпен толықтай қамтылған. Əрқайсысының орталыққа қатынап, керекті азық-түлігі мен басқа да қажеттіліктерін жеткізіп тұратын автокөліктері, қуатты техникалары бар. Оған қоса, жергілікті əкімдіктен қыс айларында жауған қарды аршып, əлсін-əлі жолды тазалап тұратын арнаулы техника да бөлінген. Осының бəрі малды өңірдегі маңызды да жауапты маусымның ойдағыдай өтуіне, шаруа баққан ағайынның қыстан қысылмай шығуына септеседі,- дейді бөлім басшысы.

Əр қыстақтың басына құдықтан су тартатын, күн сəулесінен жинақталған қуатпен жұмыс жасайтын шағын электр стансалары орнатылған. Соның қуатымен тұрмыстық техникалар да іске қосылады. Нəсібін төрт түліктен тауып, кəсібін дөңгеленткен, қыр мен құмның арасын жайлаған шаруа қожалықтары бүгінде алдағы мал төлдету науқанына да тыңғылықты дайындалуда. Аула қораларын жөнге келтіріп, аналықтары мен төлдерін бөлектеп ұстайтын орындарын сайлап, шаруаның қамына кіріскен. Биыл барлығы 25,3 мың қозы, 11,2 мың құлын, 9,8 мың бұзау жəне 2,2 мың бота алынады деген болжам бар.

Жайлы қыс, сайлы шаруа

Былтырғы құрғақшылық пен қуаңшылық Жылыой ауданында көптеген мәселе туындатқаны белгілі. Жылдағыдай өзен суының деңгейі көтерілмегендіктен мал азығы дайындалатын көлтабанды алқаптарға су шықпай қалды. Соның нәтижесінде, шабындық мәселесінде елеулі қиындықтар туындады. Салдарынан ауданның өз аумағынан ірі сабақты мал азығын дайындау жоспары 30 пайызға ғана орындалып, 20 мың тоннамен шектелді. Қалған 37 мың тонна шөпті көршілес Қызылқоға, сондай-ақ Ақтөбе облысының Ойыл, Байғанин және Қобда аудандарының жерінен әзірлеп, ішінара сатып алуға тура келген. Осындай қарекеттің нәтижесінде қолдағы төрт түлік мал керекті жем-шөп қорымен жеткілікті қамтылды.

Жағдайды осылай баяндаған аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың сөзінше, жыл санап мал басы өскен өңірде биылғы маусымда 76 400-ден астам қой-ешкі, 20 451 мүйізді ірі қара, 11 360 жылқы жəне 8727 түйе қыстаққа түсіп, 184 орында қыстатылуда. Қолдағы бар азық қорын үнемдеп пайдаланудың арқасында мал басы аман, шығынсыз бағылып отыр. Бұған бір жағынан ауа райының қолайлылығы, қыстың жайлылығы қарасқандай. Сын кезеңнен сүрінбей өтуді мақсат тұтқан жылыойлық шаруагерлер бірер айдан соң басталатын жауапты науқан – мал төлдетуге тыңғылықты дайындалуда. Малдың ғана емес, оны баққан шаруа адамының да қыстың көзі қырауда азық-түліктен тарықпауын, тұрмысының қалыпты болуын бақылауында ұстаған жергілікті басшылар шаруаның қамында. Осындай тірлік облыстың өзге өңірлерінде де байқалады.

Қиғаштағы қызу тірлік

Берісі Қиғаш, әрісі Азғыр өңіріне қоныс тепкен Құрманғазы ауданының шаруагерлері де сын кезеңді қиындықсыз өткеріп жатыр. Биыл ауданда 79 500-ге жуық қой-ешкі, 19 600-ге тарта мүйізді ірі, 10 100-дің үстінде жылқы және 1 900-дің шамасында түйе қыстаққа түскен. Ауданда жалпы саны 111 мыңнан асатын төрт түлік бағылуда. Қыстақтар басында 700-дің үстінде адам еңбек етіп, 356 бірлік техника түрлі науқандық жұмыстарға тартылған.

Аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың мəліметінше, қысқа қажетті 68 107 тонна пішен толығымен əзірленіп, қыс түспей тұрып қора бастарына жеткізіліпті. Жеке кəсіпкерлердің иелігіндегі 4 сауда нүктесінде құрама жемді қолжетімді бағамен сату да жолға қойылған. Қазірдің өзінде оларда 100 тоннаға жуық құрама жемнің қоры бар. Малдың басым бөлігі Асан, Азғыр, Сүйіндік, Еңбекші, Дыңғызыл, Мақаш, Нұржау ауылдық округтерінің аумағында шоғырланған.

– «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» демекші, аудандағы шаруашылық құрылымдарының арасынан «Ақжонас», «Сүйіндік» акционерлік қоғамдары, «Құрманғазы» жəне «Мақаш» өндірістік кооперативтері 24 322 Шопан ата түлігін бағымына алған. Осылайша, қыр төсінде ақтылы қой өргізген атакəсіп иелері алдағы мал төлдету науқанына тиянақты қамдануда,- деді сұхбаттасушымыз.

Өткен жылы өңірде 123 тонна мал жəне «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы кооперативінің күшімен 91 тонна құс еті өндірілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр. Қыс кезінде кездесетін қиындықтарға қарамастан, «Құрманғазы» сауда-дайындау орталығында ет пен оның өнімдерін өндіру тоқтаған емес. Қазірде мұнда 15 түрлі дайын өнім түрі шығарылады. Олар жергілікті базарлар мен сауда орындарында тұрғындарға төмендетілген бағамен сатылуда. Тауарлардың тиісті нүктелеріне уақытылы жеткізіліп, бəсінің бірқалыпты болуы салалық бөлім мен ауыл əкімдерінің үнемі назарында. Мұның өзі еңбек адамдарының ынтасы мен құлшынысын арттырып, тұтынушылардың да көңілінен шығатыны анық.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз