МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДЕ ӨМІРШЕҢ ЖҰМЫСТАР БАР

Парламент  депутаттары  аймақтағы

іске  асып  жатқан  тың  жобалармен  танысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Сергей ДЬЯЧЕНКО бастаған топ кеше  Атырау облысында болып, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қанықты. Олар сайлаушылармен кездесіп, облыста жүзеге асып жатқан ірі инновациялық жобалармен танысты. Топ құрамында, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асхат Бекенов пен Еркін Шпанов болды.


БЕРЕКЕЛІ  ІС БАСТАУЫ

Ең алдымен, астаналық меймандарды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдап, өңірде қолға алынған жобалармен таныстырды.

– Атырау – мұнайлы өлке. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүруде. Өткен жылы 32 миллион тонна мұнай өндірілді. Биыл да бұл межеден түспейміз деп отырмыз. Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен жылдың аяғына дейін іске қосылмақшы. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста 44 жоба жүзеге асуда, оның 28 нысаны іске қосылды. Жұмыс жоспарланған мерзім бойынша жүруде. Сонымен қатар, биыл сегіз жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деп облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы әр бағыт бойынша қолға алынып жатқан жобаларға жеке тоқталып өтті.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл тамыз айында елуден астам дәрі түрін шығаратын фармацевтика фабрикасының құрылысы басталмақшы.

Облыс басшысы «АтырауНефтемаш» ЖШС ірі габаритті және өте ауыр жабдықтарды құрастыру жобасын жүзеге асырып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданы шалғай мекен болғандықтан электр станциясын салу жоспарда бар  екендігін айтты. 

– Құлсары қаласындағы құс фабрикасы құрылысы кері жандана бастады. Келесі жылдан бастап құс етін өзге аймақтардан сатып алмай, қажеттілігімізді толықтай өтейміз және халықты 70 пайыз жұмыртқамен қамтимыз  деген ойдамыз. Қазан айында көкөністер консервілеу жобасын жүзеге асыру бағытында жұмыстар басталады. Бұған қоса, моңғолиялық әдіспен жүн өңдеу жобасын іске асыруды да көздеп отырмыз.  Өйткені, Моңғолияда төмен сапалы жүндерді өңдеп, сұранысқа сай киім тігуге қажетті өнім шығару әдісі мықты қолға алынған. Ал, тұрғын үймен қамту мәселесіне келер болсақ, өткен жылы 1600 пәтер берілсе, биыл жылдың аяғына дейін 2000 пәтер  табысталады, – дей келе, облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов халықтың жиі көтеріп жүрген мәселесі – Астрахан-Атырау-Ақтөбе тас жолының әбден тозығы жетіп, істен шыққанын, оған күрделі жөндеу керектігін де айтты.         

Биыл облыс орталығында Қазақстан және Ресей елдері басшыларының қатысуымен үлкен маңызды шара өтеді. ХХІ өңіраралық форумға дайындық барысы туралы да облыс әкімі айтып өтті. Ауқымды шараға Ресей Федерациясының он алты облысының губернаторы қатысуға ниет білдіріп отыр. Жалпы 400-ге жуық ресейлік делегация келеді деп күтілуде. 30 қыркүйек күні өтетін өңіраралық форумға дайындық жан-жақты қарқынды жүріп жатқандығын айтқан облыс басшысы Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке, Парламент депуттаттарының қолдауына алғыс білдірді.

– Парламент каникулға кетсе де, депутаттар аймақтарды аралап, халықтың жағдайымен танысуда. Осы мақсатта Атырау облысына келіп, ауқымды жұмыстардың куәсі болып отырмыз. Елбасының халықты тұрғын үймен қамту, ауыл  шаруашылығын дамыту және басқа бағыттардағы тапсырмаларын орындау мақсатында халыққа қажетті барлық жағдайлар жасалып жатыр. Сондай-ақ, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүріп жатқандығын байқадық. Өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалуда, – деген вице-спикер Сергей Дьяченко қолға алынған жұмыстарға сәттілік тіледі. 

МАЛ ФЕРМАСЫНДА – ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ

Кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Сергей Дьяченко бастаған топ Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында гольштин-фриз тұқымының 500 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт-тауар фермасына жол тартты.

– Қазір мұнда 167 бас сиыр, 120 бұзау бар. Бір сиырдан күніне жиырма литрден астам сүт шығады. Сонда күн сайын сиырдан  жалпы үш тоннадай сүт алынуда. Алдағы уақытта әр сиырдан күніне отыз литр сүт алуға жұмыстанамыз. Сүт өнімдерін облыс орталығындағы сауда орындарында сатып жүрміз. Сұраныс өте көп. Тұрғындар кезекке тұрып алады. Сол себепті, шаруамызды кеңейтуді қолға алдық. Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру барысында тағы да бес жүз бас ірі қараға кешен құрылысы жүруде. Осы жылдың аяғына дейін аяқтауға тиіспіз. Келер жылы мал басын мыңға жеткізу жоспарымызда бар, – дейді жоба басшысы Смағұл Бисембаев.

Бес жүз бас мүйізді ірі қараға голландиялық технологиямен жабдықталған фермадан шығатын сүт өнімдерінің сапасы дүниежүзілік талапқа сай болмақшы. Ферма қоймамен, бұзау тұратын, сиыр сауатын, өнім өлшейтін орындармен, емдеу-санитарлық блоктармен толықтай қамтылған.

Мамандардың айтуынша, тамыз айында  АҚШ-тан тағы да үш жүз бастан  астам  ірі қара әкелінбекші. Жемшөп базасын қамтамасыз ету үшін былтыр 110 га жерге жүгері егіліп, жиналған болатын, үстіміздегі жылы 650 га жер теліміне жемшөптік дақыл егу бойынша жұмыс басталып кетті. 1000 га жерді суаруға есептелген Испания және Италияда жасалған сорғылы жаңбырлатқыш (суармалы) машиналар сатылып алынды. Сондай-ақ, бордақыланған малға тәулігіне бір келі салмақ қосып, сүт көлемін екі есеге арттыру мақсатында испандық технологиямен жасақталған көк балауса қондырғысы жұмыс жасап тұр. Тәулігіне он тонна өнім дайындау үшін 1,7 тонна арпа және отыз текше метр су қажет етіледі. Ал, өнім жеті күнде дайын болады.

ЕШКІ ЕСЕЛЕП ӨНІМ БЕРДІ

Бұдан соң депутаттар ешкі фермасында болды. Заанен тұқымды швейцариялық ешкілер бұдан жарты жыл бұрын жеткізілген болатын. Қазіргі таңда олардың саны 450-ге жетіп отыр.

– Күніне 150 литр сүт алып отырмыз, – дейді ешкі фермасының директоры Камила Розметова. – Қазіргі таңда ешкі сүтінен жиырма түрлі өнім дайындалып, сауда орындарына жеткізіліп отыр. Атап айтсақ, ешкі сүті, айран, сүзбе, йогурт және тағы басқалары.

Бұл жобаның болашағы зор екендігін атап өткен облыс басшысы ешкі сүті сәби үшін ана сүтін ауыстыра алатын жалғыз ғана сүт екенін және оның емдік қасиеті ерекше екенін атап өтті. Осыған орай ешкі сүті өнімдері аптасына екі рет облыстық балалар ауруханасына және үш рет жұқпалы аурулар ауруханасына емдік мақсат үшін жеткізіліп отыр.

– Атырау облысында жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар жұмыстарымен таныса келе, Атырау мұнайлы өлке бола тұрса да, мұнда ауыл шаруашылығына көңіл бөлініп жатқанын көріп, қуанып отырмыз. Бұл жобалар өңір үшін үлкен жетістік деп есептейміз. Қазақстандағы жалғыз ешкі фермасымен танысып, үлкен әсер алып отырмыз. Ешкі сүті өнімдерінің дәмін татып көрдім. Өте дәмді. Жұмыс ауқымын кеңейтіп, еліміздің басқа аймақтарына шығаруға әбден болады, – деді нысандарды аралап болған соң өз пікірімен бөліскен вице-спикер С.Дьяченко.

Келешегі келісті, өндірісі өрісті кәсіпорын

Түстен кейін Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко бастаған депутаттар тобы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге аймақтағы іргелі өндіріс орындарының бірі саналатын «Атыраунефтемаш» машина жасау зауыты» ЖШС-інде болды. Серіктестіктің бас директоры Александр Донсков оларды кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, жүзеге асырылу сатысындағы жаңа жобалармен таныстырды.

Бұлардың алғашқысы – ірі және шамадан тыс ауыр бұйымдарды жинақтау жөніндегі цех. Құрылысы үстіміздегі жылдың мамыр айында басталған, келер жылдың маусым айында аяқталып, пайдалануға берілуге тиісті бұл өндіріс орнының жобалық құны 17 млн. АҚШ долларын, өндірістік алаңының аумағы 8640 шаршы метрді құрайды. Пайдалануға берілген мезгілде мұнда 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобада көзделгеніндей, аталған цехта болашақта мұнай химиясы мен мұнай өңдеу өнеркәсібіне арналған бөлмелеу ұстындары, буллиттер, технологиялық модульдер, жылуалмастырғыш қондырғылар, тағы басқа ірі габаритті бұйымдар шығарылады.

Екіншісі, тез тұрғызылатын модульді үйлерді дайындап шығаратын фабрика. Өткен жылдың қаңтар айында алғашқы қадасы қағылып, санаулы күндерден соң игілікке берілгелі отырған бұл нысанды салуға 4,5 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Аумағы 6000 шаршы метрді қамтитын өндіріс ошағы іске қосылғанда 120 адамның еңбек етуіне мүмкіндік туады.

Үшіншісі, «қара алтын» өндірісінде кеңінен қолданылатын фланецтер мен түрлі пішін мен көлемдегі құйма бұйымдар шығаратын зауыт болып табылады. 2013 жылдың үшінші тоқсанында басталып, іске берілуі 2015 жылдың соңына межеленіп отырған бұл нысанның жобалық-сметалық құны 21,5 млн. АҚШ долларына теңгерілсе, өндірістік алаңы 12600 шаршы метр екен. Тиісінше, бұнда да 120-дан астам адамға жұмыс орны ашылады, өлшемі мен ауқымына, басқа да параметрлеріне қарай бұл жерде өндірістік процестерге керекті өнімнің сан алуан түрі дайындалады деп күтілуде.

Төртіншісі, шағын және орта энергетиканы дамыту бағытындағы жоба екендігін аңғардық. Құрылысы былтырғы жылдың сәуір айында қолға алынып, биылғы жылдың қарашасында толықтай  аяқталуға тиісті бұл жобаға да 5 млн.доллар шамасында қаражат жұмсалуда. Тұсауы кесіліп, қатарға қосылған сәтте аталған цехта жаңадан 20-ның үстінде жұмыс орны ашылмақшы. Алдағы уақытта осында құрастырылған қондырғылардың көмегімен сағатына 2-3-тен бастап 11 мвт  электр энергиясын өндіріп шығаруға болатындығын білдік.

Осыларды егжей-тегжейлі баяндап, болашағы зор жобалардың әрқайсысын таныстырған серіктестік басшысы тұтастай алғанда, кәсіпорынның заман талабына, уақыт үрдісіне сай, бәсекеге қабілетті, тұтыну нарығында жоғары сұранысқа ие, халықаралық сапа стандарттары талаптарына жауап беретіндей өнімдер өндірісін жолға коюды мақсат тұтып отырғандығын жеткізді.

Бұдан соң Мәжіліс вице-спикері Сергей Дьяченко жанындағы әріптестерімен бірге «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға облыс әкімі, филиал төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып отырды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз