Махамбет ауданында 1600 тонна қызанақ өсіретін жылыжай іске қосылды

7875768 Жаңалықтар

Махамбет ауданында жылына 1600 тонна қызанақ өсіріп шығаратын өндірістік жылыжай іске қосылды.

Тоғыз ай бойына үзіліссіз өнім бере алатын шаруашылық облыс нарығын сыртқы импорттық тауарлардан қорғауға арналған. Бұған дейін облыс тұрғындарының қызаң мен қиярға деген сұранысын Өзбекстан, Түркіменстан, Иран мен Тәжікстанның өнімдері толтырып келді. Импорттық тауардың бағасы қыс айларында аспандап кететіні де жасырын емес. Енді мемлекет басшысы белгілеп берген ауыл шаруашылығына бетбұрыстың арқасында осындай кешенді ірі жобалар іске асырыла бастады.

40 мың шаршы метр аумаққа егілген қызаң қазір тұтынушысына жіберіле бастады. Бұған дейін шетелдік өнімдерді тұтынып келген Атырау тұрғындары үшін арзан да сапалы қызаң жедел өтіп жатыр. Жылына 1600 тонна өнім жинайтын жылыжайдың өнімі – қызаңның голландиялық «мерлиз» деп аталатын сорты. Қазірдің өзінде Атырау жерінде әп-әсем өнім беріп тұр. Әрбір өскіннен жылына 40 келіге дейін өнім жинауға болады. Мұндағы процестің барлығы автоматтандырылған. Яғни, ылғал, су, басқа да микроклимат мұнда компьютермен басқарылады.

55557778

– Қыркүйектің басында өскіндерді жылыжайға отырғыздық. Өнімді 15 қарашадан бастап жинауға кірістік, шығымы жаман емес. Негізі, қызаң 110-115 күнде пісіп жетіледі. Сондықтан, біз жылыжайдан келесі жылдың шілдесіне дейін өнім жинаймыз. Жұмыс автоматтандырылған. Тамшылатып суару әдісімен әрбір өскінге қажетті тыңайтқыш ертінділер түрінде беріледі, – дейді жылыжай агрономы Ахмет Халмұратов.

Өндірістік жылыжайда 40-тан астам адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Жаңа кәсіптің сырын меңгерген қызметкерлердің жұмысында кідіріс жоқ. Олар күніне 6 тонна қызанақ жинайды. Бұл – облыстағы алғашқы өндірістік жылыжай. Айтпақшы, ауданның Бейбарыс ауылдық округінде де осындай өндірістік жылыжай салынып жатыр. Аумағы 5,6 гектарды алып жатқан өндірістік жылыжай алдағы жазда іске қосылады. Қазір қойма, кеңсе, жұмысшылар жатақханасының қабырғасы тұрғызылған. Жоба іске қосылғанда жылына 735 тонна қияр, 588 тонна қызанақ тұтынушыға жететін болады. Осылайша, келер жылдан бастап мұнайлы өңір өзіне қажетті өнім түрлерін өз жерінде дайындай алады.

Жобаның тағы бір артықшылығы, бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Себебі, жылыжайдың 25 пайызға дейінгі шығынын мемлекет өтеп береді. Егер облыстың қызанақ пен қиярға деген сұранысы 3 мың тонна шамасында екенін ескерсек, импорттық көкөністің өрісін тарылтуға толық мүмкіндік бар. Жалпы облыста 2022 жылы 4573,1 гектар егіс алқабынан 78423 тонна өнім жиналыпты. Өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыруға жұмыстанған 22 шаруашылыққа 48,6 миллион теңге субсидия төленген. Сондай – ақ , инвестициялық субсидия бойынша 23 шаруашылық 135 миллион теңге өтемақы алды.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз