МАҚСАТ АЙҚЫН, МІНДЕТ ЗОР

Жуырда Атырау облысының саясаткер әйелдер клубы мүшелерінің отырысы болды. Оған облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева басшылық етті.

 

–Біздің Атырау облысында әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне ілгерілету жұмыстары жалғасуда, – деді Айгүл Теміртасқызы. – Облыста жергілікті атқарушы органдағы мемлекеттік қызметкерлер саны – 1522, оның 873-і – әйел. Былтыр мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша ұйымдастырылған 132 курсқа қатысқан 1506 адамның 825-і әйел болды. Оның ішінде басшы әйел 162-ні құрайды. Облыстағы жеті саяси қызметшінің біреуі – әйел, 24 басқарманың үшеуіне әйел адам басшылық етеді…

Сондай-ақ, ол әкімдіктердегі, мәслихаттардағы, саяси партиялардағы әйел затының белсенділігіне тоқталды. «Атырау әйелдері», «Шаңырақ – 2008», «Ақпарат» және басқа да бірлестіктермен ауқымды жұмыстар атқарылғанын баяндады. Әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында біраз шаралар жүзеге асуда. Қазіргі күні шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтындардың 45 пайызы – әйелдер. Бұл осыдан төрт жыл бұрынғы кезеңнен екі есеге көп. Бұларға қоса, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асуда.

Кезекті отырыста Нұрлы Әйтиева «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде әйелдердің саяси белсенділігін көтеру жолдары» деген тақырыпта баяндама жасаса, клуб жұмысының 2016 жылға арналған жоспары бойынша Бақыт Шеркешбаева хабарлама берді. Ал, өз кезегінде Зәмзәгүл Жалмурзина саясаткер әйелдер клубының құрамымен таныстырды. Отырыс барысында клуб мүшелері – Тамара Аман-Турлина, Жаннат Асабаева және басқалары көтерілген мәселелер бойынша өз ойларын білдіріп, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Клуб мүшелерінің отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары, аталған комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева алда көп жұмыстар тұрғанын, соның бірі Атырау облысының іскер әйелдері форумы халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтетінін еске салды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз