МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДІҢ ШЫРАЙЛЫ ШАҺАРЫ

Атырау қаласының  кемел келешегін осылай пайымдауға болады

Тұрғындар тілегіне – cергек көзқарас

Қала әкімінің есепті баяндамасынан кейінгі алғашқы сөзді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алды.

- Өздеріңізге мәлім, таяуда ғана Елбасы жұмыс сапарымен облысымызда болды. Өңірімізде өткен жылы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, биылғы жылы жоспарланған іс-шаралардың да ойдағыдай орындалатындығына сенімділігін білдірді, - деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

 

Одан соң, облыс әкімі Атырау қаласы әкімінің былтырғы осындай есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің қаншалықты дәрежеде шешімін тауып, орындалғандығына тоқталды. Атап айтқанда, «Балықшы кентінде көп қабатты тұрғын үйлерді терможаңғырту шаралары  жалғастырыла ма?» деген сауалға қатысты ол өткен жылы бұл бағдарлама бойынша мемлекет қазынасынан ешқандай қаражат бөлінбегендігін, алайда, биыл бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай жалғасын табатындығын айтты. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 650 млн.теңге қаржы қаралып, оған қала бойынша 19 көп қабатты үйді (соның ішінде Балықшыдан бес үй бар) терможаңғыртудан өткізу жоспарланған.

Еркінқала селосындағы Жеңіс саябағын қалпына келтіру, мәдени-спорттық кешендер салу жөніндегі сауалға да облыс әкімі нақты жауабын берді. Осы тұрғыда өткен жылдың өзінде қала көлемінде балаларға арналған 30 шақты  спорт алаңы салынғанын, бұл жұмыстардың биыл да жалғасатынын, жоспарда аталмыш ауылдың да қамтылғанын қаперледі. 

«Қала аумағындағы «Нұрсая», «Самал» және «Тұлпар» мөлтек аудандарындарында балабақша мен мектеп салына ма?» деген сауал да жауабын тапты. Бұған байланысты облыс әкімі «Нұрсаяда» 280 орындық мектепке дейінгі балалар мекемесі құрылысының өткен жылдан бері жүргізіліп жатқандығын, енді 624 орынға шақталған орта мектеп ғимаратын тұрғызу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде екендігін, келесі кезекте «Самалда» да 280 бүлдіршінге есептелген балабақша салу көзделіп отырғандығын алға тартты.

Бұдан кейін де «Жас отау» бағдарламасы бойынша үй құрылысы жүргізіле ме, «Өркен» мөлтекауданында тәулігіне 250 емделушіні қабылдау мүмкіндігі бар емхана салына ма, кенттік округ орталықтарында типтік жобадағы мәдениет үйлері мен кітапханалар,  селолық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер салу мәселесі қалай шешіледі, қаладағы құрылысы тоқтап қалған нысандардың жайы не болмақ, т.б. сауалдарға да облыс әкімі толыққанды жауап қайтарды. Нақтылай кетсек, Ақсай, Жаңаталап, Еркінқала ауылдарында мәдениет ошақтары салынатыны және бұл жұмыстың өзге селолық округтерде де жалғасатыны белгілі болды. Сол сияқты тоқтап қалған нысандар бойынша да нақты шаралар алынып, алдағы уақытта олардың құрылысы қайта жандандырылатын болады. 

Әрине, мұнда кейбір қиындықтар мен кедергілер де жоқ емес. Бір ғана «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 21 нысанның құрылысы басталған да тасталған. Мұның бәрі ұдайы бақылауда ұсталынып, біртіндеп ретке келтіріледі.  Әлеуметтік нысандар, атап айтқанда, Оқушылар үйі, Жастар сарайы, Салтанат сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, түрлі бағдарламалармен салынатын тұрғын үйлер құрылысы, сондай-ақ шаһарды абаттандыру, көгалдандыру, көшелер мен аулаларды түнгі жарықтандыру, экологиялық ахуалды сауықтыру мақсатындағы іс-шаралар да  өз арнасын табады.

Ашық  әңгіме арқауы

Айрықшалап айтуға тұрарлық жайт, бұл жолы есепті кездесу жиынына қатысушы жұртшылық өкілдерінің облыс пен қала әкімдеріне қояр сауалдары мен ой-пікір, ұсыныс-тілектерін бұрынғыдай алдын-ала жазылмай-ақ, сол бойда залға орнатылған ашық микрофонның көмегімен, еркін түрде білдіруіне жағдай жасалынды.

Осылайша, алғашқы болып орнынан көтерілген «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Ғилажев көптеген жастардыңшағын несие алып, өз істерін ашуға ниетті екендіктерін, алайда несие көлемінің аздық ететінін, сол себепті де алдағы уақытта оны өсірудің мүмкіндіктері болмас па екен деген ойымен бөлісті.

Геолог селолық округінің тұрғыны Асхат Қалиев осыдан жеті жыл бұрын аталмыш кентте балабақша құрылысы басталып, жарты жолда тасталғанын айтты. Ал, осындағы емхананың бас дәрігері Әсия Нарымбаева  селодағы медицина мекемесінің 17 мың тұрғыны бар елді мекен халқына толыққанды дәрігерлік қызмет көрсетіп, қамтуға тарлық   ететінін алға тартты.

Тұрғындар толғанысын жеткізушілердің легін жалғастырған Еркінқала селолық округіне қарасты Ракуша ауылындағы М.Өтемісов атындағы орта мектептің директоры Фарида Ізмағамбетова өзі басшылық жасайтын білім беру мекемесінің апатты жағдайда тұрғандығын, орталықтағы Жеңіс саябағының күтімсіз қалғандығына алаңдаушылығын білдіріп, осы екі мәселе бойынша шаһар мен аймақ басшылығы тарапынан нақты шаралар алынуына қолдау көрсетілуін сұрады. Және бір еркінқалалық Зоя Ізтелеуова жылдан-жылға ауылда жас отбасылары қатарының, соған сай өмірге келген сәбилер санының көбеюі мұндағы балабақша салу мәселесін тездетуді талап ететінін меңзеді. Өйткені, мектепке дейінгі балалар мекемесінің тапшылығы жас аналардың жұмысқа шығып, кәсіппен шұғылдануына қолбайлау болып тұрғанын жасырмады.

Жұмыскер-2 елді мекенінің тұрғыны Ғалия Айтжанова ауыл ажарын алып, көркін кетіріп тұрған жайдың бірі ретінде көшелерге тас жолдың төселмегендігін атады. Мұның өзі құрғақшылықта ештеңе емес, қарлы, жаңбырлы, балшықты күндері көліктінің де, жаяудың да жүріп-тұруына қолайсыздық туғызуда. Әсіресе, қарттар мен мектепке баратын балалардың қозғалысына қиындық келтіріп тұрған жайы бар. Осы жағына көңіл бөлініп, бір шарасы алынса, жақсы болар еді.

Сол сияқты, Қайыршақты селолық округіндегі «Арай» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмахмет Хұбайдуллин Атырау қаласы әкімінің жыл ішінде атқарған жұмыстарына ауылдастары атынан оң бағасын бере, ризашылығын білдіре отырып, сонау бір кезеңдері ұнамды тәжірибе, игі дәстүр ретінде елге таратылып, айтарлықтай нәтижесін де берген жұмыстардың бірі – қала жастарын ауылдағы шаруаны көтеруге, агроөнеркәсіпті өркендетуге белсендірек араластыруға назар аударылса деген ұсынысымен ортақтасты. Осы сауалдарды мұқият тыңдап, сараптап, зерделеген қала мен облыс басшылары да кезегі келгенде олардың бәріне де тиянақты жауап беріп, көтерілген мәселелердің қай-қайсысының әлеумет үшін маңызының зор, мәнінің ерек екендігін айтты. Тұтастай алғанда, көпшіліктің көкейіндегіні дөп басып, өзекті жайларды алға тартқан тұрғындар тілегінің аяқсыз қалмайтынын, қандайма қиын, күрделі саналатын проблеманың да бір шешімі табылатынын қаперлеп, әңгімелерін түйіндеді.

Атырау қаласы әкімінің жылдық есебі бойынша материалдарды дайындаған Ағиба ҚАТЕШОВА, Дәулетқали АРУЕВ. Суреттерді түсірген  Ерлан Алтыбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз