МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНУ – МІНДЕТ

«Қазақстан Республикасы азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңы аясында, өзге өңірлердегі сияқты, Атырау облысының аумағында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жайында сейсенбіде «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында журналистер үшін өткізілген брифингте егжей-тегжейлі баяндалды.

Басқосуға «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі» АҚ Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов, облыстық қаржы басқармасы коммуналдық мүлікті түгендеу және пайдалануға беру бөлімінің басшысы Бақтыгерей Жақсығалиев, мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айгүл Рзағалиева және Атырау қаласы әкімі аппаратының мемлекеттікқұқықтық бөлімінің басшысы Серік Нысанбаев қатысып, әрқайсысы өз салаларына қатысты түсініктер берді.

Акция басталғалы бергі жеті айда жария ету комиссияларына 619 нысанға (жалпы құны 5,1 млрд. теңгеге бағаланған) қатысты 476 өтініш келіп түскен. Соның ішінен жалпы құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын 479 мүлік жария етіліп, заңдастырылған. Одан бөлек, 478,2 млн. теңгеге бағаланған 37 мүлікті жария етуден бас тартылған. Бүгінгі таңда жалпы құны 1,2 млн. теңгені құрайтын 103 нысанға қатысты жолданған 61 өтініш комиссияларда қаралуда.

Ескерер бір жайт, 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін алынған (сатып алынған) мүліктер ғана жария етуге жатады.

Ал, енді аталмыш акцияның қандай артықшылықтары бар? Ең бірінші,өткізілетін акция жария ету субъектілеріне бұрын жариялы экономикалық айналымнан шығарылған ақшаны және өзге мүлікті оған қайтаруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде алдағы кіріс пен мүлікті жаппай декларациялауға көшуге, сондайақ трансшекаралық операциялардың ашықтығын арттыру және елдер арасында салықтық ақпарат алмасуды күшейту жөніндегі жалпыәлемдік үрдістерге байланысты айрықша өзектілігімен ерекшеленеді.

Екіншіден,жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсаты үшін кіріс болып танылмайды және тиісінше оларға табыс салығы салынбайды.

Үшіншіден,мүлікті (ақшадан басқа) жария ету рәсімі бұрын тіркелмеген мүлікті (үйді, ғимаратты және т.б.) жария ету жөніндегі комиссияға бір өтініш беру арқылы жеңілдетілген тәртіпте тіркеуге не тіркеу деректерін (жер учаскесінің нысаналы мақсаты және т.б.) өзгертуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден,ақшаны жария ету тетігі оны жинақ шотына (депозитке) есептеу қажеттілігін көздейді, бұл осынша ақша бойынша сыйақы алудың мүмкіндігін тудырады.

Бесіншіден,ақша депозитке салынған (аударылған) күннен бастап күнтізбелік алпыс ай ішінде алынбаса және басқа шотқа аударылмаса, жария ету субъектісінде мүлікті жария еткені үшін алымды төлеу міндеті туындамайды.

Алтыншыдан,жария ету субъектілеріне осы акция барысында алынатын мәліметтер құпиялылығының сақталатындығына кепілдік беріледі.

Жетіншіден,жария ету субъектілері заң талаптарына сәйкес келетін мүліктің жария етілуіне байланысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен, сондайақ, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңына сай дәйексіз декларациялар мен мәліметтерді ұсынғаны немесе толық ұсынбағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылудан босатылады.

Осы және өзге де мүлікті жария етуге қатысты жағдаяттарды бүгешігесіне дейін түсіндіріп, толыққанды ақпараттарымен бөліскен мамандар соңынан журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

 

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз