Мәңгілік елдің мұраты биік

hello html m69ad8e33 Жаңалықтар

Ғалымдардың пайымдауынша, Орхон-Енисей жазбаларында қайталанатын «Түркі елі» деген сөздің қазіргіше баламасы «Мәңгілік ел»  «Вечный эль» танымы Л.Гумилев еңбектерінде де жиі қайталанады. Кейбір ғалымдар «Моңғол сөзінің  төркіні  – Мәңгі  ел» деп жүр. Демек, кезінде әлемнің жарты бөлігін иемденіп, өз өктемдігінде ұстаған ержүрек ата-бабаларымыз өз елін «Мәңгі елге» балаған. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы» деген сөздері баршамызды толғанысқа бөлейді.

hello_html_m69ad8e33

Қазақ – генетикалық тұрғыда ең таза ұлт

Алдымен, тарихи факторды алға тартсақ: 2014 жылы Америка Құрама Штаттарының Географиялық қоғамы – бірнеше ғылыми-зерттеу институттарының басын біріктіріп, өз елінің ішкі-сыртқы саясаты туралы ұсыныстар жасап отыратын бұл ұйым әлемдегі барлық ұлт өкілдерінің генетикалық кодын зерделеген. Сонда олар бірінші орынды – қазақтар, екінші орынды – Куба, үшінші орынды Бразилия, төртінші  орынды Испания мен Италия бөліскенін хабарлаған.

Ал, Оңтүстік Корея ғалымдары 1978 жылы «ең таза қан – қазақтардікі» деген. Ол кезде «қазақ» деген халық бар екенін ешкім білмейтін де еді.

Әрине, қан құрамының тазалығы – тектіліктің негізі. Ол  қайдан шыққан десек, алдымен айтарымыз, қазақтардың 7 атадан беріде қыз алыспау дәстүрі. Осы бір дәстүрді зерттей, зерделей келе, біздің қазақтың, шынында, 7 ата емес, 14 атадан беріде қыз алыспайтынын байқаймыз. Оны қазақтардың 14 атаға дейін тарайтын ұрпақтарының атауы дәлелдеп отыр.

Демек, әр ұрпақтың арасы орташа 25-30 жыл деп есептесек, бүгінде бірге туған адамның 14-ші ұрпағымен ортада 350-400 жыл өтеді екен. Бұл уақытта, әрине, қан тазарады, ұрпақ асылданады.

Көршілерден көп үйренген халықпыз

Тарихи фактордың үшіншісі – қазақ этногезінің, яғни ұлтымыздың генеологиялық құрамының әрқилылығында жатыр. Қазақстан екі үлкен құрлықтың, екі үлкен мемлекеттің арасына орналасқан. Сөйтіп, сол екі құрлық пен екі елдің өркениетін бойына сіңірген. Екі мемлекетке де әрі үмітпен, әрі күдікпен қарап, бірде алданып, бірде қорғанып, бірде арқасынан қағып, бірде бойын аулақ салып өмір сүрген. Әлі де сол саясатты ұстанудамыз. Солардың жақсысын төкпей, жаманын екшей жүріп,  ұлылығынан үлгі алып келеміз.

Еліміз, сонымен қатар, тек екі құрлықтың, екі алпауыт мемлекеттің ортасында ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы Жібек  жолының бойына орналасқан. Жібек жолының керуен тасқыны бізге тауар ғана емес, жүздеген елдің мәдениетін, тілін, дінін, өнерін, кәсібін, өркениетін әкелді. Жібек жолының бойындағы көптеген ұлттар сол өркениетке жұтылып кетті. Ассимиляцияға ұшырады. Ал, біз – ұлтымызды, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қана қоймай, көрші елдің де, көрген елдің де жақсы қасиетін бойына сіңіре білген ұлтпыз.

2015 жылы Қазақстанның бірнеше  ғылыми-зерттеу институттары бірігіп қазақтың ұлттық генезисі туралы кітап шығарған. Онда ұлттың генеологиялық құрамын, басқаша айтқанда қазақ халқының бойындағы бар жақсылық қасиеттердің қайдан құралып, қалайша пайда болғанын былайша сипаттайды:

– 25%-ы азиялықтардан тараған бірбеткейлік, жеңіске ұмтылушылық, табандылық, төзімділік пен шыдамдылық;

–  25%-ы Еуропадан алған жақсы өмір сүруге ұмтылу;

– 25%-ы Таяу Шығыстан сіңген ислам мәдениеті, діншілдік пен бағынушылық;

– Ал, қалған 25%-ы көне түркілерден біздің заманға жеткен салт-дәстүрімізді ардақтау.

Демек, біз көршілерден көп үйренген дана халықпыз.

Әдеби мұрамыз ұлылықты бейнелейді

Біз – әуелден ел бірлігін, татулық пен достықты ту қылып ұстанған халықпыз. Жазатайым үйге кіріп кеткен жыланды таяқпен ұрып, қуып шықпай, әспеттеп, құрметтеп, басына ақ құйып шығарып салатын  дәстүр бізден басқа еш елде жоқ шығар. Бұл қасиет еліміздің өмір сүру дағдысынан, жаратылыс-болмысынан  туындаған.

Тарихымызға тағы бір оралсақ, өткен кезеңде суы сүт, жағасы балқаймақ, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманды аңсаған ұлы ғұлама Асан қайғы желмаяға мініп, ел аралапты. Жерұйықты іздепті. «Жерұйық» – «Мәңгілік елдің» алғашқы формасы, Қазақ мемлекеттілігінің  жетекші ұлттық идеясы болатын. Біріншіден, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалауы» үшін, сол қоғамның адамдары ғана емес, жануарлары мен жәндіктері бір-бірімен тату болуы керек. Екіншіден, Жерұйық – «ұю»  деген сөзден шыққан.  Ұю үшін – татулық, достық, келісім керек.

Енді, Мәңгілік ел болуымыздың рухани факторына келсек, біздің рухани мұрамыздың  аса молдығы  барша жұртты таңғалдырады. Қазақ – нағыз шығармашыл ұлт. Біздегідей ертегілері, аңыздары, әпсаналары, эпостары мен лиро эпостары, батырлар жыры мен махаббат жырлары, ән-күйі, мақал-мәтел, жаңылтпаштары, өсиет-баталары, жұмбақтары, алғыстары орасан көп ел жер шарынан табылмасы хақ. Сан ғасыр бойы екшеліп, адамгершіліктің көрінісіне айналған салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың өзі бір мектеп. Суырыпсалма айтыс өнерінің қазақтан басқа еш елден, еш жерден кездеспейтіні де біздің рухани қуатымыздың орасан екенінің дәлелі.

Демек, соншалық рухани қазына жасақтай білген, оны ұрпақ ойына сіңіре білген ұлттың болашағы зор.

           Абат  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

 

Қазақтардың 14 атаға дейін тарайтын ұрпақтарының атауы:

Ата;

Әке;

Бала;

Немере;

Нементай;

Немене;

Шөбере;

Шөпшек;

Жекжат;

Жұрағат;

Жүрежат;

Туажат;

Тумайжат.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз