МАЙДАНГЕРЛ ЕРЕСІМІ – ЕСКЕРТКІШ ТАҚТАДА

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында ынтымағы мен бірлігі жарасқан көпұлтты Сарытоғай ауылында ұрпақтар атынан  «Ерлікке – тағзым» ескерткіш тақтасы салтанатпен ашылып, барша ауылдастарды шексіз қуанышқа кенелтті.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан тебірене сөйледі.

– Осы ауылдың төл тумасы, облыстық мәслихат депутаты Әділ Жұбанов бастаған азаматтар өздеріне бейбіт өмір сыйлаған әкелер рухына арнап ескерткіш тақта ашу туралы бастама көтеріп, ауылдастар қолдап, міне,  сол біткен істің куәсі болып тұрмыз. Іс басында жүрген әрбір азамат өз туған ауылына иненің жасуындай  болса да жақсылық жасап жатса, нұр үстіне нұр. Соғыс салған қасірет халық санасынан өшпеуі тиіс, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург-жазушы Рахымжан Отарбаевтың соғыс туралы терең толғаныстары тыңдаушыларын бейжай қалдырмады. Кезегімен сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, «БатысАльянсСтрой» ЖШС басшысы, осы ескерткіш тақта құрылысының демеушісі Әділ Жұбанов, Махамбет ауданының әкімі Әлібек Нәутиев, еңбек ардагері, сарытоғайлық Владимир Стамовтар осынау ескерткіш тақта ел тарихының бір парағы болып қалатынын, оны кейінгі ұрпақ көздің қарашығындай сақтап, күтіп-баптап ұстайтындықтарына сенім білдірді.

Ескерткіш тақтаның лентасы қиылып, гүл шоқтары қойылды. Қара мәрмәр тақтаға алтын әріптермен Сарытоғай ауылы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан 70 адамның аты-жөні ойылып жазылыпты. Олардың арасында хабар-ошарсыз кеткендер де бар. Соғыс тақырыбындағы әндер де бірінен соң бірі орындалып жатты.

Нұрым Ерғалиев, Махамбет селосы..

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз